Театр • 28 Қараша, 2017

Екі театрымыз Еуропаны аралайды

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің Мәдениет және спорт мини­стр­лігі Еуропаның барлық қала­ла­рына үлкен тур ұйымдастырмақ. 

Екі театрымыз Еуропаны аралайды

Соның аясында бес музыкалық спектакль көр­сетіледі. Бұл туралы Орталық коммуни­кациялар қызметінде өткен баспасөз мәс­лихаты барысында Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова, «Astana Musical» музыкалық театрының көр­кемдік же­тек­шісі, «Қазақконцерт» мем­лекеттік мекемесінің бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, Мемлекеттік акаде­мия­лық неміс драма театрының директоры Наталья Дубс толығырақ мәлімдеді. 

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Astana Musical» театрының, Мем­ле­кеттік академиялық неміс драма театрының әрт­іс­тері және «Қазақконцерт» мемлекеттік меке­ме­­сінің ұжымы 2017 жылдың желтоқсанында Еуропа бойынша үлкен тур өткізеді. Бұл турдың бағыты Берлин (Германия) – Париж (Франция) – Вена (Аустрия) – Брюссель (Бельгия) – Мәскеу (Ресей) сияқты ірі мәдени астаналарды қамтиды.

«Біздің әртістеріміздің қойылымдары өнері­міз­дің бәсекеге қабілеттілігін және әлемдік мә­де­ниет саласындағы біздің ашықтығымызды айқын көрсетеді. Еуропаның бес астанасында «Ұлы дала театры» экскурсиясы шеңберінде «Astana Musical» музыкалық театры мен Республикалық неміс академиялық театры қазақстандық өнерді заманауи үлгіде таныстыруға және әлемдік театрлық үдерістерге төтеп беруге мүмкіндік бере­ді», деп атап өтті Мәдениет және спорт вице-ми­ни­стрі Ақтоты Райымқұлова.

Неміс театрының труппасы еуропалық ауди­то­рияға Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» драма­сы­ның жаңа, инновациялық нұсқасын ұсынады.

«Біз үшін Еуропадағы қойылым өте маңызды. Ал, аталмыш туындыға бар махаббатымызды, қиялымыз бен талантымызды жұмсадық, сондықтан бұл өте ерекше және бір мезгілде өте беделді болады деп күтеміз», деді Мемлекеттік академиялық неміс драма театрының директоры Наталья Дубс.

«Astana Musical» театрының көркемдік жетекшісі Асхат Маемиров Еуропа туры 3 желтоқсанда Берлинде басталып, 14 желтоқсан күні Ресейде аяқталатынын жеткізді.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»