Қазақстан • 04 Желтоқсан, 2017

Жанармай тапшылығы жабырқатпасын десек...

706 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 Еліміздегі жанар-жағармай нарығындағы жыл сайын қа­лыптасып отырған жағдай қоғамда үлкен әлеуметтік мәселеге айналуда. Мұнайлы мемлекет бола тұра өз на­рығымызды қа­жетті мөлшерде қамтамасыз ете алмауы­мыз­дың себебі көпшілікке түсініксіз болып отыр. Ал мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға қарастырылып жатқан қаржы көлемі де аз емес. Бірақ жұмыстардың тиімділігі төмен, жаңғырту жұмыстары жылдан-жылға ұзартылуда және оның нақты қай мезгілде аяқталатыны да белгісіз.

Жанармай тапшылығы жабырқатпасын десек...

Осының бәрі жер қойна­уын пайдала­ну­шылардың ши­кіз­атты ішкі нарыққа бұ­руына ынталандырудың тиімді тетіктері қарастырылмаған­дық­тан болып отыр. Президент Н.Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында еліміз бензинді, дизель отынын, авиация керосинін молынан өндіруді қажет етіп отыр деген болатын. Сондықтан Елбасы жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салу қажеттігін айтқан. Осыған қарамастан, жаңа зауыт салынбады, оның нақты себебі белгісіз.

Жанар-жағармай өндіру және оны импорттауға байланысты жүйелі кемшіліктер экономиканың өзге салаларына да зиянын тигізетіні белгілі. Ол барлық тауарлардың, қызмет­тердің, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының қымбаттауына себеп болады.

Жанар-жағармай нарығын­да қалыптасқан осы жағдайға алаңдаушылық білдіріп біз Премьер-Министр Б.Сағынтаев­тың атына сауал жолдап, «Тап­шылықты жоюға байланыс­ты мемлекеттік деңгейде жүйелі негіздегі шешімдер неге қарас­тырылмайды? Елбасының жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жө­ніндегі тапсырмасының осы уақытқа дейін орындалмау себебі неде?» деген сұрақтарға жауап беруін қазан айында өтінген едік. Одан кейін қараша айында қалыптасқан ахуал тіпті күрделеніп кетті. Қазақстанның кейбір аймақтарындағы жанармай құю стансаларында ди­зель­ отыны жоғалып, ал кей­бір өңірлерде оның бағасы 200 теңгеден жоғарыға сатылып жатқанын білдік. Дизель отынының қымбатшылығы оның Ресейден импортталуы деп түсіндірілді.

Дизель отынының негізгі тұтыну­шылары – темір жол көлі­гі, жүк тасымалы автокө­лігі, су бетіндегі көлік және т.б. Өндірістік нысандарда ди­зель отынының ең ірі тұтыну­шылары тау-кен өнеркәсіптері. Біздің ойымызша, дизель оты­ны бағасының көтерілуі экономи­камыздың барлық салаларына, темір жол, электр қуатының, газдың тасымалдануларына кері әсерін тигізеді. Ал еліміздегі екі мұнай өңдеу зауытының жоспарлы жөндеуде тұрғаны жанармай тапшылығын қайта туғызу қаупі зор. Осыған алаңдап біз Премьер-Министрдің атына екінші рет сауал жолдап, дизель отынының тапшылығы мәселесін шешуге байланысты қабылданған шаралар туралы жазбаша жауапты «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депу­таттарының мәртебесі туралы» Қазақ­стан Республикасының Конституциялық заңының 27-бабында белгіленген мерзімде хабарлауын өтіндік. Оған бірнеше сенатор қолдарын қойды.

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,

Сенат депутат