Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2017

«Нұрлы жол» бо­йынша қандай шаралар атқарылды?

363 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жос­парында еліміздің көлік тасымалы мен қатынас жолдарын дамы­туға баса мән беріліп, негізгі тапсырмалар жүктелген болатын. 

«Нұрлы жол» бо­йынша қандай шаралар атқарылды?

Осы бағдарламалық құжаттың 58-қадамында «Жол-көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту жөніндегі бірың­ғай оператор қалыптастыру үшін стратегиялық инвесторлар тарту» міндеті айтылып, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бо­йынша атқарылатын нақты шаралар айқындалған-ды.

Айқын арман

Мемлекет басшысы осы құжатта «Көлік тасымалы жүйесі мен транзитті дамыту мақсатында республикалық маңыздағы 7 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары қайта жаңғыртылатын болады. Оларда ақы алу жүйесін енгізу жоспарланған. 2022 жылға қарай жол жүруден түскен алымдар шамамен 41 млрд теңгені құрайтын болады, ал ол рес­пуб­ликалық маңыздағы автожолдар­дың бүкіл жүйесін ұстауға жағдай жасайды» дей келе, Қазақстанның халықаралық көлік-логистикалық хабқа қосылуы үшін Еуразиялық трансқұрлықтық дәліз құру жұмыс­тарының басталғанын жария еткен-ді. Бұл осыдан 2-3 жыл шамасында айтылған сөз болатын. Бүгінде Батыс пен Шығысты жалғайтын осы дәліз бойынша Қытайдың батысынан басталған сау­да керуені құрлықтағы көлік және темір жол арқылы Батыс Еуропаға жетті. Жыл басында көрші елдің Чжэцзян провинциясындағы Иу қаласынан Лондонның Баркинг ауданына дейінгі 11 999 шақырым қашықты еңсерген жүк пойызы Қазақстан тара­пының логистикалық қызмет та­лаптарына толықтай сай екендігінің бір дәлелі болды. Ресей, Германия, Беларусь, Польша, Бельгия, Франция сияқты мемлекеттердің шекарасын басып өткен пойызға алғашқы қызмет көрсетілетін аумақ Қазақстан болған еді. Жүктерді кедендік тексеру кезіндегі түсіріп, тиеу, буып-түю сияқты жұмыстардың сыртында темір жол бойындағы техникалық қолдаудың өзі елімізде лайықты қызмет көрсетудің бір ізге түскендігін көрсетті. Осы тасымал жолындағы Қазақстанның алатын орны ерекше. Мамандардың бағалауынша көлік инфрақұрлымының тиімді дамуы мен сапалы қызмет көрсетуінен түсетін табыс мұнай өндіру мен сатудан құйылатын қаржымен теңесетіндей мүмкіндікке ие. Демек, еліміздің бұл бағытты дамытуға ерекше маңыз беруі ақталатын еңбек болса керек.

Айтпақшы, бұл стратегиялық талаптар Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғы­руы: жаһандық бәсекеге қабі­лет­тілік» атты Қазақстан халқына Жол­дау­ындағы негізгі бағыттың бірі ретінде айтылған болатын. Жол­даудың 5-бағыты болып табылатын логистикалық инфрақұрылымды дамыту еліміздің маңызды басымдығы ретінде белгілен еді. «Оған қазірдің өзінде қомақты инвестиция жұмсалды. Енді одан экономикалық қайтарым ала бас­тау қажет» деп атап өткен Елбасы құрылымды дамытудың негізгі жолдарын да көрсетті.

Нақты бағдар

Көлік инфрақұрылымын дамыту бір күннің ісі емес. Әрі бұл ат төбеліндей ғана аумақтағы жол мен қатынас құралдарының мәселесін шешумен аяқталмайды. Осы үдеден шығу үшін елімізде инфрақұрлымды кеңірек жаңғырту жұмыстары мен көлік дәліздерін дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламадан туындайтын жобалар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының реконструкциясын және құрылысын қамтиды. Жалпы, 2010 жылдан бастап республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 5 мың километрінде реконструкция және күрделі жөндеу жүргізілген екен. Нәтижесінде қазір республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 85 па­йызы және облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың 65 пайызы қанағаттанарлық деңгейге жеткен.

Рас, отандық жолдардың жағдайы үнемі сынға ұшырап келеді. Тіпті халықаралық сарапшылар көлік жолдарының сапасы бойынша жүргізген мониторинг нәтижесі бойынша Қазақстан жолдарын адам өліміне соқтыратын қауіпті қатынас құрылымының қа­тарына қосып отыр. Соған қара­мастан елімізде жаңа жолдар салынып, ішкі бағыттардағы негізгі инфрақұрылым жақсарып келеді. Мұның дәлелі ретінде аймақтардың арасын жалғайтын автобандардың шақырымдары жыл сайын ұзарып отырғандығын айту ләзім. Яғни келешекте ел ау­мағындағы барлық жолдар даң­ғылға айналады деген сенім бар.

Жол салу мен дамытудың ұзақ жылдарға бағытталатыны түсінікті. Өйткені әлемдегі алып аумақтың бірі ретінде, ішкі қатынас жолдарының ұзындығы да өлшеусіз. Дерек бойынша, жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзақтығы 96,5 мың км. Соның ішінде республикалық желі – 23,7 мың шақырым, ал жергілікті желі – 72,8 мың шақырым. Жаңа айтып өткеніміздей, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2015-2016 жылдары автожол жобаларын орындауға 616 млрд теңге қарастырылған екен. Бөлінген қаржыға 9 жоба іске асырылыпты, олардың негізгілері ретінде Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай, Орта­лық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Бейнеу – Ақтау, Алматы – Өс­кемен, Астана – Петропавл, Жез­қаз­ған – Петропавл, Ақтөбе – Аты­­рау және Орал – Каменка сияқты ба­ғыттарды айтуға болады. Жалпы, жол-құрылыс жұмыстары еліміз­­дің 12 аймағында үзіліссіз жал­ға­сып, 2 мың шақырым жаңғыр­­тылған.

2016 жылы отандық көлік жүйе­сінің инфрақұрылымын дамыту­дың және ықпалдастырудың 2020 жыл­ға дейінгі мемлекеттік бағдар­ламасы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­­дарламасына қосылған болатын. Бұл біріктіру жол құрылысын жүр­­гізуді орта­лық­тандыру мен бір ізге түсіруге жол ашты. Нәти­же­сін­де бөлінетін қаржы да ұлғайып отыр.

Түйін

Біз жоғарыда 2016 жылы жүзеге асқан жұмыстардың дерегін келтірдік. Ал биыл және таяу болашаққа негізделген жос­пар бойынша, яғни 2017-2019 жылдары бағдарлама аясында ұзақтығы 4,4 мың шақырым, құны 1,7 трлн теңгенің 23 жобасын іске асыру көзделген екен. Биылғы жылы автожолдар реконструкциясына 356,2 млрд теңге, оның ішінде Ұлттық қордан 143,5 млрд теңге бөлініп, бұл қаржыға жалпы ұзақтығы 602 шақырым болатын 7 ауыспалы жоба жүзеге асырылып жатыр. Демек аймақтағы ірі қалалар ғана емес, әр ауылдың арасын жалғайтын тақтайдай даңғыл жол ұзарып, автобандар саны көбейе бермек.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»