Қазақстан • 28 Қараша, 2017

Олжас Сүлейменов Жапонияның «Күншығыс елі» орденімен марапатталды

622 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қоғам қайраткері, «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыс президенті Олжас Сүлейменов Жапонияның «Күншығыс елі, гүлөрнекті Алтын шуақ» орденімен марапатталды. 

Олжас Сүлейменов Жапонияның «Күншығыс елі» орденімен марапатталды

Салтанатты рәсімге Жапонияның Қазақстандағы елшісі Итиро Кабавата, еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қатысты. Құттықтау сөзінде И.Кабавата Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағаныа 25 жыл толғанымен құттықтап, бейбітшілік пен ядролық қаруды таратпау жөнінде екі елдің әріптестік орнатқанын атап өтті. 

«Биыл Жапония мен Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелері ретінде бейбітшілік пен халықаралық қауымдастықтың қауіпсіздігі жолында бірлесе қызмет атқарып келеді. Ядролық қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау Қазақстан мен Жапония қатынастарының негізі бағыты. Сондықтан Жапония «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың президенті Олжас Сүлейменовті ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастық арқылы екі ел арасындағы достық қатынастардың дамуына зор үлес қосқаны үшін «Күншығыс елі, гүлөрнекті Алтын шуақ» орденімен марапаттады», деді И.Кабавата.

Елшінің айтуынша, екі ел арасындағы байланыс нығайып келеді. Мәселен, Астанада өткен "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне Жапония тарапы белсене қатысты. Сондай-ақ, елімізде Күн шығыс елінің мәдениеті кеңінен таныстырылды. Мәселен, "Қалампыр" телехикаясы қазақ тілінде көрерменге жол тартып, "Ақтастағы Ахико" қойылымы халық назарына ұсынылды. 

Өз кезегінде Олжас Сүлейменов Жапонияға деген шексіз құрметін жеткізді.

«Мен Жапония елшіліктерінің көптеген қабылдауларында болдым. Ал бүгін бірінші рет орденмен қайтқалы тұрмын. Жапонияға бірнеше рет сапармен бардым. Алғашқы сапарымнан бері бері жапон халқын, жапон мәдениетін, зияткерлік және рухани әлеуетін ерекше құрметтеймін», деді Олжас Сүлейменов.

Салтанатты шара Жапон императоры Ахикитоның туған күніне орай Жапония елшілігі тарапынан ұйымдастырылды. «Күншығыс елі, гүлөрнекті Алтын шуақ» ордені 1875 жылдан бері азаматтық және әскери қызметі үшін табысталатын марапат. Орден Жапониядағы ең үздік үш марапаттың қатарына жатады. 

Олжас Сүлейменов - Жапонияның марапатын алған үшінші қазақстандық. Бұған дейін 2008 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Үлкен лентадағы Хризантема орденімен» марапатталса, 2006 жылы - Қазақстандағы жапон тұтқындардың зиратын іздеумен айналысқан тарихшы Асқанбек Алданазаров «Күншығыс, Алтын шуақ орденінің» иесі атанды.