Әдебиет • 06 Желтоқсан, 2017

Перизат АҚСЕЛЕУҚЫЗЫ: «Әкем қаламнан шаршағанда қамшы өретін»

1529 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Этнограф-ғалым, жазушы, тарихшы, күйші, композитор, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақселеу Сейдімбектің туғанына биыл 75 жыл. Қазақ руханиятының қаншама ауыр жүгін қатепті қара нардай қайыспай көтерген айтулы тұлғаның шығармашылық жолы өз алдына бөлек әлем, бөлек ғылым. Ол зерттеліп, зерделеніп жатыр, солай жалғаса бермек. Ірі адамдарда ұсақ істер болмайды деген тұжырым бар. Өйткені, оның болмашы істері де ірі болмыстың кішкентай көрінісі, дейді данышпандар. Біз бұл жолы Ақселеудей алып тұлғаның отбасы тіршілігіндегі адами болмысына өз кіндігінен өрген перзентінің көзімен қарап көргіміз келді. Қорғаныс министрлігінің «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы» РММ-нің басшысы Перизат Ақселеуқызымен болған әңгімеміз баласы үшін шынымен де әлемде жоқ әке бейнесі төңірегінде өрбіген еді.

Перизат АҚСЕЛЕУҚЫЗЫ: «Әкем қаламнан шаршағанда қамшы өретін»

– Қадірлі, Перизат Ақселеуқызы! Сіздің әкеңіз, біздің рухани әлеміміздегі алып бәйтерек құлағалы да сегіз жылдың жүзі болыпты. Бұл күнде сіз аталарымыздың «әке – асқар тау» дейтін сөзін қалай сезінесіз?

– Ол өте ғажап теңеу! Сонымен қоса «қасында күнде көріп жүрген соң таулардың биіктігі байқалмайды» деген де сөз бар. Шынымды айтсам, ол енді әр адамның басында болатын да жәй шығар, неге көбірек қасында болмадым екен, неге о кісінің қалауын көбірек орындамадым екен деген өкініштер аз емес. Ол бізді өте қатты еркелететін. Бірақ, бұл бетімен жіберетін деген сөз емес. Отбасында қатал адам еді. Дауыс көтеріп ұрыспайтын да ұрмайтын, бірақ ұялтатын. Ағам Ернар айтатын, «әкемнің қарағанынан ұрғаны жеңіл болар еді», деп. Ренжісе, көңілі толмаса барлығы саған қараған бейнесінен шығып тұрады. Өзі айналасын өте ретті ұстайтын кісі екенін біраз жұрт біледі ғой, бала күнімізде қаламды қалай ұстауды, қалай жазуды бәрін қадағалап отыратын. Тіпті бір парақ жазғаныңнан бір әріп қалып немесе қате кетсе сол парақты жыртқызып тастап қайта жаздыратын. Бір жолы аяды-ау деймін, екі парақ жыртылған соң, үшінші парақта кеткен қате әріпті ұстарамен қырып түзетті.

Ол кісі үшін уақыттан қымбат ештеңе болмаса да орайын тауып бізбен әңгімелесетін. Музей, театрға үнемі ертіп барушы еді. Ол кезде Алматыда тұрдық қой. Орталық музейге қанша рет барғанымызды еске түсіру мүмкін емес. Қайта-қайта бара беретін едік. Әуезов театры мен Ғабит Мүсірепов атындағы театрда қандай жаңа спектакль болады, сонда біз отыратынбыз. Ал, бір қызығы, оған бір сағат, әйтпесе жарты сағат бұрын барып аламыз. Кейде біз «әлі ерте ғой» десек, ол кісі, «иә, ерте баруымыз керек. Онда қаншама кісілер келеді, амандасамыз, әңгімелесеміз» дейтін...

– Сіздің қазір музей басқарып отырғаныңыз тегін емес екен де...

– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Орталық музейге кейде барғымыз да келмей қалатын. Бірақ әкем әр жолы әр затты, әр қырынан таныстыра әңгіме айтатын. Бара жатқанда, келе жатқанда сол экспонат жайындағы әңгімелері қызық болатын. Кейде сол айтқандарына ұқсас не білетінімзді болмаса ертек секілді шығармалар жаздырады. Оған өзі баға қоятын. Салтанат, Мен, Ернар, Зере де бар сол бағаға қызығып талай ертек, әңгімелер жаздық. Аса көп емес, бірақ төрт-бес дәптер бар енді. Сол жазғанымызды көбінде түскі шәйдан кейін оқитын. Өзі де біраз жатып демалатын. Сол кездегі бір әдеті – саусақтарын уқалатады. Әредік басын уқалаймыз. Жазғанымыз жақсы шығып жатса, кейде тіпті, шашының ағын санатып дегендей қасынан шығармайтын.

