Медицина • 07 Желтоқсан, 2017

Денсаулық сақтау саласына инвестиция керек

709 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Адам баласының қалыпты өмір сүруі үшін бәрі маңызды. Пенделік мұрат ештеңені керек емес деп ысырып тастай алмай барлық игілікке ұмтылдырып, білімге де, дүние-мүлікке де, есеп­сіз мол байлыққа да тоймай, қысқасы, барлық жақсылық өзі­ме тән болса деген ниеттегі емінуден бір айнымайды. Бі­рақ соның барлығы деннің сау­лығында ғана. Ал басы ауырып, балтыры сыздаса сол ұм­тыл­ға­нының барлығы жиылып бір денсаулыққа жетпей қалады. Сондықтан басты байлық атанған осы қазынаға қатысы бар салаға жүргізілетін реформалардың бә­­рі­не ел құлағы үнемі түрулі. На­рықтық қатынастар денсаулық сақтау саласына өз өзгерісін алып келді. Мемлекет тарапынан оның дамуына көңіл бөлініп, осы заман тынысына жауап беретін іргелі клиникалар салынды. Озық технологиялар көмекке келіп, диагностикадан бастап, сапалы ем жүргізетін ауруханалар мен емханалар көбейді. Әйтсе де салада шешілмеген түйіндер баршылық. Халық дәрігерге қаралуға барса, сала құлаш кезектерден қажиды. Диагноздарын дұрыс қоя алмайтын білігі аз дәрігерге кез бо­лады, стационарға жату үшін пор­талдағы кезегім қашан келеді деп сарғаяды, хош, дәрігерге кіріп, қаралып, жазып берген дәрісін алайын десе дәріханалардағы бағалары удай дәріге ақшалары жетпейді. Не керек, сарсылтатын жайлар көп. Тығырықтан шығу­дың жолдары қайсы?

Денсаулық сақтау саласына инвестиция керек

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласына ин­вес­тициялау тақырыбында өт­кен форумда сөз сөйлеген Пре­мьер-Министрдің орынбасары Е.Досаев «Ел экономикасына мем­лекеттің қатысуын ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін азайту мақсатында Мемлекет басшысы Үкіметке жекешелендіруді жеделдетіп, 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл денсаулық сақтау жүйесіне де қатысты. Жекешелендіру формасы жаңа меншік иелеріне мемлекет иелігіндегі активтерді сатудан бастап, мемлекет-жекеменшік әріптестігі, сенімгерлік басқару және басқа да түрлі кооперация фор­маларын енгізуге дейінгі түрлерде болмақ. Осы мүмкін­дікті пайдалана отырып, жеке сектор өкілдерін бұл іске белсене қатысуға шақырамын», деді.

Қазіргі күні елімізде 7914 ден­саулық сақтау нысаны болса, соның 1150-і жекеменшіктің үлесінде. Е.Досаев денсаулық сақ­­тау саласын тек әлеумет­тік сала деп қараудың жеткіліксіз­дігіне тоқталды. 2020 жылға қа­рай әлеуметтік салаға арнал­ған мемлекеттік бюджет шығын­дары 47,4 пайызға жетеді деп болжанса, оның басым бөлігі ден­саулық сақтау саласына тие­сілі көрінеді. Оның үстіне 2018 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап Мін­детті әлеуметтік ме­ди­ци­на­­лық сақтандыру қоры тегін меди­циналық көмектің кепіл­дендірілген көлемімен жұмыс істейтін бірегей оператор ретінде өз қызметін бастайтыны да мә­лім. Бұл кәдімгідей нарықтық қатынастарға құрылған жүйе. Денсаулығының бекемдігін адам өзі сақтандырып, 2020 жылдан бастап қорға жиналған қаражат есебінен денсаулық сақтауды қаржыландыру құрылымында елеулі өзгерістер орын алмақ. Өзгерістердің айы оңынан ту­са,­ кәні деп елеңдескен жұрт үшін Үкіметтің республиканың ден­саулық сақтау жүйесін ин­вес­тициялағысы келгендерге қолайлы жағдай жасаймыз деген уәдесінің маңызы үлкен. Жекелеген кәсіпкерлердің бұл істе қалай әбжілдік танытатынын­ кім білген? Ал форумға қатысушы шетелдік бизнесмен «Денсаулық саласындағы жұмысымызда біз үш маңызды аспектіні қамтыдық. Алғашқысы мамандарды оқыту, білімдерін жетілдіре түсу, екін­шісі, сапалы қызмет көрсету. Бұл­ ретте біздің жұмысымызға мем­лекет тарапынан бақылау жы­лына 2 рет және жариялы түр­де жүргізіледі. Бақылауларда ауруханалар қызметінің мем­лекет­тік емдеу орындарына қа­­ра­ғанда арзанырақ түсетіні әрі ­25 пайызға тиімді және жо­ға­ры деңгейде көрсетілетіні анық­талды. Үшіншісі, біздегі ем­де­лушілердің көңіл күйлері. Па­циент­терімізде төлеген салы­ғы­ мен жарналарының дұрыс жұм­салғанына деген моральдық тұр­ғыдан қанағаттану сезімі болды. Денсаулық саласына жеке бизнестің араласуы ұзақ мерзімді талап ететін жұмыс. Сонымен қатар осы ұзақ уақыттағы еңбекте біздерге халықаралық қаржы инс­титуттарының қолдаулары қажет», деді Мануэль Бош Аркос. 

