Жазғы спорт • 04 Желтоқсан, 2017

Көркем гимнастикадан «Жаса Отаным-2017» чемпионаты мәреге жетті

476 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында «Достық» спорт кеше­нін­де көркем гимнастикадан «Жаса Отаным-2017» чемпионаты мәреге жетті. Биыл екінші рет ұйымдастырылған турнирде Қазақстанның бірнеше қалалары мен шетелдерден келген мыңнан астам спортшы бақ сынады.

Көркем гимнастикадан «Жаса Отаным-2017» чемпионаты мәреге жетті

Турнирге тұңғыш рет Ресейдің танымал спортшысы, Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиаданың күміс жүлдегері, бес дүр­кін Еуропа чемпионы Яна Кудрявцева келді. Сондай-ақ Яна Алма­тыда жас гим­нас­шыларға шеберлік дәрістерін өткізді.

Турнирдің ашылу салтанатында спорт басқармасының басшылары сөз алып, бұл күндері қалада көркем гимнастика ғана емес, жалпы гимнастиканы дамытуға көп күш салынып жатқанын атады.

– Турнирге талантты жеткіншектер қатысып отыр. Өте қуаныштымыз. Өзге елдерден келген қатысушыларға және де ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Біз әрқашанда осы спорт түрін қолдаймыз, алдағы уақытта өз чемпиондарымызды көреміз деген үміттемін, – деді Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев. 

Өз кезегінде, танымал Ресей спортшысы Яна Кудрявцева жарысқа арнайы қонақ ретінде шақырылғанына алғыс айтып, ізгі тілектерін білдірді. 
Жарыста Қытай, Қырғызстан және Қазақстан қалаларынан келген 3 жастан бастап 16 жасқа дейінгі қыздар өнер көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлде­герлерге бағалы сыйлықтар мен медальдар жиынтығы табысталды. 

– Осындай ауқымды чемпионат өткізуді 2013 жылы өзіміздің көркем гим­­настика мектебін ашқан кезде жос­пар­лаған едік. Біз үшін бұл өте айтулы шара. Бірінші турнирді былтыр өткіз­­дік. Қатысушылар саны көбе­йіп келе­ді. Қазір көркем гимнастика елі­мізде ілге­рілей бастады, – дейді ұйым­да­стырушы Мәдина Үркімбаева. 

Сонымен биыл 14 жастағы жасөспі­рімдер арасындағы 1-орынды алматылық Анастасия Касаткина, 13 жастағы гим­нас­шы­лар арасындағы 1-орынды Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Сабина Кикимова, 12 жастағылар арасындағы 1-орынды павлодарлық Айдана Мәмжан жеңіп алды.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