Бокс • 06 Желтоқсан, 2017

ШҚО-да жасөспірімдер арасында бокстан турнир басталды

777 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдер арасында Тәуелсіздік күніне арналған бокстан облыстық турнир өтуде. Аталмыш спорттық шарада 14 команда, 142 спортшы бақ сынасуда.

ШҚО-да жасөспірімдер арасында бокстан турнир басталды

Жас боксшылар бәсекесінің ашылуында Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Әбдікәрімов барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. «Құрметті қонақтар, жарысқа қатысушы спортшылар, сіздерді бүгінгі спорт мерекесінің ашылуымен құттықтаймын. Қазіргі айтулы мерекелеріміздің бірі – Тәуелсіздігімізді тойлауға мұрындық болған бабаларымыздың ерлігін естен шығармауымыз тиіс. Бүгін түндігін түрген бокс жарысында барлықтарыңызға ақ жол тілеймін», деді ол.

Сондай-ақ, жарыстың ашылуы барысында ауданның спорт жанашырлары Шығыс Қазақстан облыстық олимпиадалық резерв дайындығы орталығының директоры, ҚР құрамасының жасөспірімдер арасында аға жаттықтырушысы Қайрат Сатжановты «2017 жылдың жасөспірімдер арасында ең үздік жаттықтырушысы» номинациясын жеңіп алуымен құттықтады.

Былғары қолғап шеберлерінің бәсекесі биыл алғаш рет облыстық деңгейде өткізіліп отыр. Спортшылар барлығы 15 салмақ дәрежесінде мықтыны анықтайтын болады. Облыстық турнирде үздік нәтиже көрсеткен спортшылар алдағы уақыттарда өтетін ірі додаларда өңір намысын қорғайтын болады. Айта кетейік, облыстық турнир желтоқсанның 7-не дейін жалғасады.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы