Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2017

Жыл соңында Жетісу өңірінде 100 нысан іске қосылады

360 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жыл аяғы – бір жыл бойы істелген істің есебі берілер уақыт қана емес, атқарылған шаруалар нәтижесінің көрініс табар мезгілі. Желтоқсан туа қазақ даласын жер-жерде ашылып жатқан жаңа нысандар мен әр түрлі жетістіктер туралы хабар шарлап кететіні бар. Сүйінші сұраудан, бәрекелді айтудан жарысқа түсетін бір шақ осы кез. Мұның өзіндік себебі де жоқ емес. Жыл қорытындыланып келеді. Оның үстіне, жақсылығымыздың өзін сәрсенбінің сәтіне, қасиетті жұмаға туралағымыз келіп тұратыны тағы бар. Ал, желтоқсанның басы мерекемен басталады. Бұл күні Қазақстан өз алдына ел болудың басы деп тұңғыш басшысын сайлапты. Ырымдауға жақсы себеп. Өңір әкімдерінің қай-қайсысы да сөзінің әлхамын «Елбасы берген тапсырма бойынша» деп бастайтыны тағы бар. Әр өңір басшылығы елге жасаған жақсылығын, бітірген ісі мен жеткен жетістігін – Тұңғыш Президент күніне жасаған сый ретінде ұсынуға тырысады. 

Жыл соңында Жетісу өңірінде 100 нысан іске қосылады

Жазда ғана 18 миллионыншы қазақ өмірге келді. Оның алдында ғана 2 миллионыншы тұрғынының тұсауын кескен Жетісу жері жалпы қазақтың санын 18 миллионға жеткізген сәбидің туған жұрты ретінде сүйінші сұрады. Әкімшілік қаладан жастардың қаласына айналып келе жатқан Талдықорғанда пәтер жалдап тұрып жатқан жас отбасы осындай ерекше қуаныштың иелері ретінде қалаған ауданнан қалаған үйін (қай қабаттан алатынын да) таңдап алатын болып келісілген. Облыс әкімінің сыйы. Мереке қарсаңында – осы үй табыс етілді.

Талдықорғанда 64 және 55 пәтерлі көпқабатты екі тұрғын үйдің өзге иелері де Президент күнімен бірге қоныс тойын тойлады. Көпшіліктің қуанышын бөліскен облыс әкімі Амандық Баталов құттықтау сөзінде:

– Бүгінде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарасаңында, мен сіздерге салтанатты түрде жаңа пәтерлеріңіздің кілтін табыстағаныма қуаныштымын. Осында тұрған баршаңыздың өмірлеріңіздегі ең жарқын сәттердің бірі болатын бүгінгі қуаныштарыңызбен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын, – деді.

Облыс бойынша қатар келетін қос мерекеге орайластырып отырған 700 іс-шара өткізіледі деп күтілуде. Мерекелік шаралардың жөні бөлек. Облыс басшылығы қандай қуанышты да құрғақ атап өтпейтінін айтып отыр. Бас-аяғы 20 күннің ішінде 100 әлеуметтік маңызы бар нысан іске қосылмақ.

Тұңғыш Президент күні қарсаңында облыста 350-ге жуық шара өткізіледі деп жоспарланған. 5 мектеп ашылып, 30 учаскелік полиция бекеті, дәрігерлік амбулатория және мемлекет-жекеменшік әріптестікпен іске қосылатын балабақшалар ашылып, ел игілігіне беріліп жатыр. Соның ішінде, Мемлекет басшысының туған жері Шамалған ауылында ашылған «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының орны бөлек. Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы, ержетуі, еңбекке, билікке араласуы, Қазақстанның тәуелсіздік алуы және даму, өсу кезеңдерінен сыр шертетін кешен Тәуелсіздіктің тарихи шежіресі іспетті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қоры, кітапханасы мен музейі, Президенттің Іс басқармасы, Ұлттық кітапхана мен Ұлттық академиялық кітапханадан алынған жәдігерлерден тұратын тарихи-өлкетану кешенінің қорында Президенттің 90-ға жуық жеке заттары мен 250-ден астам түрлі кітап бар.

Жалпы құны 18,5 миллиард теңгені құрайтын маңызды нысандардың ең негізгілері мектептер мен балабақшалар, спорт алаңдары мен мәдени орталықтар және үйлер. 1-16 желтоқсан аралығында жоспар бойынша 5 мектеп, 6 балабақша, 7 мәдени орталық, 11 тұрғын үй мен тұрғын үйлер кешені мерекеге тартылған үлкен сый болмақ.

 

Алмас НҮСІП,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы