Парламент • 06 Желтоқсан, 2017

Сенатта «Дамуға ресми көмек туралы» заңды іске асыру барысы талқыланды

236 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде «Дамуға ресми көмек туралы» заңды іске асыру мәселелері бойынша еліміздің Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен кездесу болды.

Сенатта «Дамуға ресми көмек туралы» заңды іске асыру барысы талқыланды

Сенат комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева кездесуді аша келіп,  жаһандық дамуға көмектесу біздің еліміздің сыртқы саясатының маңызды салалаларының бірі екенін атап өтті. 20 жыл ішінде Қазақстан 450 миллион АҚШ доллары көлемінде көмек көрсетті.

«Бұл салада жүйелі көзқарас пен тиісті үйлестіру болмағандықтан Қазақстан заңнамасында дамуға ресми көмек ұғымы реттелмеген. «Дамуға ресми көмек туралы» заң қабылданғаннан кейін бұл мәселелер реттелетін болады», - деді сенатор.

Осы тетіктің жаңалығын ескере отырып депутаттар дамуға ресми көмек туралы заңның қаншалықты тиімді жүзеге асырылғаны және ол елдің атақ-абыройына пайдасы туралы ақпарат сұрады.

«Дамуға ресми көмек туралы» заңды іске асыру аясында атқарылған жұмыстар туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев баяндама жасады. Ол сенаторлардан дамуға ресми көмек саласында «KazAID ұлттық операторын құруды қолдауды сұрады.

«KazAID» агенттігінің құрылуы дамуға ресми көмектің ұлттық жүйесінің қажетті және маңызды саласы болып табылады. «KazAID» компаниясының тиімді қызметі аймақтағы елдер арасында Қазақстанның абыройын нығайтады және көрші елдердегі экономикалық жағдайдың жақсаруына ықпал етеді», - деді Е.Ашықбаев.

Сенаторлар Дархан Кәлетаев, Серік Жақсыбеков, Нұржан Нұрсипатов, Төлеубек Мұқашев осы саланы жетілдіру бойынша бірқатар ескертулер мен ұсыныстар жасады.

Кездесуді қорытындылай келіп, Дариға Назарбаева халықаралық көмек көрсетудің маңыздылығына тоқталды және түсіндіру жұмысындағы кемшіліктерді атап өтті. «Қазақстанның гуманитарлық және дамуға ресми көмек көрсету саласындағы күш-жігері әлемде соншалықты танымал емес. Бұл орайда Сыртқы істер министрлігі жеткілікті түрде жұмыс істемейді. Бұл біздің еліміздің абыройы, сол арқылы біздің елімізді халықаралық қоғамдастықтың жасампаз мүшесі ретінде сипаттайды. Қазақстан сияқты дамып келе жатқан ел үшін 450 миллион АҚШ доллары көлеміндегі көмек әжептәуір жәрдем. Неліктен бұл туралы не қазақстандықтар, не әлем қоғамдастығы білмейді? Бұл СІМ мен Үкіметтің жұмысындағы өте үлкен олқылық», - деді комитет төрағасы.