Аймақтар • 30 Қараша, 2017

Павлодарда бір күнде 432 отбасы баспаналы болды

267 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығында жаңадан салынып жатқан  «Сарыарқа» шағын ауданында 3 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жарқыраған жаңа үйлер еліміздегі  «Өңірлерді дамыту-2020» және «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерді. Әкімдіктің хабарынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биік үйлерді «Project City Group» ЖШС салған, құрылыс құны 3,4 млрд теңге. Жалдау құны бір шаршы метрі – 1110 теңге. 

Павлодарда бір күнде 432 отбасы баспаналы болды

«Қуанышымызда шек жоқ. Құрылысшылар сіздер рахмет! Мерекелер құтты болсын», дейді  пәтер кілтін алған Татьяна Клочкова.

Ал,  Айгүл Баударбекованың отбасы 20 жыл бойы ескі үйде тұрыпты.

«Жаңа үй – жақсы өмір бастауы. Құрылысшыларға алғысымыз шексіз! Еліміздің  маңызды мерекелері қарсаңында  пәтер алу- қуаныш», дейді тіс дәрігері Сағындық Жәметов.

Пәтер кілттерін алған тұрғындарды облыс әкімі Болат Бақауов құттықтады.

Облыс орталығында биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен жаңа үйлердің құрылысы 128 мың шаршы метрге жетіпті. Қазір  «Сарыарқа» шағын ауданында тағы  да 8 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұдан кейін «Достық» аталатын шағын ауданның құрылысы басталамақшы.

Жыл соңына дейін тағы  екі тұрғын үй беріліп, 250-ден астам отбасы пәтер кілттеріне ие болмақшы.

Фарида Бықай

«Егемен Қазақстан»

Павлодар

Суретті түсірген: Валерий Бугаев