Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2017

Алматыда «Ұстаздар үйі» ашылды

613 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл соңы Алматылық мұғалімдерді бірқатар жағымды жаңалығымен  қуантты. Соның бірі шаһарда бұрын соңды болмаған, еңсесі биік «Ұстаздар үйі» ғимаратының бой көтеруі. «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен,  қаладағы барлық мұғалімдердің басты ордасына айналған орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті. 

Алматыда «Ұстаздар үйі» ашылды

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары құрылған Алматы қалалық мұғалімдердің білімін жетілдіру Институты бүгінге дейін өзінің орналасқан жерін бірнеше мәрте ауыстырды.  Институт екі рет балабақша ғимаратында, одан музыкалық және жалпы білім беретін мектеп жанына ауысып, көшпелі күн кешті. Институттың жеке ғимаратының болмауы білім беру қызметтерінің  міндеттерін өз дәрежесінде  іске асыруда айтарлықтай қиындықтар туғызып келген еді. Енді көптен көкейде жүрген мәселе оң шешімін тапты. ҚР Білім және ғылым Министрлігі және «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқармасының қамқорлығының арқасында  Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің  біліктілігін арттыру институты жеке ғимаратқа орналасып, ал қала мұғалімдері  ұстаз қауымының ортақ шаңырағы – «Ұcтаздар үйіне» қол жеткізіп отыр. Қала педагогтері «Ұстаздар үйінде» біліктілігін арттыру курстарында оқытылып, әдістемелік көмек ала алады. Оған қоса орталық –  мұғалімдердің тәжірибе алмасу алаңына айналып, педагогикалық инновацияларды жүзеге асыруына жол ашпақ.

– «Ұстаздар үйінің» есіктері қала мұғалімдері үшін әрқашан ашық, сондықтан да ол «Ұстаздар үйі» деп аталады. «Ұстаздар үйінің» жаңа ғимаратында заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған аудиториялар, робототехника, Монтессори кабинеттері, бейне және дыбыс жазу студиялары, 200 адамға арналған салтанат залы бар.Қазіргі уақытта Алматы қаласы мұғалімдерінің кәсіби деңгейін дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Қазақ даласының патриоты, педагогика оқулығының тұңғыш авторы Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың азаматтары жиналғанда төр мұғалімдікі» деген. Қазақтың дәстүрінде ұстазды сыйлау, ұстазды құрметтеу ежелден  қалыптасқан дүние. Бұл ғимаратта ұстаздар білім алады. Заман талабына сай жабдықталған, еңсесі биік, мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру ұлттық орталығы білім саласының кеңге қанат жаюына септігін тигізіп, ұстаздар беделін арттыра түспек. Қазіргі таңда еліміздің мектептерінде жаңартылған білім бағдарламасы енгізілуде. Мұғалім білікті болса, өз мақсат-міндеттерін жақсы білсе шәкірттерде нағыз білікті азамат болып қалыптасады. Бізге қолдау көрсеткен Білім және ғылым министрлігіне және қала әкімшілігіне айтар алғысымыз шексіз – дейді «Өрлеу» БАҰО»  акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Гүлназ Ахметова.

Су жаңа орталықтың ашылу рәсімімен қатар «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ «Microsoft Kazakhstan» компаниясымен бірлесіп,  мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары үшін  ұйымдастырған «Smart-педагог Өрлеу: кәсіби табысқа апарар жол» республикалық конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Іс-шара мемлекет басшысының үздіксіз білім беру жүйесінің барлық деңгейдегі педагогикалық кадрларының кәсіби дамуының жоғары сапасын қамтамасыз етуде педагогтердің біліктілігін арттырудың жаңа моделін құру туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында өткізіліп отыр. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және ақшалай сыйлықтар, ал барлық қатысушыларға – сертификат табыс етілді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