Қазақстан • 27 Қараша, 2017

Тәуелсіздіктің 18 миллион тірегі

464 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Егемен болмай ел болмас» деген. Ғасырға жуық уақыт десі басым державаның дегенімен жүрген елдің демографиялық ахуалы қайдан оңсын?! Ал бүгінде халық саны бұрын-соңды болмаған деңгейде өскені, атыңнан айналайын, азаттықтың арқасы екені хақ.  

Тәуелсіздіктің 18 миллион тірегі

Дауыл алдындағы 6 миллион

Қабырғадан қан кештірген қан қасап соғысты да, аштықты да, қуғын-сүргінді де көрдік. Тек тәуелсіздіктің таңы атқаннан кейін ғана қазақтың аздап мұр­ты майланып, бесік тербеген ана­­лар көбейіп, елге ел қосыла бас­­тады. Өткен жазда жұмыр же­р­д­ің әр тарабында жүрген исі қазақ­­тың басын төр қаламызда түйі­с­тірген алқалы жиын өт­кені мәлім. Осы Дүниежүзі қазақ­тарының құрылтайында Елбасы Қазақстандағы халық саны 18 миллионға жеткенін жа­рия­лаған. Тәуелсіздіктің тор­қа­лы тойы иек астына келіп қал­­ған тұста егемен елдің ең бас­ты байлығы туралы әңгіме қозғамақпыз.

Баласының санын айтпаған аталарымыз сияқты қайталап айта беруге көз тиіп кетер деп жүрексінесің кейде. Бірақ 18 миллиондық меженің мән-ма­ңы­зын саралау да артықтық етпес. «Біреуді көріп бүкір бол, біреуді көріп шүкір бол» дей­ді бабаларымыз. 18 миллион кейбір елдер үшін аз болса, енді бір елдердің қол жеткізе алмай жүрген көрсеткіші екені түсінікті. Теріскейдегі ормандай орыс­пен салыстыруға келмес. «Байлар да жылайды» дегендей, ресейлік демограф-ғалымдардың өзі жыл сайын 1 миллионға азайып бара жатқандарын айтып еңірегенде етектері жасқа толады. Түстік­тегі өзбек ағайындар да бізден екі есеге жуық көп. Қоңсы қон­ған қырғыз бауырлардан көп екенбіз деп күпсіну де ар­тық болар. Қалай десек те, өт­кен ғасырда өткелектің сан түрін көрген, үш бірдей жұтта жұты­лып кетуге сәл-ақ қалған халық үшін бұл бөрікті аспанға атуға тұрарлық көрсеткіш.

Тарихқа шегініс жасап, де­мо­­графиялық ахуалдың қалай өрбі­геніне көз жүгіртіп көре­лік. 1897 жылы патша өкі­меті жүр­гізген санаққа сенсек, қазақ­тың саны 4,3 миллион бол­ған екен. Арада жиырма жылға жет­пей­тін уақытта қазе­кең бір жарым есе көбейіп, 5,5 мил­лионнан асып түсіпті. Ахмет Бай­тұр­сын­ұлының: «Әлхам­дулил­ла, 6 миллион қазақпыз» дейтіні осы тұс.

Демографияның жілігін шақ­қан марқұм Мақаш Тәтімов айт­қандай, сол бетімен қазақ аман болып, табиғи жолмен өсе берсе, тоқсаныншы жылдардың өзінде 20 миллионға жуықтап қалар ма едік?! Алайда адамның дегені болмайды. Ел басына қара бұлт үйіріліп, қайғылы тағдыр кешкен кезең басталды. 1921-1922 жылдардағы Еділ бойындағы ашаршылықтың зардабы жетті. 6 миллион қазақ осылайша ойсырай бастады. 1931-1932-нің нәубетінде халықтың жартысына жуығы аштан қырылды, басқа елге бас сауғалады. 1897 жылғы санақтан алыстаған сайын қазақтың саны кеміген үстіне кеми бергенін 1939 жылғы Сталиннің нұсқауымен жүргізілген санақтың нәтижесі де айғақтайды. Жарты ғасырға жетпейтін уақытта қазақтар екі еседен астамға азайып, 2,3 мил­лион ғана қалыпты.

