Қаржы • 04 Желтоқсан, 2017

Банкоматтағы ақшаның жоғалуына банктердің селқостығы да себепкер

312 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда біздің азаматтарымыз банко­маттардағы есепшоттарынан ақша жоғалту секіл­ді елеулі мәселеге де тап болып отыр. Қазір ақша­ның бәрі банкоматтарда сақталатындықтан, бұл мәсе­леге тиянақты назар аударуымыз керек.

Банкоматтағы ақшаның жоғалуына банктердің селқостығы да себепкер

Ал кейбір шетелдерде біздің азаматтарымыздың карточкаларынан ақша ұрлаудың жолдарын да алаяқтар тауып алыпты. Қазір ондай елдердің тізімдері де жасалған. Бірақ біздің банктеріміз өздерінің клиенттеріне карточкалар табыс еткенде мұндай мәселелерді айтып, құлақтандыруды білмейді. Соның салдарынан азаматтарымыз сандарын соғып, кейбір шетелдерде ақшаларынан айрылып қалып жатыр. Мысалы, былтыр Вьетнамға барған Орал қаласының бір азаматы елге келгенде карточкасынан 400 мың теңгенің қолды болғанын көріп, санын бір-ақ соққан. Сондай жағдай Таиландқа барған бір қызымыздың да басынан өткен. Ол өзінің 300 мың теңгесінен айрылғанын елге келген соң бір-ақ білген. Ал банктер өкініште қалған өз клиенттерін қолдауды білмейді, тәуекелі жоғары елдерге барғанда сақтық шараларын жасамаған өздері кінәлі деп ат-тондарын ала қашады. Біздіңше мұндай позиция дұрыс емес. Өйткені банктер төлем карталарына қызмет жасағандары үшін жыл сайын комиссиялық ақылар алып тұрады. Екіншіден, банкпен келісімшарт жасасқанда клиенттің әлсіз тарап екендігі ескеріліп, төлем карталарына алаяқтық шабуыл жасалғаны үшін материалдық шығынның өтемін банк төлеуі керек. Үшіншіден, бүгінгі таңда банктер өздерінің ақпараттық жүйесін кибершабуылдардан қорғауға орасан зор қаражаттар бөліп жатады. Сол сияқты клиенттерінің төлем карталарының сақтығы үшін де шығын шығарғаны артық болмайды.

Қазір скимминг деп аталатын алаяқтықтың жаңа түрі шықты. Ол адамның төлем карточкаларындағы барлық ақпаратты оқып алады. Сосын соның көмегімен ақшасын ұрлайды. Мұндайлар әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азия мен Шығыс Еуропа елдерінде өріс алып келеді. Біздің елімізде одан қорғанудың әдістері жасалмаған. Осыған орай біз Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышевке депутаттық сауал жолдап, скиммингтік қылмыстың салдарынан карточкаларындағы ақшасынан айрылып қалатын клиенттердің өтемақысын төлеуі қажеттігі жөнінде арнайы тәртіп енгізуді ұсындық. Сонда банктеріміз өз клиенттерінің алаяқтардан қалай қорғануы керектігін түсіндіріп отырар еді.

Сонымен қатар банктер қазақстандықтардың жеке деректерін сақтауды қамтамасыз ету жолдарын да жетілдіруі керек деп санаймыз. Әйтпесе, жеке деректерге қол жеткізген алаяқтардың банк­терден онлайн-кредиттер алу арқылы қарызға батырып кететін жағдайлары жиілеп келе жатқаны жасырын емес. Өзіміздің сауалымызда біз осы мәселеге де назар аударуды сұрадық.

Шәкір ХАХАЗОВ,
Мәжіліс депутаты