Қазақстан • 01 Желтоқсан, 2017

Әскерилердің пәтер мәселесі шешілетін болды

381 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен болған палатаның кезекті жалпы отырысында екі мәселе қаралды.

Әскерилердің пәтер мәселесі шешілетін болды

Бірінші мәселе Еуразиялық эконо­ми­калық одақтың Ке­ден кодексі туралы шартты рати­фи­кациялауға арналды. Заң жо­басы бойынша Ұлттық эконо­мика министрі Тимур Сүлей­менов баяндама жасап, сена­тор­ларға оның қаншалықты қажет­тігі туралы айтып берді. «Ке­ден кодексі халықаралық стан­дарт­тарға және кедендік әкімші­лен­дірудің озық тәжірибелеріне негізделді. Ол кедендегі бизнес процестерді автоматтандыруды көздейді. Біз бизнес қауымдастығымен өзара іс-қимыл жасаудың мүлдем жаңа алгоритмін енгіздік. Соның ішінде элек­тронды декларация­лау да бар. Бұл қан­дай да бір растау құжаттарын қоса беру­ді талап етпейді. Барлық қажетті мәлі­мет­тер декларацияның өзінде көрсеті­леді. Сонымен бірге «бір терезе» қағи­даты заң­ды түрде қамтылды. Міне, осы­­лар тауарларды автоматты түр­де шыға­руға мүмкіндік береді», деді министр. Сонымен бірге ми­нистрдің айтуынша, бұл заң жобасы декларация толтыру процесін жеңілдетеді жә­не сыбайлас жемқорлық туды­ру мүмкіндігін жояды. «Ке­ден кодексінің тағы бір жаңа­­шыл­­ды­ғы уәкілетті экономи­калық операторлар инс­ти­тутын жаңғырту болып табылады. Атап айтқанда, осындай мәртебенің үш дең­гейлі жүйесі енгізіліп, арнайы жеңіл­діктер тізімі кеңейтілген», деді Т.Сүлей­менов. 

Баяндама аяқталған соң сенатор На­риман Төреғалиев сұрақ беріп, заң жоба­сында ұлттық мүдделеріміздің қанша­лық­ты ескерілгенін және осы шарттың біздің еліміз үшін нақты тиімділігі қандай екен­ді­гін сұрады. «Ұлттық мүдде­ле­рімізді қорғау кодекс жоба­сын әзірлеу барысында біздің ең басты мақсатымыз болды. Осы мақсат үшін біздің министр­лікте айрықша жұмыс тобы құрылып, олар әрбір норманы, әрбір бапты мемлекеттік органдармен, ҮЕҰ және Кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, талқылап отырды. Сондықтан да қазақ­стан­дық тараптың түзетулері 67 пайызға дейін жетті, ал тиім­ділігі жөнінде айтатын бол­сақ, 2009 жылы жасалған бұ­­рын­ғы кодекс моральдық жә­не тех­никалық тұрғыдан ес­кірген еді, ал жаңа кодекс біз­дің тран­зиттік әлеуетімізді арт­ты­ра­тынына сенімдіміз», деді қойылған сұраққа жауап бер­ген министр. 

Қосымша баяндаманы Эко­номикалық саясат, иннова­ция­лық даму және кәсіп­керлік ко­митетінің мүшесі Михаил Борт­­ник жасады. Оның айтуынша, шарт­тың негізгі мақсаты Еуразиялық эконо­микалық одақ­та бірыңғай кедендік рет­теу­ді қамтамасыз ету болып та­былады. Сонымен қатар жаңа Кеден кодексі декларация не­гізінде толтырылған құжат­тар­ды кеден органына ұсынбай, электронды түрде беруді, тауарларды шығаруды декларация тіркелген сәттен бастап төрт сағаттың ішінде жүзеге асыруды және т.б. қамтамасыз етеді. Шағын талқылаудан кейін заң бірауыздан қабылданды.
Жалпы отырыста қаралған екінші мәселе – «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне тұрғын үй қа­тынастары мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірін­ші оқылымда қарауға арнал­ды. Заң жобасы туралы баян­даманы Қорғаныс минис­трінің орынбасары, гене­рал Талғат Мұхтаров жасады, өйт­кені құжат енгізетін өз­ге­­ріс­тер тұтасымен әскери қыз­­метшілерді баспанамен қам­­тамасыз ету мәселесіне ар­на­­лыпты. «Заң жобасының мақ­­саты – баспанаға мұқтаж әске­ри қызметшілердің бар­лық са­наттарын тұрғын үй­мен тү­­гелдей қамтамасыз ету жә­не оған қол жеткізудің келесі те­­тік­терін қарастырған: әскери қыз­метшілерге екінші деңгейдегі банктердегі жеке, арнаулы есепшотына ай сайын тұрғын үй төлемдері аударылып отырады. Оның мөлшері еліміздің аймақтарындағы тұрғын үй құнының 1 шаршы метрінің бағасын ескере отырып, отбасы мүшелерінің әрқайсысына 18 шаршы метрден есептеледі. Осы қаражатты әскери қызметкер ипотеканы пайдалана отырып, тек тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ тұрғын үй арендасын төлеуге, өзі тұрған баспананы кейіннен сатып алуға, үлес­керлікке немесе тұрғын үй құ­рылысы кооперативінің жар­насын төлеуге жұмсай ала­ды. Сондай-ақ тұрғын үй жағ­дайларын жақсартуға да пайда­лану мүмкіндігі бар. Соның ішінде тұрғын үйінің ауданын ке­ңейтуге мүмкіндік алады. Со­нымен қатар заң жобасы әс­ке­ри қыз­мет­шілердің тұрғын үй мәселесіне байла­нысты бас­қа да түйткілдерін таратуға ба­ғыт­талған. Соның ішінде 20 жыл­дан артық қызмет еткен әскери зейнет­керлердің тұрғын үй мә­се­лесін түбегейлі шешуді қарас­тырған», деді Т.Мұх­таров өзінің баяндамасында. 

Қосымша баяндаманы Ха­лық­аралық қатынастар, қорға­ныс және қауіпсіздік коми­те­тінің хатшысы Дархан Кәле­таев жасады. Оның баян­да­ма­сынан заң жобасы жалғыз әске­ри­лер емес, ішкі істер әскер­лерін, әскери прокуратура мен қауіп­сіздік комитеті қызмет­керлерін де қам­титындығы айтылды. 
Заң жобасы бірінші оқы­лымда шағын талқылаудан ке­йін мақұлданған соң Халық­аралық қатынастар, қорға­ныс және қауіпсіздік комите­тінің төрайымы Дариға Назарбаева­ның ұсынысымен екінші оқы­лымда да шағын үзілістен кейін қаралып, ол бірауыздан қа­был­данды. 

Осыдан кейін сенаторлардың орталық билік органдарына жолдайтын сауалдары жа­рия­ланды. Соның ішінде Халық­аралық қатынастар, қорға­ныс және қауіпсіздік комите­тінің төрайымы Дариға Назарбаева­ның «Қазтелерадио» АҚ-қа тие­сілі «Отау ТВ» кәсіпорны­ның мә­се­лесіне байланысты жә­не сенатор На­риман Төре­ға­лиев­тың балет пен би әр­тіс­­тері­нің зейнеткерлік жас мөл­шерін бел­гілеуді қайта қарау ту­ралы Премьер-Ми­нистр Б.Са­ғын­таевтың атына жол­даған де­путаттық сауалдары жарияланды. 

Отырыс соңында Сенат Төр­ағасы Қ.Тоқаев сенаторлар­ды Қазақстан Республикасы Тұң­ғыш Президентінің күнімен құт­тықтады.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»