Одан кейін де елдің аузынан ақ май аққаны шамалы. ІІ жа­һан­дық соғыста орыс­тар мен украиндардан кейін­гі боз­дақтарынан ең көп айы­ры­лған халық тағы да қазақ. Ұлты­мыз­дың жоқ-жітігін тү­ген­дей­мін деп талай құнды мәлі­мет­ті қазған Камал Смай­лов­тың дерек­теріне сүйенсек, соғыс шебі­не кеткен жарты миллионға жуық боз­­дақтың 350 мыңы майдан д­ала­сын­да опат болыпты. Бұл – хал­ық­тың төрттен бір бөлі­гі. Ең ең­­бек­ке жарамды, теп­се темір үзе­тін, отбасының тіре­гі болатын бөлігі. Қысқасы, Ахаң – Ахмет Бай­тұр­сыновтың аузынан шық­қан көрсеткіштің жартысына да жетпейтін адам қалды.

Қоныс аударудың құқайы

Енді жергілікті халықтың саны азайған үстіне азайып жатқанда қазақ сахарасына қоныс аударғандар туралы айтып өтелік. 30-жылдардан бастап «өлі өлкені оятамыз, өнеркәсіпті ұшпаққа шығарамыз» деп мыңдаған жұмысшы ағылғаны мәлім. Осылайша, ірі құрылыстар мен индустрия ошақтарына келгендердің саны 1 миллион­ға жуықтайды. 1937 жылы Қиыр Шығыстан 95 мың корей Сыр бойы мен Жетісуға жерсіндірілді. Екінші жаһандық соғыстың алдында 10 мыңнан астам поляк келсе, соғыс бас­талысымен Еділ бойындағы 1 миллионнан астам немістің 400 мыңы Қазақстанға жер аударылды. Бас-аяғы бірнеше жыл ішінде жер ауып келген қалмақ, қарашай, қырым татары, балқар, чешен, ингуш, грек, грузин-месхет, түріктердің жалпы саны жарты миллионға жуықтайды.

Бұл үдеріс елуінші жылы жаңаша қарқын алды. 1953-65 жылдар аралығында басым бөлігін орыс, украин ұлтының өкілдері құрайтын 2 миллионнан астам адам келген кезде қазақтар өз жерінде аз ұлтқа айналған болатын. Қолда бар деректерге қарасақ, республикадағы қазақтардың үлесі 29,3 пайызды құрап, үштен бір бөлігіне де жетпей қалған екен.

Егемендіктің елең-алаңында демо­графиялық ахуал гүлденіп кете қойған жоқ. Алғашқы он жылда біраз ұлт өкілдерінің тарихи отан­дарына көшуі, туу деңгейі­нің төмендеуі, өтпелі кезеңдегі әлеу­меттік жағдайдың күрделенуі сынды құбылыстардың кесірінен 1,6 мил­лионға кемідік. Экономика тұрақ­талып, әлеуметтік жағ­дай оңал­ғаннан кейін ғана демо­графиялық ілгерілеу бас­талған. Жалпы, ХХ ғасырда қиын­дықтан көз ашпаған қазақ жаңа ғасырды жақсы бастаған сыңайлы. Статистикалық агент­тіктің деректеріне сүйенсек, 2002 жылдан бастап ілгерілеу байқалса, 2004 жылы baby boom басталыпты. Ширек ғасыр бұрын елімізде жыл сайын 200 мың сәби туса, ғасыр соңында бұл көрсеткіш 227 мыңға өскен. Ал 2004 жылдан бастап ол 400 мыңнан төмендеп көрген емес.

