Қазақстан • 01 Желтоқсан, 2017

«Нұр Отан» партиясы жас таланттармен толықты

897 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай партияға қабылдау рәсімі өтті. Онда партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед өз саласында биік белестерді бағындырған талантты жас қазақстандықтарға партиялық билеттерін салтанатты жағдайда тапсырды.

«Нұр Отан» партиясы жас таланттармен толықты

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Елбасымыздың жас­тарды үнемі қолдап, олардың сапалы білім алуына және бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына барлық жағ­дайды жасап келе жатқанына назар аударды. Сондай-ақ ол тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырда жеткен жетістіктері мен бүкіл әлем таңдай қаққан табыстары Тұңғыш Президентіміздің ерең еңбегінің нәтижесі екенін айрықша атап өтті.

– «Нұр Отан» – Елбасының пар­тиясы. Сондықтан Мемлекет басшысының сая­сатын қолдай­тын, елін, жерін сүйетін, хал­қына адал қызмет еткісі келетін әрбір жас қазақстандық осы партияның қатарынан табылуы керек. Елбасы салған даңғыл жолдан жаңылмай жаһан көшінің алдынан көріну енді ел жастарының, яғни сіздердің абыройлы міндеттеріңіз, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сонымен қатар партия Төрағасының бірінші орынбасары талантты жастардың дәл Тұңғыш Президент күні қарсаңында партия мүшесі атануының маңызы зор екеніне тоқталып өтті.

– Дәл 1 желтоқсан күні бүкіл халық болып өзіміздің Тұңғыш Президентімізді сайладық. Содан бері Елбасымыз бізді биік белестер мен жарқын жеңістерге батыл бастап келеді. Сондықтан бұл күн барша қазақстандықтар үшін жалпыұлттық мереке. Осындай тарихи күн қарсаңында Елбасы партиясына өтуді жаңа шыңдарға бастайтын қадам деп білемін, – деген Мұхтар Құл-Мұхаммед жастарға алдағы өмірде тек сәттілік тіледі.
Партия мүшесі атанған жас­тардың қатарында белгілі әнші, айтыскер ақын Төреғали Төреәлі де бар. Жиынға қаты­су­шы­ларды Тұңғыш Президент күнімен құттық­таған ол «Нұр Отан» партиясының мүшесі атану зор мәртебе әрі үлкен жауап­кершілік екенін айтты.

Өз кезегінде бірнеше хит әндердің орын­дау­шысы Ерке Есмахан партия қатары­на өтуі туған күнімен тұспа-тұс келге­нін айтып, оны жақсылыққа жори­тынын жеткізді.

– Қазақстан тәуелсіздік жылдарында өнер саласында тамаша жетістіктерге қол жеткізді. Біз сияқты жас әншілер үшін де сапалы жұмыс істеуге барлық жағдай жасалды. Мұның бәрі Елбасымыздың жастарға деген қамқорлығы мен қолдауының оң нәтижесі, – дейді Е.Есмахан.

Бұлардан бөлек осы күні спортта ел намысын абыроймен қорғап жүрген жас азаматтар да партиялық билеттерін алды. Атап айтқанда, ауыр атлетикадан Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичева мен кәсіп­қой бокстан әлемнің экс-чемпионы Жанат Жақиянов жас нұротандықтардың қатарын толықтырды.

Сондай-ақ ғылым саласында орасан зор табыстарға қол жеткізген жас ғалым, «Техника мен технологияның дамуы­на қосқан үлесі үшін» Н.Тесла атын­дағы алтын медальмен, ғылым­дағы аса зор табыстары үшін Еуропалық Ғылым акаде­миясы президиумының Лейб­ниц атындағы медалімен марапат­талған Әуес­хан Оспанов, археоло­гияда өнімді еңбек етіп жүр­ген жас маман Айбар Қасе­налин, республикалық психиатрия, пси­хотерапия және наркология ғы­лыми-практикалық орталығының дәрігері Алуа Масалимова, Ақ­төбе облысы, Алға аудандық балалар үйі директорының орынбасары Вероника Власова, «Ауыл шаруашылығы саласындағы ең үздік жас маман» байқауының жеңімпазы Егемен Жұмағали, республикалық және халықаралық дебат турнирлерінің бірнеше дүр­кін жүлдегері Уәлихан Тұрарбек, жас кәсіпкер Нұрлан Қабыш­таев, «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасының қатысушысы Ахмет Магомедов, «Болашақ» бағ­дар­ламасының стипендиаты Жал­ғас Молжігіт, жас шахтер Нико­лай Алейников және жас ме­тал­лург Дмитрий Бобылев «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанды.

Іс-шара соңында партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед барша қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, жаңадан қабылданған жас партия мүшелері Елбасы бастамаларының табысты жүзеге асуына өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»