Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2017

Бұқаралық спортты дамыту басты назарда

748 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 Тараз қаласында 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілер арасында жеңіл атлетикалық жүгіріс өтті. Аталған шараға облыс әкімдігінің аппараты, облыстық басқармалар, жергілікті құқық қорғау және сот органдары, аумақтық басқармалар мен мекемелер және акционерлік қоғамдар, сондай-ақ Тараз қаласында орналасқан кәсіпорындар өкілдері мен облыс тұрғындары қатысып, жалпы қатысушылар саны 1000-ға жуық адамды құрады. 

Бұқаралық спортты дамыту басты назарда

Жүгіріс бағыты орталық «Достық» алаңынан басталды. Шараға қатысушылар Төле би көшесінің бойымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябаққа дейін 2,4 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Облыс тұрғындары арасында бұқаралық спорт түрлерін дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ қала тұрғындарын дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту мақсатында ұйымдастырылған шараны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Тараз қаласының әкімдігі мен Жамбыл облысының жеңіл атлетика федерациясы жүзеге асырды. Сонымен қатар, жеңілатлетикалық жүгірісті насихаттау мақсатында қатысушылар арасында демеушілер тарапынан сыйлықтарды ойнату акциясы ұйымдастырылды.

 Бүгінде саламатты өмір салтын, әсіресе жастар арасында насихаттау және бұқаралық спортты дамыту басты назарда. Бұл күні 18 жасқа дейінгі ұлдар арасында Қазым Жамалов, Саламат Алиасқаров және 18 жасқа дейінгі қыздар арасында Арай Толғанбай, Ясмина Тоқсанбаева мәреге бірінші болып келді. Сонымен қатар, 18 жастан жоғары жігіттер арасында Жасұлан Жартыбаев, Дмитрий Иванчуков және 18 жастан жоғары қыздар арасында Римма Маркосян, Яна Сибиряковалар қатысушылардан қара үзді. Осы орайда «Қазфосфат», «Астана – Cinema», «Тәтті себет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен бірқатар ұйымдар демеушілік көрсетті.

 Сондай-ақ, айтулы мерекеге орай Тараз қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында шағын футболдан облыстық турнир өтті. Аталған турнирге облыс әкімі аппаратының, Тараз қаласы мен аудандар әкімдігінің және облыстық департаменттер мен басқармалардың қызметшілерінен 24 команда жасақталып, 216 спортшы қатысты. Нәтижесінде бірінші орынды Тараз қаласы әкімдігінің құрама командасы жеңіп алды. Ал екінші орынды Сарысу ауданы әкімдігінің командасы олжаласа, үшінші орынды Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің құрама командасы иеленді.

 

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы