Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2017

Қостанайда үздік оқушылар мен ұстаздарға «Триумф» сыйлығы табыс етілді

439 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанайда соңғы жылдары пән олимпиадалары мен спорт, өнер жарыстарында жүлдегер болған мектеп оқушылары мен олардың ұстаздарын «Триумф» сыйлығымен марапаттау дәстүрге айналған. Биыл да ол Тұңғыш Президент күніне орай өтті. Оған облыстың әр шалғайынан 150 оқушылар мен олардың ұстаздары шақырылды.

Қостанайда үздік оқушылар мен ұстаздарға «Триумф» сыйлығы табыс етілді

– Біз білім саласында, интеллектуалды ұлт қалыптастыруда даму үстінде екенінімізді көрсетуіміз керек. Әлемде адами даму индексінің рейтингінде Қазақстан 56-орында келеді. Бұл дамудың жоғары сатысындағы елдер қатарындамыз деген сөз. Оған жас ұрпақтың да үлесі мол. Бізде өзінің жетістіктерімен облыс даңқын асырып жүрген жастарымыз бар. Балалар табысы – олардың ұстаздарының еңбегі, жетістігі деп білеміз», деді салтанатта сөз сөйлеген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Бірнеше жыл қатарынан Қостанай облысының олимпиадалық командасы елімізде көш бастап жүр. Биыл оқушылар республикалық олимпиадалардан 24 медаль алып келді. Ал осыдан 4 жыл бұрын жүлделі орынның саны 7 ғана болатын. Сабақта, өнерде, спортта жетістікке жетіп жүрген мектеп оқушылары сөз алды. Мысалы, қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы Варис Уразбахтен биыл химия пәні бойынша республикалық олимпиадада күміс жүлдеге ие болды.

– Мен 7-сыныптан бастап химия пәні ерекше қызықтырады, бұл бойынша түрлі жарыстарға қатысып келемін. Республикалық олимпиадаларда мықты бәсекелестер көп, оза шауып жүлде алу оңай емес, – дейді Варис.

«Триумф» сыйлығын тапсыруда ұстаздар да еңбегінің нәтижесін көргеніне қуанды. Сәуле Молдабаева облыс орталығындағы «Озат» дарынды балалар мектебінде тарихтан сабақ береді. Биыл оның шәкірті Аружан Көбенова тарих пәнінен ғылыми жұмыс бойынша республикалық олимпиаданың қола жүлдегері атанды.

– Тұңғыш Президент күні сыйлық алу мен үшін үлкен мақтаныш. Аружан «Батыс Еуропа аумағындағы қазақ диаспорасы» атты ғылыми жобаны қорғады. Тағдыр тәлкегімен сол жақты мекен етіп қалған қандастарымыз және қазір көптеген түлектер оқуға сонда барады. Біз елдер арасындағы өз ара байланысты зерттеп, мәдениеттерді түсінуге талпындық, – дейді Сәуле.

Салтанатты жиында облыс әкімі мен оқушылар арасында емен-жарқын әңгіме өрбіді. Аймақ басшысына олар қойған сұрақтар білім беру, тәрбие саласындағы өзекті мәселелерді де қамтыды. Мысалы, гір спортынан қыздар арасында облыстағы жалғыз спорт шебері Яна Литвинова облыс әкімінен:

– Ауылдағы спортшы балалар үшін облыста спорт мектеп-интернаты бола ма?, – деп сұрады.

– Өте жақсы сұрақ. Расында, бізде спортшыларға арналған мектеп-интернат жоқ. Біз оны мемлекет-жекеменшік әріптестігі деңгейінде қарастыратын боламыз. Осындай тәсілмен биыл кәсіпкер Махмұт Тұрсынов күш қолданылатын спорт түрлері академиясын салса, келер жылы облыста 50 метрлік бассейн пайда болмақ. 3000 орындық мұз сарайын салуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта сен айтқан мәселелні де ойластыратын боламыз. Спорт ғимараттарын салу бар да, оған балалардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бар. Қолжетімділік спорттың бұқаралығын дамытуға мүмкіндік жасайды, – деді Архимед Бегежанұлы.

Оқушылардың сұрақтарына орай Архимед Мұхамбетов табысқа жетудің басты кепілі – еңбек екенін айтып, оған нақты мысалдар да келтірді. Ол таяу жылдары «Ресейдің үздік жыл кәсіпкері» атанған Серікбай Бисекеевтің «Өзіңді өзің жаса» кітабы туралы айтты. Алға мақсат қойып, арманына жетуге тынымсыз ұмтылған жас қана өмрде биіктерді бағындыра алады. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі де, жастарға арналған сөздері де толық дәлел болады.

«Триумф» сыйлығы тапсырылып болғаннан кейін оқушылар мен ұстаздар әкіммен ескерткіш суретке түсті.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Соңғы жаңалықтар