Қазақстан • 01 Желтоқсан, 2017

Нұрсұлтан Назарбаевтың докторлық диссертациясы - экономикалық даму преамбуласы

298 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздік алып, әлемдік кеңістікке қадам басқан тұста дүниедегі озық үлгіні, тәлімді тәжірибені Қазақстанның жағдайына бейімдей отырып, өзіндік дамудың стратегиясын қалыптастыру қажеттігі туындады. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың докторлық диссертациясы - экономикалық даму преамбуласы

Даму стратегиясында экономикалық өсімді қамтамасыз ету арқылы әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізу, халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекет міндеттемелерін толыққанды орындау секілді басымдықтарды белгілеу уақыт талабы болатын. Осы орайда еліміздің мемлекеттік бағдарламаларына, «Қазақстан-2030» стратегиясына өзек болған, Қазақстандағы нарықтық экономиканың қалыптасуының теориялық негізін құраған ғылыми еңбекті  ерекше атау қажет. 

«Нарықтық қатынастардың қалыптасуы мен дамуы жағдайындағы ресурсты үнемдеу стратегиясы» – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 1992 жылы Ресей басқару академиясында 08.00.05 – «Экономика және халық шаруашылығын басқару» мамандығы бойынша қорғаған докторлық диссертациясы. 

Биыл жазылғанына 25 жыл толатын ғылыми еңбек­ке ірі экономист ғалымдар, Ресей ғылым ака­демиясы­ның ака­­де­мигі А.Аганбегян, экономика ғылым­дарының док­тор­лары, профессорлар В.Иванченко, Ю.Швырковтың рес­­ми оппонент болуы авторға қойылатын талапты күр­­де­­лендіріп, ғылыми еңбектің салмағын арттырғаны анық.

Автор еңбектің преамбуласында: «Бұрын қолда­ныста болған басқарудың әкімшілік әдістеріне тән, эконо­ми­кадағы мемлекеттік меншіктің басымдылығына негіз­дел­ген орталықтандырылған басқару жүйесі қарқынды ұдайы өндіріске, ресурстарды үнемдеуге ықпал ете ал­ма­ды», деп күн тәртібіндегі өзекті мәселені ашып көрсетеді. 

Осы ойды Мемлекет басшысы халыққа жария етуді дәстүрге айналдырған, қазіргі кезеңде мемлекет дамуы­ның орта және ұзақ мерзімді басымдықтарын айқын­дап, даму мен жаңғырудың жаршысы бола білген жолдау­ларында кеңінен өрбітіп, тереңінен қозғайды. Басқа­сын айтпағанда, үстіміздегі жылғы «Қазақстанның үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақ­стан халқына Жолдауында «Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жүзеге асырылды. Біздің бәріміз бірлесіп, сол кезде елімізді күйреуге, азамат соғысына, экономикалық күйзеліске ұшыратпағанымыз мен үшін өте маңызды. Қазақстан бұл кезеңде аз шығын шығарып, зор жетістіктерге қол жеткізді», деп ғылыми еңбегінде негізделген басымдықтардың іс жүзінде орындалғанына баса тоқталады. 

Докторлық диссертациясында дәстүрлі жоспарлы экономиканың заманауи дамудың негізі бола алмайтынын айта келе, Нұрсұлтан Назарбаев «өндірістік күштер мен өндірістік қатынастарды сапалы түрде қайта құрылымдау, тиімді кәсіпкерлік қызметке және еңбек ұжымдарының озық өндірістік нәтижелерге аз шығындармен қол жеткізуге экономикалық қызығушылықтарын арттыруға жағдай тудыратын әлеуметтік бағыттағы нарықтық экономикаға көшудің қажеттілігі өсе түсті», деп жазады. Осы ойдың заңды жалғасы ретінде Мемлекет басшысы экономикадағы кәсіпкерлік бастамаларға мемлекеттік қолдау көрсету, шағын және орта кәсіпкерлік үлесінің артуына қол жеткізуді Қазақстанның экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгілеп, бұл бағыттың қарқын алуы мен қалыпты дамуы жолында жемісті еңбек етіп келеді. Кәсіпкерлік дамуындағы ендігі меже – бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Нәтижесінде, 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 50%-ды құрайтын болады.

Ресурстарды үнемдеудің өзекті мәселелерін талдай келе, автор экономиканы жаңғырту, әлеуметтік бағыттағы нарықтық экономикаға көшу жағдайында экономикалық өсу факторларын ескере отырып, өндірісті басқарудың жаңа экономикалық әдістерін енгізу және тәуелсіз мемлекеттер мен ірі аймақтар көле­мінде шешілетін міндеттердің негізгі бағыттарын қам­титын рес­урстарды үнемдеудің ғылыми негізделген стра­т­егиясын әзірлеу қажеттігі туралы тұжырым жасайды.

Ғылыми еңбекте Нұрсұлтан Назарбаев жаңа эконо­ми­ка­лық парадигмаларды, әлемдік экономика­ның бет­бұрысын асқан дәлдікпен сезіне отырып, Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиялық басымдықтарын белгіледі деп нық сеніммен айтуға болады. 

Егемендік жылдарында барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім байқалып келеді. Мысалы, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім әлемдік орташа деңгейден асып, 10508 АҚШ долларын құрады. Қазақстан экономикасы шетелдік инвестициялар салуға қолайлы экономикалар қатарына еніп, тәуелсіздік жылдары елімізге 260 млрд АҚШ долларынан астам инвестициялар тартылды. Өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 10,3 есеге ұлғайды. Еңбек өнімділігі 1991 жылмен салыстырғанда 2 есе артып, 2014 жылы 46,7 мың АҚШ долларын құрады, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 44%-ға жоғары. 

Еуразия кіндігінде орналасқан еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда Жезқазған – Бейнеу темір жол торабын салу арқылы Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы қашықтықты 1200 шақырымға қысқартып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралды көлік дәлізін іске қосып, ежелгі Жібек жолына жан бітірді деуге толықтай негіз бар. Тәуелсіздік тұсында 10 мың шақы­рымнан астам автокөлік жолы, 2,6 мың шақы­рым­нан асатын темір жол салынып, жаңғыртудан өтті. 

Тәуелсіздік жылдарында бюджетке түсімдердің ұлғаюы себепті халық дамуына сапалы жағдай жасалды. 1996 жылмен салыстырғанда күнкөрістің төменгі деңгейінен кем табысқа ие тұрғындар саны 14 есеге азайған. Екі миллионға жуық жаңа жұмыс орындары ашылып, 1991 жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 2 есеге төмендеп, 5%-ды құрап отыр. 1990 жыл­дар­дың басында Қазақстанның әрбір үшінші тұрғыны кедейлік шегінде күн кешсе, қазіргі кезеңде кедейлік деңгейі 3%-дан аспайды. 1991 жылдан бергі кезеңде зейнетақының орташа мөлшері 227 есеге ұлғайып, соңғы он жылдың жүзінде жыл сайын 15,7%-ға өсіп отырды.

Тәуелсіздік жылдарының белесінен қарағанда Қазақстан экономикалық дамуда қарышты қадам жасап, мемлекеттің институционалды негізін берік қалыптастырған елге айналды. Егемен еліміздің ендігі міндеті – ХХІ ғасырдың жаңа сын-қатерлеріне қарсы тұру үшін Мемлекет басшысы айқындаған «Қазақстан-2050» стратегиясының негізгі басымдығын орындап, әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосылу.

Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ,
экономика ғылымдарының магистрі