29 Қараша, 2017

Қылмыс пен жаза

3595 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда эконо­ми­ка­лық қылмыс, оның ішін­де сыбайлас жемқорлық мәселеле­рі ­өзекті күйде қалып отыр. Trans­parency International атты­ беделді халықаралық қор сарапшыларының пікірінше, елде сыбайлас жемқор­лыққа тосқауыл қою мақсатында тиісті шаралар жүйелі түрде қолға алынуы қажет.

Қылмыс пен жаза

Жалпы, бұл індетке қарсы заң қабыл­даудан да, Үкіметтік отырыс­тар мен жаһандық жиындар өткізу­ден кенде емеспіз. Бірақ сыбайлас жемқорлықтың тамырына түбегейлі балта шабылды деуге әлі ертерек.

Қылмыстың ең ауыр түрі – эконо­микалық қылмыс, оның ішінде сыбайлас жемқорлық. Соған сәйкес бұл қылмысқа қарсы қолданылатын жаза да қатал болуға тиіс. Осыдан бірнеше жыл бұрын іссапармен Қытайда болғанда, Шанхай қаласында салынған биік қос мұнараның біреуін сырт көзден қалқалап, көк жамылғымен жауып тас­тапты. Біз жол бастаушымыздан мұның себебін сұрағанымызда, бұл құрылыс нысанында өрт болғанын, өрт кезінде автоматты түрде іске қосылып, су шашатын жүйенің істемей қалғандығын айтты. Тексере келгенде, өрт болғанда су шашатын бұл жүйеге бөлінген ақ­шаның құрылыс нысанын салу барысында жемқорлықтың құрбаны болғаны анықталып, оған қатысты ұйымдардың жеті лауазымды басшысы тұтқындалып, екеуі өлім жазасына кесіліпті. Өте ауыр жаза екен деп, біз жағамызды ұстадық. Бірақ басқа қырынан алып қарағанда, біржарым миллиардқа жуық халқы бар мемлекет үшін адамзатпен қоса жасасып келе жатқан, өркениетті дамыған елдердің өзі «тамырына балта шаба алмай» отырған сыбайлас жемқорлықпен басқаша қандай тиімді күрес жолы бар?

Қылмысқа тосқауыл қою жолы – жаза. Тура жолдан тайып, қоғамға қиянат жасағандарды түзеудің, шектен шыққан тәртіп бұзушылықты ауыздықтаудың басқа тиімді жолын адамзат әлі ойлап тапқан жоқ. Ендеше еліміздің ертеңіне қауіп төндіріп, күннен-күнге өршіп бара жатқан сыбайлас жемқорлықтың жазасын күшейту керек еді. Осыдан екі-үш жыл бұрын Парламент Қылмыстық кодекстің 10-шы бабына өзгерістер мен толықтырулар қабылдады. Онда экономикалық қылмыс жасағандардың жазасы біршама жеңілдетілді. Яғни бұл саладағы кейбір қылмыс түрлері бойынша бас бостандығынан айыру жазасы үлкен көлемде айыппұл салу жазасымен ауыстырылды. «Түйені түгімен» жұтатын жемқорлар үшін бұл «аспаннан сұрағанды жерден бергенмен» бірдей болды. Мәселен, осы заң қабылдануы мұң екен, өте көп көлемде пара алып, қылмыстық жазаға тартылған Қазақстан Республикасы Табиғи монополияны реттеу жөніндегі агенттіктің бұрынғы төрағасы Мұрат Оспанов сот шешімімен 1 миллиард 101 миллион теңгеден астам айыппұл төлеп, жазадан босап шыға келді.

Ол – ол ма, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, миллион АҚШ доллары көлемінде пара алып жатқан жерінде ұсталған Василий Ни деген жақында қазақстандық сот шешімімен «сүттен ақ, судан таза» болып шыға келді. Еске сала кететін болсақ, өткен жылы «Қорғас» Шекаралық ынтымақ­тастықтың халықаралық орта­лы­ғы» акционерлік қоғамының пре­зиденті Василий Ни «Тюлпан Хоргос» ЖШС-нен қонақ кешенінің құрылысы бойынша өткізілген инвес­тициялық конкурста жеңімпаз деп танығаны үшін миллион доллар пара алып жатқан жерінде тұтқындалған болатын. В.Нидің кеңсесінен тәркілеген тау-тау ақшаны теледидар арқылы көзімен көрген жұрт қалай да «әділдіктің салтанат құра­тынына» тәнті болғандай еді. Міне, енді сол қылмыстық іс тоқта­тылып, «жабулы қазан, жабулы күйінде» қалатын болды.

«Мал құлағы саңырау» дегендей, жоғарыда айтылған заңда өте үлкен көлемде пара алған немесе аса мол қар­жы қымқырған қылмыскерлерге сот ше­шімімен салынған айыппұлдарды төлеу үшін әртүрлі жеңілдіктер де қарастырылған екен. Прокуратура дерек­тері бойынша, 2015 жылы мұн­дай жеңілдіктер қылмыстық жазаға тартыл­ған 14 адамға қолданылыпты. Мәселен, Б. деген жазаланушы сот шешімімен кесілген миллиондаған айыппұлды бөліп төлеу үшін бірнеше ай мерзімге жеңілдік алған.

Тура жолдан тайып, ағаттықпен қылмыс жасаған айыпталушыларға жеңілдікпен қарап, кешірім жасауға болатын шығар. Бірақ, қоғам игілігіне қол салып, туған мемлекетін тонаған жемқорларға жеңілдік болмауға тиіс. Олар мемлекетті саналы түрде тонау арқылы оның экономикалық іргетасын шайқалтып, тәуелсіз елдің ертеңіне балта шауып отыр. Сондықтан оларды ауыздықтау үшін жазаны күшейту керек. Әйтпесе, қоғамымыздың барлық саласын және биліктің барлық тармағын жайлап алған сыбайлас жемқорлық түптің-түбінде жарға жығады.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»