Бағдарламалар • 06 Желтоқсан, 2017

100 жаңа есім жайлы кiтаптар шығарылып, деректi фильмдер түсiрiледi

430 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Астанада Ақпарат және ком­му­никациялар министрлігінің жанын­дағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Ақпарат, ақпараттық коммуникациялық технологиялар мен мемлекеттiк қызметтердi көрсету салаларын дамыту мәселелерi сөз болған жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.

100 жаңа есім жайлы кiтаптар шығарылып, деректi фильмдер түсiрiледi

Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұл­танов жетекшілік еткен кеңес отырысында Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақала­сын ел ішінде кеңінен насихат­тау жұмыстарының жай-күйі тал­қыланды. Сонымен қа­тар бас­қосуда сөз алған Ақпа­рат және коммуникациялар ми­нистрі Д.Абаев жақында ғана өз мәресіне жеткен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарынан хабардар етті.

«Біз күні кеше ғана Мем­лекет басшысының қатысуымен ауқымды жиын өткіздік. Онда қо­ғамда қызу талқыланып, қа­таң таразылау арқылы «Қазақ­­станның 100 жаңа есімі» анық­­та­лып, елге жария етілді. Атал­ған жоба аясында біз ар­найы жол картасын әзірледік. Нә­ти­же­сінде, келер жылы осы үздік жүз­дікке енген адамдарға арналған 100 теленовелла жарыққа шығады деген сенімдемін. Мұн­дай бас­тама жөнінде алдағы уа­қытта толығырақ айта жатармыз», деген министр Мемлекет басшысының айрықша назар аударуына орай, жүз жаңа есімнің қатарында жобаға қатысқан 2 100 адам да назардан тыс қал­май­тындығын атап өтті.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үздіктерін таныстыру шарасы кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жалпы тізімге қанша адамның тіркелгенін сұрады. Мен 2 100 адам екенін атадым. Сол сәтте ол осы 2 100 адамның барлығын да назардан тыс қалдырмай, елге үлгі ету қажеттігін айтты. Сондықтан біз бұл адамдардың жастар алдында сөз сөйлеп, ашық сабақтар мен кездесулер өткізуін құптап, жоспар құрудамыз», деді Д.Абаев.

Кеңес отырысында Елба­сы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын кеңінен насихаттау бағытында атқарылып жатқан шаруалар жайында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дар­хан Қыдырәлі баяндады. Оның айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел газеті – «Еге­мен­де» жарияланған бағдар­ла­малық мақаласында алға тар­­тылған мақсат-міндеттер мен та­лаптарды кеңінен түсінді­ру бағытында бас басылым жүйелі әрі жоспар­лы жұмыстарды қолға алды. Бұл жерде ең басты айта кете­тін мәселе – Мемлекет басшысының осы мақаласының ең алдымен «Егемен Қазақстанда» жарық көруі газеттің мерейін асырып, оқырман алдындағы беделін биікке көтергені. Мақаланы дүние жүзінің белді ақпарат құралдары «Егеменнен» көшіріп бас­ты. Яғни бүкіл дүние жүзі «Егемен» арқылы Елбасының мақаласынан бірінші рет құлағ­дар болды. Сәуір айынан қараша айына дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша – 540, білім саласына қатысты 300-ден аса мақала жарияланды. Бұ­лардың басым бөлігі елдегі зия­лы қауым өкілдері мен ға­лымдардың ой-толғаулары, пікірлері», деді Д.Қыдырәлі.

Ал «Қазконтент» АҚ бас­қар­ма төрағасы Евгений Кочетов болса, «100 жаңа есiм» жобасына дауыс беруге 342 мың адам қатысқанын айтты. «Жалпы жо­ба аясында сайтымызда 2 112 өтiнiш iрiктелiп, жарияланды. 15 қазанда басталған онлайн дауыс беруге 302 үмiткер өткен болса, бiр айға жуық уақытта 342 мың қазақстандық дауыс беруге атсалысты. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткiш Тараз қаласының тұрғындарының санына тең. Жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесiнде 102 үмiткер iрiктелiп, 1 желтоқсан күнi Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге қатысты», дедi Е.Кочетов.

Оның айтуынша, «100 жа­ңа есiм» жобасы бойынша жұ­мыс ендi басталды. Алдағы уақытта жоба қатысушылары туралы кiтаптар, брошюралар шығарылып, деректi фильмдер түсiрiледi. Сондай-ақ олардың қатысуымен түрлi кездесулер мен жиындар ұйымдастырылады деп жос­парлануда.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»