Қазақстан • 27 Қараша, 2017

Алаш идеясы – тәуелсіздік мұраты

1061 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен аптаның жұма күні Астана қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің мәжіліс залында «Алаш» қозғалысы мен Алашорда үкіметінің 100 жылдық даталы мерекесіне орай «Алаш − қазақтың ұлттық тұтастық идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. 

Алаш идеясы – тәуелсіздік мұраты

Азаттықтың асыл арқауы

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2008 жылы Астана қаласының 10 жылдық мерейтойына байланысты елорда төрінде өткен салтанатты жиында: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасауды өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққан, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында осындай зиялы қауымның қалыптасуында ұрпақтар эстафетасы сияқты сипат болды» деп, алаштықтардың ұлы мұратына тарихи баға берген болатын.

Бұл конференцияда Елбасы айт­қандай, тәуелсіздікті мұрат тұтқан Алаш идеясы жан-жақты сарапталып, Алаш мұраты – қазіргі тәуелсіз қазақ елінің мемлекетшілдік мүддесінің үзілмей жалғасқан асыл арқауы деген баға берілді.

Маңызды басқосуды ашып, ғылыми-тәжірибелік конфе­рен­цияның мақсатын таныс­тырған Ұлттық музей директорының мін­детін атқарушы, тарих ғылым­дары­ның докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов мырза жоғарыда бе­рілген бағаны қуаттай келе, расында ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамын отарлық езгіден азат ету амал­дарын іздестіріп, мемлекеттік тәуелсіз­дік алудың жолдарын көрсетудегі еңбегін сөзбен жеткізу мүмкін емес, деді.

Әрине, Алаш қайраткерлерінің жолы өте қиын да, күрделі күрес жолы-тын. Бұлар бастарына төніп тұрған қатерді біле отырып, алған бағыттарынан қайтпады. Олар әу бастан, тәуелсіз ұлттық автономия құруды жоспарлады және төңкеріс негізінде құрылған Кеңес өкіметін мойындамады, оны заңсыз деп есептеді.

Танымал тарихшы Мәмбет Қой­гелдиев жазғандай, Алаш қайрат­керлері қазақ елінің сан ғасыр­лық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін революциялық әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды эволюциялық жолмен, басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көздеді. Алаштықтар ұстанған осы бағыт Қазақ елін өзін-өзі билеуге, сөйтіп өзінің ішкі қоғамдық мәсе­лелерін өзі шешуге, өз атаме­кеніне өзі ие болуға жетелейтін дұрыс жол еді. Бірақ іске аспады...

Осы бір қастерлі миссия Қазақ­станның тәуелсіздік алуының арқасында орындалып, бұған дейін жабық есік, жабулы қазан күйін кешіп келген Алаш тақырыбы азаттықтың алғашқы аңсар-мұраты ретінде тарихтан өз бағасын енді алып жатыр.

Осы орайда, жиында сөз алған баяндамашылардың бірі Берік Әбдіғалидың, қазіргі таңда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тұтас ұлттық, елдік ұстынға айналған «Мәңгілік Ел» идеясы, сонымен қатар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған бағыттар, 100 жыл бұрынғы Алаш идеясының заман талабына сай жаңғырған, жаңаша көзқараспен пайымдалған заңды жалғасы деп түсінген дұрыс деген пайымына біздің ешқандай алып, қосарымыз жоқ.

Жақсылардың көзіндей жәдігерлер

Мәртебелі жиынның сәнін кіргіз­ген келесі бір дүние  Ұлттық музейдің экспозиция бөлімі мен Президент мұрағаты бірлесіп Алаш тақырыбына қатысты құнды құжаттар мен заттық бұйымдар көрмесін ұйымдастыруы.

Құжат көрмесі сегіз тақырыптық жоспарға құрылыпты. Алғашқысына, Алаш партиясының құрылу тарихына қатысты құжаттар жиынтығы орналастырылса, келесі бөлімдерде, Алаш қайраткерлеріне қатысты дүние­лер, атап айтқанда, арыстардың отбасы­лық фотолары, қолжазбалары, еңбек­тері және олар тұтынған бұйымдар орналасқан.

Бұл арадан: 1911-1915 жылы Троицк қаласында басында айына бір рет, кейін айына екі рет, екі мың данамен 88 нөмірі жарық көрген «Айқап» журналының мұқабасы, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың өмірбаяны жа­зыл­ған парақ, Міржақып Дулатов­тың «Оян, қазақ» кітабының көшір­месі, Жүсіпбек Аймауытов пен Халел Дос­мұ­хамедовтың «Ақ жол» газетінде жарық көрген мақалалары, Тұрар Рыс­құловтың Түркістан АССР ОКА мәжі­лісінде «Ашаршылықпен күрес үшін қаржы бөлу туралы» жасаған баяндамасы, Мұстафа Шоқай мен Әлімхан Ермекұлының қолжазбасы қатарлы құнды жәдігерлерді көрдік. Бұл дүниелер жақсының көзіндей ыстық тартты.

Сонымен қатар көрменің заттық бұйымдар орналасқан бөлігінде, Алаш мөрі, Алаш бланкісі және Алаш атты әскерінің «Начальникъ нестре­вой команды 1-го Алашского степ­ного конного полка» деген мәтін таң­баланған мөрі, ақын Мағжан Жұма­баев қолданған портфель, Мұхтар Әуезов пайдаланған тоғызқұмалақ тақтасы, Сәкен Сейфуллиннің шапаны, көп жыл Қарағанды қаласында өмір сүрген, Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков атамыздың қол сағаты, көз­әйнегі, сызғышы, т.б. тарихи жәді­герлер қойылыпты.

* * *

Конференцияға жиналған қауым түске дейін алаштанушы ғалымдар: семейлік Тұрдығұл Шаңбай, Л.Н.Гу­милев атындағы ЕҰУ-дің доценті Ерлан Сайлаубай, ҰҒА корреспондент-мүшелері Амантай Шәріп пен Шеру­бай Құрманбайұлы қатарлы оқы­мыстылардың бағалы пікіріне құлақ түр­се, түстен кейін секциялық мәжіліс­терге бөлініп, басқосуды сәтті аяқтады.

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан».