Қазақстан • 01 Желтоқсан, 2017

Тәуелсіздік пен Елбасы – егіз ұғым

949 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Мемлекеттің саясатын оның географиясы айқындайды» деген екен Наполеон. Жер көлемі бойынша дүние жүзінде тоғызыншы орында тұрған Қазақстанның әлімсақтан төрт құбыласы түгел, шекарасы бекем болды деп ешкім айта алмаса керек. Жердің тарихы – елдің тарихы. 

Тәуелсіздік пен Елбасы – егіз ұғым

Туған ел­дің бір перзенті болғандықтан елі­міздің тарихын түгендей жү­­реміз, арғы-бергі өткенінен тағы­лым аламыз. Жерінің үлкендігі өзінің соры да болған бұл қа­зақ­тың көрмегені жоқ қой. Қа­зақ­тың тарихындағы ең ауыр со­ғыс Жоңғариямен бол­ғандығы белгілі. 

Кейін Ресей бодандығына өтке­німізде де қазақтың шеке­сі шылқи қоймаған. Қазақтың соңғы ханы Кенесары мен Алаш­тың ардақтысы Әли­хан Бө­кейханов бастаған азамат­та­рымыздың бармағын тістеп өткендігін білеміз. Біз бұл қасі­реттен тәуелсіздік алғанда ғана құтылдық. Тәуелсіздіктің ақ таңы қазақты дүниеге қайта әкелді.

Тарих қазақтың бағына Нұрсұлтан Назарбаевтай дарабоз тұлғаны тарту етті. Бұл үшін Құдайға мың қайтара шүкіршілік.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың қазақ халқын еш­кім­ге кіріптар етпейтіндей әлем­ге әйгілі, мықты мемлекет жасай білгендігінің мен тек бір қырына ғана тоқталғым келеді.

Ол қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалды. Еліміздің шекара­сы тәуелсіздікке дейін нақты бекітілмегендігі аян. Әлихан Бө­кейханов, Әлімхан Ермековтей Алаш асылдарының Кеңес өкі­метінің басшысы В.И.Ленинге қол қойдырған шекара бөлінісі ке­йіннен дау болып, талай жеріміз көрші елдерге пышақ үс­тінен бөлініп кете жаздағанын білеміз.

Заңды бекітілген шекара – халықаралық құқықтың басты екі қағидаты – шекаралардың бұлжымастығы мен мемлекеттің аумақтық тұтастығын сақтаудың кепілі. Қазақтың ұлан-ғайыр да­ла­сын сақтап қалу, шекараны делимитациялау мен демар­кациялауда Елбасымыз Қы­тай, Ресей, Өзбекстан және Қыр­ғыз­­стан мемлекеттерімен келі­суде өлшеусіз еңбек сіңірді. Шек­тес мемлекеттердің бәрімен шека­ралық шептерді анықтап, құжат жү­зін­де бекіттірудің басында болды, жоғары деңгейдегі ке­ліссөздерде табандылық танытты.

Құдай қосқан көрші елдердің басшыларымен дипломатиялық жол тауып, өте шетін мәселені сындарлы саясатымен бейбіт ше­шіп алды. Шекараны дер кезінде айқындап алмағанның зардабын бүгінде бір Украина мысалынан айқын аңғаруға болады.

Күні кешеге дейін ағайынбыз деп жүрген екі мемлекеттің іші ала­тайдай бүлініп, халықтар дос­тығына сына қағылды. Кешегі одақ­тас мемлекеттер арасында да жер дауына байланысты жан­жалдар әлі жалғасып жатыр. Ашы­ғын айтсақ, Елбасының ар­­қа­сында біз бұл зобалаңнан аман-есен өттік. Қазақстанның Тұң­ғыш Президентіне ірі державалармен келісімге келу оңай­ бол­мағандығын Махмұт Қасым­бековтің «Елін сүйген, елі сүйген Ел­басы» кітабынан мынадай деректі оқығанда тағы да көз жет­кі­зе түстік.