Елбасы 2014 жылдың жазында Ұлы­тауда берген сұхбатында «Тәу­ел­­сіздік жариялаған кезде Қазақ­стан­дағы қазақтың үлесі 40 пайыз бола­тын. Басқалар «Сендер азсыңдар мына мемлекетте, қайдағы тәуелсіздік сен­дерге?» деп айтпайтын ба еді. Дегенмен, елге соның бәрін түсіндіріп, күресе жүріп, тәуел­сіздік жария­ладық. Қазір қазақ­тардың саны 65 пайызға жетті. 4 милллиондай қосы­лып, 17 миллионнан астық» дегені есі­мізде. Президент сөзіне қара­­саңыз, тәуелсіздіктің басты ті­регі сол елдің халқы деген тү­йін беки түсері хақ.

Ел басына екіталай күн туған­да басқа жаққа бас сауға­лауға мәж­бүр болған, шекара шиыр­ланғанда атамекені ала баған­ның арғы жағында қа­лып қойған қандас­тары­мыз­дың Қазақстанға оралуы да де­мо­графиялық дүмпуге дем берген факторлардың бірі деуге болады. «Елге ел қосылса – құт» деген қағиданың қадіріне тәуелсіздік­тен кейін тағы бір көз жеткіздік. Сөз жоқ, тарыдай шашырап кеткен ағайынның атамекенде бас бірік­тіруінің маңызы ерекше. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында:

– Мың өліп, мың тірілген қазақ өркендеп, қайта өсіп келеді. Қазір 5 миллионнан астам қандасымыз шет мем­ле­кеттерде тұрып жатыр. Біз тәуелсіздік жылдарын­да алыстағы ағайынды қолдауды естен шығарған емеспіз. Шетел­ден 1 миллионға жуық қазақты елге көшіріп алып, қолдан келер барлық көмегімізді жасадық. Бүгінде бауырларымыз Қазақ­станның азаматы атанып, ел дамуына үлестерін қосуда. Сонымен бірге ағайындар демо­графиялық жағдай жақ­сарып, халық санының өсуіне ерекше ықпал етті. 1991 жылы қазақтардың үлесі 40 пайыздай болса, қазір 70 пайыздан астық,– деген болатын.

Көрсеткішке көз тимесін

Статистика комитетінің соңғы деректеріне сүйенсек, биылғы жылдың 1 қазанында еліміздегі халық саны 18 миллион 96,9 мың адамды құрапты. Жыл басынан 293 мыңнан астам сәби өмір есігін ашқан екен. Сөйтіп, халық саны өткен жылмен салыстырғанда 231,3 мың адамға немесе 1,3 пайызға арт­қан. Жергілікті халықтың үлесі 70 пайыздан асып түске­нін де айта кетейік. Көз тимесін деп түкіріп қоюға тұратын көрсеткіш.

Ата Заңымызда айшық­талғандай, еліміздің ең басты байлығы – аза­­маттары. Бүгінгі заманның жа­һандық талабы­на салсаңыз да, елдің көсеге­сін көгертетін басты капиталы алтын-күмісі, мұнай-газы, мыс-мырышы, көмірі мен темірі емес – халқы, азаматтарының ақыл-ойы, интеллектуалдық капиталы. Хал­қының қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, экономикасы дамыған елдердің өзі демографиялық ахуалға алаңдап, бала туу көрсеткішін көтеруге тырысып жатқаны тегін емес.

Елімізде ең көп қойылған есім­дердің тізімін кездейсоқ көзіміз шалып қалғаны бар. Қарап отырсақ, соңғы бірне­ше жылдың бедерінде Әлихан, Ерасыл, Айсұлтан, Нұрислам, Ай­зере, Айша сынды есімдер көш бас­тап келеді екен. Шы­нын­да, қазір әр аулада асыр салып жүрген кішкендай Әлихандар мен Айзерелерді міндетті түрде кездестіресіз. Түтініміз түзу ұшып, тәуелсіз елдің Әлихан, Айзерелері көбейе бергей.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан».