Парламент • 05 Желтоқсан, 2017

Сенаторлар Ұлттық биотехнология орталығында болды

979 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Ұлттық биотехнология орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында көшпелі отырыс өткізді.

Сенаторлар Ұлттық биотехнология орталығында болды

Онда ғылымды, оның ішінде биология ғылымын дамытудың келешегі және ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыға салынды.

Депутаттар лаборатория жұмысымен танысты және ғалымдардың денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, экология, азық-түлік және өңдеу өнеркәсібінің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелері қойылған көрмені тамашалады. Орталықтың ғылыми жетістіктері генге диагноз жасау, бағаналық жасуша, регенеративті медицина, сұрыптау және өсімдіктердің генетикалық ресурстарын сақтау, ветеринарияға арналған вакциналар, биологиялық белсенді қоспалар, азықтық препараттар мен ферменттер салаларын қамтиды.  

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова шараны аша келіп, әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру туралы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың алға қойған мақсаты қоғамды ғылыми-технологиялық жаңғырту мен инновациялық тәсілдерді енгізуді талап етіп отырғанын атап өтті.

«Бізге аграрлық саланы дамыту, аграрлық-инновациялық тәжірибелік кластерлер құру, құрғақшылыққа төзімді гендік тұрғыда өзгертілген дақылдарды әзірлеу жұмыстарын жүзеге асыру қажет. Бұл міндеттер «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамада белгіленген», - деп атап өтті Б. Әйтімова.

Сондай-ақ жер жүзіндегі азық-түлік әлеуетінің сақталуына, адамзаттың тіршілік ету экологиясына, адам денсаулығы мен келешегіне, энергетикаға байланысты ең маңызды мәселелерді шешуде гендік инженерия мен биотехнологияның өзекті мәселелері аталып өтілді.

Отырыста білім және ғылым министрінің орынбасары Асланбек Әмірин, білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірасилов сөз сөйледі. «Ұлттық биотехнология орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Ерлан Раманқұлов, бірқатар лабораториялар мен ғылыми мекемелердің басшылары жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтжелері туралы парламентшілер алдында есеп берді.

Сенаторлар Бақытжан Жұмағұлов пен Серік Бектұрғанов еліміздегі биотехнологиялық саланың келешегі туралы өз ойларымен бөлісті.

Көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға жіберілді.