Менің алты-жеті жастағы кезімде жайлауға барғанымыз есімде. Қойшығара ағамыздың ауылында киіз үйде болдық. Киіз үйде қалай тоңғанымыз, атқа мініп, қозы-лақпен ойнап дегендей, сол көріністер күні бүгінгідей көз алдымда. Кейін Ернарды да ертіп, өзі жазған көптеген этнографиялық дүниелердің қалай жасалатынын көрсетті. Қамшы өргенде, қайыс тілгенде деген секілді. Біз қандай үйде тұрсақ та әкемнің бөлек бөлмесі болды. Қашан көрсем жазып отыратын. Ұйқысы аз еді. Демалғанда балкондағы заттарымен айналысатын. Қаламнан шаршағанда қамшы өретін. Ағаш тіледі, домбыра жасайды, қайыс тіледі деген секілді. Әкемнің бір қасиеті өте тиянақтылығы ғой, сонда балкондағы қаншама заттан бір шашау шықпайтын еді. Бәрі орнында болатын. Біз егер қажет болып немесе ойнап жүріп қаламын алсақ қайта дәл орнына қоятынбыз. Сол орнынан сәл басқа жерде тұрса ұнатпайтын. «Әр заттың өз орны бар, оны орнына қоймасаң өміріңді қиындатасың, уақытыңды жоғалтасың» дейтін. Ол кісінің жазуына анам ерекше жәрдемші болды деп ойлаймын. Қашанда қасында болды. Біздің үй қонақтан босамайтын еді. Сенесіз бе, бір қыста бес жылқы сойған кездеріміз бар. Айта берсең әңгіме көп қой, соғым дегеннің өзі бір мереке болатын. Пышақтарын қайрап, жіліктеп, одан кейін әркімнің сыбағасын беріп дегендей. Кейде түн ортасы болса да анама қабарласып, «қазаныңды көтере бер» дейтін. Қаншама таң әңгіме, әнмен, күймен ататын. Таң қалам, сөйте тұра шаршап жатып қалмайтын, жазуын жалғастырып кете беретін. Жазуы жүргенде өте көңілді болады. Кейде тіпті түн ортасында анамның атын айтып дауыстайды. Анам қасына барса «шақшамды берші» дейді. Сонда шақшасы өзі қолын созса жететін жерде тұрады. Білмеймін, еркелей ме екен. Жазудың машақатынан жеңілдеу шығар, бәлкім.

Әкем сырттан келгенде киімін шешіп орындаққа ма, диванға ма қоя салатын. Оны біз барып ілеміз, реттейміз. Енді ойлап отырсам, онысы баланың әкеге қылар қызметі екен. Әйтпесе, бүкіл заттарын өзі реттейтін адам ғой. Ол кісі бұл жағынан шынымен өзгеше адам болатын. Кейін Астанадағы Орталық музейге біраз кітаптарын өткізді ғой, сондағы қызметкерлер, «Біз Ақселеу ағаның кітаптарын өткізіп алғанда архив тұрғызғанды жаңадан үйрендік. Оның оңай әрі тиімді тәсілдерінің мүлде басқаша қырлары барын сонда білдік» деп қатты таңқалды.

- Ақселеу ағамыз дүниеден өткелі бері де біраз шаралар істеліп жатыр. Осы жылы қандай жоспарларыңыз бар?

