Әдебиет • 07 Желтоқсан, 2017

Селеулі дала перзенті

409 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жоралы жұртымыздың тілеуіне орай ұлтының жоғын іздеп, барының берекесін кіргізетін, қандай заман туса да ұлттық алтын тамырдан қол үзбеген азаматтар ұдайы сарабдал тарих сахнасынан бой көрсетіп отырған. Құдайға шүкір, ұлттық болмыстан айырыла жаздап, өткенді ұмытып, «жаңашыл» боламыз деген тұста да туған тіл мен бойға сіңген ділді, ата өнерін тура солай жанкешті еңбекпен қорғап, бүгінге жеткізген ардақты ұлдар бар. 

Селеулі дала перзенті

Қазақ зиялыларының алпысыншы жылғы толқыны бастаған сол үрдіс ұдайы жас ұрпақтан қолдау тауып, әр сәт сайын жаңа қадамдар жасап отырды. Одан әрі Ахмет Жұбанов «Ғасыр пер­нелері», «Замана бұлбұлдары» деп ән мен күйдің мол қазынасына бастау салып кетсе, кейінірек бұл сала Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» деген іргелі еңбегімен жалғасын тауыпты. 

Еңбек жолын журналист, жазушы болып бастаған Ақселеу Сланұлының ғұмыр жолы күреске, қайраткерлікке толы. Ғылыми тарихта көп айтыла бермейтін «Қазақтың ауызша тарихы» кіта­бының өзі – қазақ болмысының айшық­ты өрне­гіндей. Ақселеу Сей­дімбектің жазу өне­рінен бөлек, зергерлік бұйымдарды да өзі жасауы ең алдымен ұлтын тану, өзін та­ну, сол арқылы қа­зақ болмысын жұртқа насихаттау еді. Өз қолымен жасаған домбырасы,­ ­қамшысы, таяғы, шақшасы бүгін жәдігерге айналған. Әр қазақтың демесек те, жалпы ұлт бойынан өшпеуге тиіс ата өнердің бірі – осы. Үнемі ұлтқа қажет дейтін тақырыптың төңірегінен табылып, ұдайы жас ұрпаққа керек деген танымдық дүниелерді жазған, сол арқылы қазақ болмысының іздеушісіне айналған Ақселеу Сейдімбектің дүниеге келгеніне биыл 75 жыл. Марқұмды еске алу үшін Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ақселеу Сейдімбек және тарих ғылымындағы шежіретану мә­селелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Университет жанындағы «Қазақстан хал­қы Ассамблеясы толеранттылығы және этносаралық қатынастар орталы­ғы» ұйымдастырған шараға шетелден ғалым­дар, еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жа­зу­шылар қатысты. Халықаралық конференция Л.Н.Гумилев атындағы Еу­ра­зия ұлттық университетінің ректоры,­ ҰҒА академигі Ерлан Сыдықовтың ал­ғы сөзімен ашылып, жиынға ЕҰУ-дің әлеу­меттік-мәдени даму жөніндегі проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы модераторлық жасады. Пленарлық мә­жілісте Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Қ.Салғара «Ақселеу – ұлттық тұл­­ға», Қазақстан халқы Ассамблеясы то­­­ле­ранттылығы және этносаралық қа­­тынастар орталығының директоры, та­рих ғылымдарының докторы, профессор С.Сыздықов «Ортағасырлық қар­лық түр­кілерінің қазақ шежіресімен бай­ланысы», ҰҒА академигі Х. Әб­жанов «Сакралды география: мәні, құ­рылымы, келешегі», филология ғы­лымдарының докторы, профессор Ш. Ыбыраев «Қа­зақ­тың дәстүрлі мәдениетін зерт­теушісі», филология ғылымдарының докторы Б.Рахымов «Селеулі дала перзенті» та­қырыбында баяндамалар жасады. Кон­ференция барысында А.Сейдімбек туралы деректі фильм көрсетіліп, ғалым ту­ралы кітаптардың тұсаукесер рәсімі ұйым­дастырылды. Халықаралық шара «Еуразияның ауызша тарих дәстүрі (ше­жіре)» және «Әдебиеттану, тілі бі­лімі және журналистиканы зерттеу мә­селелері» тақырыбында екі секция бо­йынша өз жұмысын жалғастырды. 

Ақселеу Сланұлының ел бірлігін сақ­тау, мемлекет тәуелсіздігін нығайту, ұлт руханиятын ұлықтау тақырыбына жаз­ған тағылымды еңбектері өз алдына бір төбе. Отызға жуық көркем, ғылыми-көп­шілік, монографиялық еңбектер жазып, соңына мол мұра қалдырған Ақселеу Сейдімбектің ардақты есімі – қазақ жүрегінде.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»