«Борис Николаевич марқұм­мен кезінде мынадай да бір сөз­­ шар­пысуы болыпты. Екі ел үшін кезінде Каспийдің орталы­ғындағы шекара шебін айқындау оңайға түспеген. Әрине мұндай­да ешкімді кінәлаудың жөні жоқ. Қай елдің басшысы да жеме-жемге келгенде өз мемлекеті мен халқының мүддесін ойлайды. Сол үшін тартысады.

Обалы не керек, жағдайды жан-­жақты түсіндіріп, бұлтарт­пас уәждерді алға тартқан кезде Бо­рис Николаевич сөзге құлақ асып, әділдік жағына ойысып, икемге келе бастайды екен. Бі­рақ артынан оңаша қалғанда, ми­нис­трлері Борис Николаевичті ше­шімінен айнытып қойып жүріпті. Содан барып онсыз да күрделі мәселенің түйінін тарқату одан сайын ұзарып, созыла түседі.

Келіссөз куәгерлерінің айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлы осы жолы да тұйықтан жол тауып кетеді.

– Борис Николаевич, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы, – біз осы неге өз министрлеріміз бен кө­мек­шілеріміздің айтқанына көне­ беруіміз керек? Олардың мінде­ті ұсы­ныс беру ғана емес пе? Ақыр­ғы шешімді мына біздер – пре­зиденттер қабылдауымыз керек қой!..

Бұл сөздер Ельциннің намысына тиіп кетсе керек, мол де­несімен көмекшілеріне еңсері­ле бұрыла қарап:

– Әй, сөзді қойыңдар! Әкелің­дер шешімді! – деп алдындағы үстел­ді жуан жұдырығымен бір қойып қалыпты.

Ал бұл келісімнің тарихи ма­ңы­зы неде еді?

Шекара мәселесінің басы ашыл­майынша, Каспий теңізінің қазақ­стандық аймағына шетелдік алпауыт инвесторлар аяғын аттап та баспас еді».
Міне, елдің пайдасы үшін осын­дай амалдар да болған. Нұр­сұлтан Назарбаев қиын уақыт­тарда «алдымен – экономика, сосын саясат» бағытын ұстанып, ел экономикасын көтеру үшін кәсіп­керлерге үлкен қолдау көрсетті. 

Тәуелсіздік алған жылдары Қазақ­станға оңай болған жоқ. Та­лай дағдарыстар бастан өтті. Қа­зақстанның қойнауы кенге толы болғанымен, оны шетел ин­вес­торларының көмегінсіз иге­ру мүмкін емес-ті. Кейін өз қолымыз ауызымызға жете бас­та­ғанда «Саутс Ойл» компаниясы 1999 жылы Қызылорда облысы Құмкөл елді мекенінде мұнай өңдіруден мемлекеттік тапсырысты жеңіп алды. 2001 жылы кен орнын пайдалану туралы келісімге қол қойылды.

Әлі есімізде, «Саутс Ойл» ком­паниясының бұрғылаушы­лары жер астынан мұнай айдап шығарғанда қуанышымыз қойнымызға сыймаған. Тәуелсіз­дік алғаннан беріде мұнай шы­ғарған отандық кәсіпорын ре­тінде марқайдық. Қара алтынды бір-біріміздің үстімізге жағып мәз болдық. Елбасы бізден кем қуанған жоқ. Әуелде осы істі қол­ға алғанымызда:

– Серікжан, қашанғы шетел мұнай компаниялары­на жал­­тақтай береміз. Қазақстан­ның мұнайын өз азаматтары иге­руі керек қой. Одан Ота­ны­мыз­ға мол пайда түседі. Сен­дер кіріс­сеңдерші, – деп жігер­лендірген болатын. 

Нұрсұлтан Әбішұлының дем беріп, қолтығымыздан сүйеуінің арқасында компаниямыз шикізат өнімін барлау мен өндіру саласында Қазақстанда жетекші орын алып келеді. «Стандарт-Це­мент» зауытын салар кезде елі­мізде дағдарыстың екінші тол­қыны басталған болатын. Ақша құнсызданып, инфляция өсімді обырдай жеп жатқан уақыт.

Цемент зауытын аяғынан нық­ тұрғызу үшін көп көлемде шетел­ден қаржы алып, инвестиция­ салу керек болады. Жақын адамдар «Серікжан, әзірге зауыт жұ­мы­сын тоқтата тұр. Шығынға оты­расың», деді.

Бізге Елбасы сеніп отыр ғой деп тәуекелдің қайығына міндік. 

Бүгінде «Стандарт-Цемент» зауыты «Қазақстанның 100 корпоративті лидерлері» тізімі­не кірді. Ол жалпыәлемдік стан­дарт­тарға сәйкес құрылған Оңтүс­тіктегі экологиялық таза өнім өнді­ретін ең ірі жобалардың бірі.

2014 жылы Шымкентте «Rixos Khadisha Shymkent» үлкен қонақ-үйі салынды. Қазіргі таңда ол қаланың сәні болып тұр. Авторы атақты – Норман Фостер. 

Нұрсұлтан Әбішұлы кәсіп­кер­лерге «Елді ойлаңдар, ша­ма­ларың жеткенше әлеуметтік нысандардың санын көбейтің­дер», дегенді жиі айтады. Біз биз­несті өз Отанымызда жаса­дық, жақсы табыстарға жеттік. Сондықтан Елбасының тапсыр­маларын орындауды ел ал­дын­дағы перзенттік борышымыз деп білеміз.

Туған жерім Отырар ауданында және Сайрам ауданында мектеп салып бердік. Мешіт аштық. Қайырымдылық істерімізді мем­­лекетімізге көмегіміз деп сезін­дік.

Елбасы Оңтүстікке келген жұ­мыс сапарының бірінде ме­нің атыма жақсы сөздер айтты. «Серікжан, саған ризамын. Көп жұмыс жасап жатырсың. Қаражатыңды басқа жаққа апармай Шымкентке салып жатырсың. Алғаш 5 жұлдызды қонақүй салып бердің. Университет салып жатырсың. Зауыттар салдың, елге жұмыс беріп жатырсың. Ел­ге жақсылық жасаған қалталы аза­маттар осындай болу керек. Мем­лекеттің арқасында көп азаматтар қаржылы болды. Сені өне­ге етіп қоюға болады басқа азаматтарға. Өзінің туған жеріне жақсылық жасап, мектеп, спорт кешені, аурухана салатын болса еліміз көркейеді», деді.

Мен мұны мақтан үшін айтып жатқан жоқпын. Елбасының мемлекет тарапынан көрсеткен көмегін, кәсіпкерге деген ықы­ласын, ағалық қамқорлығын ерек­ше атап өткім келді. 

Әрине жұмыстарымызды ба­ғалаған Елбасына рахмет. Кә­сіп­кер болып, табысқа жетіп жат­сақ, ол Қазақстандай алып Отанымыздың арқасы, елдің тілеуі, ұлттың ырысы. Қиын кезде Елбасы қай-қайсымыздың да жел жағымызда тұрып пана болды, қолтығымыздан демеді, мемлекет тарапынан жеңілдіктер берді. Мұны қазақстандық кәсіпкерлер жақсы біледі. Сондықтан да елі­міздің экономикасы өркендеу үшін қолдан келген көмекті жа­сауға қашанда дайынбыз.

Мақаланың басында Ел­ба­сының мемлекетіміздің жерін ше­гендеудегі ерлігін ғана айттық. Хал­қы үшін асқақ Алатаудай тұл­ғаның жасаған жұмысы шек­сіз. Ең бастысы, Нұрсұлтан Назарбаев – тек қазақ халқы үшін ға­на емес, бейбіт өмірді сүйетін дү­ние жүзіндегі барлық халық үшін  әлемдік тұлға. Астана – әлем­дегі күрделі мәселелерді ше­шетін үнқатысу орталығына ай­налса, ол – Елбасының парасаты, ерлігі.

Баз біреулер үшін бәрі оңай кел­гендей көрінеді. Ел ішіне іріт­кі салғысы келетіндер де арагідік кездесіп қалады. Ал елдің ынты­мағын бұзғысы келетіндер ешқа­шан халықты ойламайды. Бақ баға­лағанның басында ғана тұра­ды.

Серікжан СЕЙІТЖАНОВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты

Оңтүстік Қазақстан облысы