- Иә, әкем дүниеден өткеннен кейін алты томдығы жарық көрді. Екінші басылыммен «Қазақтың ауызша тарихы» баспадан шықты. «Алпамысы» және өзге де кітаптары шығып жатыр. 70 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Жыл сайын бильярдтан Ақселеу атындағы дәстүрлі турнир өтіп келеді. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ақселеутану сабақтары жүріледі. Ауылда, ауданда, облыстың мәдениет үйі, мектеп және басқа да мекемелерде ол кісінің музей бұрыштары ашылғанын да айтуға болады. Еуразия ұлттық университетінде жыл сайын ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтеді. Биыл да «Ақселеу Сейдімбек және тарих ғылымындағы шежіретану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Сонымен қоса осы университеттің қарамағындағы «Отырар» кітапханасында өзінің аудиториясы болған. Ол жерде заттары да бар. Соны енді музей-кітапхана қылып істегелі жатыр. Бұйырса, осы жылдың аяғы немесе келер жылдың басында қаладағы №54 мектепке әкемнің атын бермекші. Ол өзі созылыңқы процесс екен. Әйтпесе, екі жылдың алдында Қойшығара аға мен Оразгүл Асанғазықызы шешім шығып, қол қойылғанын сүйіншілеп хабарлаған еді.

Алда әлі осындай шаралар жалғаса берер. Биыл да қалалық әкімшілік өзге шаралар жоспарлаған. Оған біз ғылыми мұраларына ден қойып, еске алу шараларын шағындау өткізгенді қаладық. Шынымды айтсам, 70 жылдықтағы еске алу кеші жұртқа да ауырлау болды. Қаншама ағаларымыз, апаларымыздың көңіл күйіне де қатты әсер етті. Бір жағы ол кезде дүниеден өткеніне үш жыл ғана болған кез ғой, уақыттың да өз дегені болады екен. Бұл енді сол кездегідей жоқтау сипатында емес, еске алу, ғылыми мұраларын зерделеу сипатында болғаны дұрыс деп ойладық. Мысалы, өз басым үш жылға дейін әкем әне-міне қасымда жүргендей сезім кешіп жүрдім. Мен ол кісі үйді қайдан алса, мен де ылғи да сол маңайдан үй алатынмын. Алматыда да, Астанада да солай болды. Келіп, кетіп жүргеніне жақсы ғой. Әкем кейде үйге келіп диванда жатып, балаларды ойнататын. Менің ұлым тіпті, сол кісінің баласы болды. Атасы дүниеден өткенде «ата!» деп қатты бір айқайлады да, содан кейін жыламай қалды. Бір жылға таяу уақыт өткенде бір күні қызым біреуге бірдеңе айтқандай өзімен өзі күбірлеп ойнап отыр екен. «Балам кімге сөйлеп отырсың?» десем «атаммен ойнап отырмын», дейді. Ерекше жақсы көретін еді. Қазір енді есімізді жиып, бір оқиғаға кез келгенде ол кісінің істеген әрбір ісі сабақ секілді болып тұрады. Бала күнімде сапарларға да бірге шыққаным бар. Сонда көрген екі оқиға қатты есімде қалып қойыпты.

– Айтыңыз...

– Бір жолы вокзалдан түсе қалсақ бір әп-әдемі қазақ бала қайыр сұрап тұр. Қасына барған әкем, «әй бала, сабағың қайда?» деп әңгімеге тартты. Бала үйде анасының ауырып жатқанын, дәрі-дәрмекке ақша керектігін айтты. Әкем баланы ертіп алды. Үйге әкеліп тамақтандырып, өзі ерінбей-жалықпай базардан бір қабат киім сатып әперіп, қолына ақша ұстатып жіберді.

Тағы бірде, таң қараңғысында пойыздан түсіп үйге беттеп келе жатқанымызда бір елуден асып, алпысқа жақындап қалған әйел адам көше сыпырып жүр екен. Әкем сәл кідіріп қарап тұрды да қасына барды. Амандасып, айлығын сұрады. Әлгі апамыз «алпыс мың», деді. Әкем ақша қапшығынан алпыс мың теңге алып апаның қалтасына салды. «Бір ай бойы жұмысқа шықпаңыз, бала-шағаңыздың қасында болыңыз», деді. Анау кісінің риза болғандығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Біз өз уақытында ондайды түсіне қоймадық қой, шыны керек. Тіпті, бөтен адамдарға неге сонша шашыла береді деп те ойлағанымды жасырмаймын. Енді қазір ойласам, мән-мағынасы мүлде өзгеше істер екен ғой...

– «Әке балаға – сыншы», дейді. Әрқайсыларыңыздың мінез, болмыстарыңыз туралы айтушы ма еді?

– Бір жолы машинада кетіп бара жатқанда төртеуіміз туралы айтқаны бар. Салтанатты «қайда салсаң содан шығатын, қасқыр қызым ғой», деді. Ернарға «нағыз заңгер» деген баға беріп, сіңілімді «энциклопедия» деді. Ол шынымен не істесе де, тиянақты істейтін. Бүкіл оқу тарихында бір төрт алмаған қыз ғой. Айтқандарының бәрі дәл. Енді мені не дер екен деп, бәріміз аузына қарап отырмыз. Әкем үндемей біраз отырды. Мен қобалжи бастадым. Қалайда бір жақсы баға айтар деген үміттемін. Содан кейін маған қарап сәл жымиып алып, «Перзизат өзіме тартқан ғой», деді әкем. Мәз болдым, әрине. Бірақ сәлден кейін өзгелердікіндей нақты емес болған соң ба, бір жағы бала көңіл ғой, «ол сонда жақсы ма?» дедім. Әкем күлді... Шыныдығында әкем мені қасына көп ертіп жүрді. «Ұл болғаныңда ғой...» дейтін кейде. Ал, ұлы Ернарға бізден гөрі қатал еді. Бірақ оған қоқыс шығартқызбайтын, кілем қаққызбайтын. «Кілемді шығарып бер, жарайды, бірақ қыздардың жұмысына таласпа» дейтін.

Жалпы, біздің үйдің біраз дәстүрі бар еді. Әсіресе, кешкі асқа түгел отыратынбыз. Екі шақыртуға болмайды. Кейде тек әкем ғана жазу жазып отырғанда екі-үш рет барып айтатынбыз. Содан кейін әкемнен бұрын үстелден тұрып кетуге болмайды. Кешкі астан ол кісі бет сипаған соң ғана тұрамыз. Асығыс шаруа болса, рұқсат сұраймыз. Мен тұрмысқа шығарда үйге келген күйеубаласы шынтақтап жатып теледидар көріп жатыр екен, оны көрген әкем мені шақырып алып, «жастық әперсеңші» дегені бар. Осындай қаншама әрекеттерінің күн өткен сайын мән-мағынасын тереңдеп түсініп келемін. Бұл әкемнің көзбен көріп, бойынан өткізген ғылымы ғой.

– Сіз өте атақты адамның баласы екеніңізді сезінетін бе едіңіз?

– Әкем қырық жасқа толғанын үйде тойлады. Несіпбек ағалар өлең оқып, Жәнібек ағалар ән салып, бәрі әкемнің күйшілігін, композиторлығын, жазушылығын айтып мақтап жатты. Сол кезде мен «әкем енді бүкіл арманына жетті, оған енді ештеңе керек емес, әшейін жүрсе болды» деп ойлағаным есімде. Ол өзі бір елдің бәрінде жоқшылық, жұтаңдау кез еді ғой, сол күні достары біздің үйге үлкен кілем әкелді. Ернар бәріміз әлгі кілемнің үстіне аунаймыз келіп.

Одан кейін әкемнің Тәуелсіздік алғанда қатты қуанғаны есімде. Біздің үйде күндіз-түні той болды. Осы Тәуелсіздік туралы өте көп айтатын. «Бізден бұрынғылар аштықты да, қырғынды да, соғысты да бәрін көрді, жандарында тыныштық, тәндерінде рахат болмады. Барлық азапты көрді де кетті. Біз Тәуелсіздікті көрдік. Қандай бақыт!» дейтін. Желтоқсан оқиғасының кезіндегі күндіз-түнгі әңгіме. «Қазақтардың бауыздалып жатқанын бүкіл әлем білмей отыр. Анаған хабарласамыз, мынаған айтамыз» деп дабырласқан сәттері бәрі есімде.

Көзі тірісінде шыққан соңғы кітабы – «Қазақтың ауызша тарихын» жазуға өте көп күш жұмсады. Бірақ сол кітап шыққан кейін бірде үйде Қойшығара ағамен сөйлесіп отырғанда «бұл жұрт кітап оқымай ма, әлде бұларға ештеңе қажет емес пе? Ешкім үндемейді» деп кейіп отырғанын көрдім. Ал, ол кітапты жазу үшін қаншама сапарларға шығып, ел ішінен материал жинады. Бала күнімде апталап, айлап сыртта жүрген әкемді сағынып, бір бұрышта отырып жылайтынмын. Бар уақытын бізге бөлсе ғой, деп армандайтынмын. Әрине, ондай әке бар уақытын бізге бөлсе де бәрібір аз болатын еді...

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен,

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»