Роб Мак Дональд – денсаулық саласына инвестиция салушылар­дың бірі. «Біздің Владивостокта жеке аурухана ашуымыз қиындау жүрді. Себебі тарифтер төмен еді. Жалпы, бұл салаға инвес­тиция салушы әрбір бизнесмен өз пайдасын бірінші ойлайды. Бұл жерде ешқандай альтруизм жоқ. Веб сайттарында не жазып қой­са да, саладағы жұмысты бей­­нелей айтқанда, түрлі арманы бар бірнеше адамның бір төсекте жатқанындай дер едім. Инвестор арманы – пайда табу, үкіметтікі өзіне түсер сал­мақты азайту, ал үшінші, жо­баны жү­зеге асырушы емдеу орны­ның мық­ты басшыларының жұмысы. Ин­вестицияны кім салғанына қа­рамастан, осы үшін­шінің қимы­лына көп нәрсе байланысты. Біз­­­дің ойымызша, посткеңестік ор­­­таның мәдени ерекшелігі бар. Оны жеңіп, ауру­ханаларды мем­ле­кеттік бас­қарудан алып, жекеге беру оңайлықпен жүрмейді. Ал жобаны атқарушы басшылар қа­лай тағайындалады? Оған да қатты мән берген дұрыс. Сіз­дер оларды шетелден тікелей ша­қырасыздар ма, әлде аутсорсинг арқылы команда табасыздар ма? Дегенмен, арада неғұрлым көп делдал жүрген сайын көрсетілер қызмет бағасының қымбаттай түсетінін есте ұстаған жөн», деді.

Денсаулық саласына инвес­торлар тартуда қаперде ұстай­тын жайттар тек жоғарыда ай­тыл­­­ғандармен шектелмейтіні тү­сінікті. Шетелдік сарапшы аң­­да­ғандай, оның ұзақ жылғы әріп­­тестік арқасында нәтиже бе­ретіні айқын. Алайда көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан медицина көп найқалуды да жаратпайды. Соның бірі – денсаулық саласын цифрландыру мәселесі. Азия даму банкінің өкілі Меган Конахан цифрландыруды секторды дамытудың катализаторы деп бағалады. Мәселен, Австралия мемлекеті цифрландыруды АБР-мен бір­лесе енгізіп, банк тарапынан қажетті бағдарламамен тегін қамтылғанда орасан зор қаржы үнемдеген көрінеді. Мысалы, тек анализдердің қайталанып жа­­салуына 1,5 млрд доллар шы­­ғын жұмсалып келсе, цифр­лан­­дыру негізінде базада тұр­ған мәліметтердің қайта анализ алу­дың қажеттігін толық жой­ғанын айтқан. Әрине елдердің дамуы біркелкі емес, сондықтан да кей мемлекетте ол аймақтық, өңірлік немесе бір фрагменттік дең­гейде жүреді. Ал тұтас ел ай­мағын қо­судың маңызы өте жо­ғары. Бұл рет­те Қазақстан тә­різді аумағы үл­кен ел үшін оның мәні тіптен зо­рая түседі.

Әдетте телемедицина деген­де оны алыс аймақтарға, ауылдарға қажетті консультациялар беруге арналған жеңілдік дейтін түсінік орнаған. Форумға қатысушылар оның қалаға да қажет екенін айтады. Біріншіден, интернет бар­­­­лық саланы өзгерту үстінде. Оқы­­­­­­­­ту, банк қызметі сауда ісіне ден­деп енуде. Тіпті таксиді де, ішетін тамағың мен киіміңді де интернет арқылы алдыруға болады. Сөйтіп алтын уақытыңды үнемдеп жатқанда қала тұрғын­дары телемедицинаның осы игі­лі­гін неге қолданбауы тиіс?

Пациенттің біріншіден жолға уақыты кетпейді, екіншіден, ауру­ханаішілік инфекция таралуын тежейді, әрі екі жақта да дәрігерлер пациентті көріп отырады. Сол себептен телемедицинаны қалада пайдаланудың артықшылығы мол. Ал «ЦИТ Да­му» ЖШС бас директоры На­талья Киль пациент­тің электронды паспортын енгі­зу­ді баяндауынан шынымен көп­шілік үшін өте пайдалы екенін бағамдадық. Соның арқасында емханаларда тіркелген тұрғындардың амбу­латорлық картасын толтыру, жы­лына бірнеше диспансерлік есеп­те тұратын пациенттердің ем­хана табалдырығын тоздыр­май, қажетті ем-домы мен дәрі­лерін алудағы жеңілдіктері айтар­лықтай болады екен. Ал осы жерде жеке бизнестің ілкімділігін орнымен пайдаланса қоғам үшін пайдалы болатын тұстары көп. Алайда бұл іс тарифтердің өсуіне алып келіп, жоқ-жұқана жұрт­тың қалтасына ауыр соқпай ма деген сауалға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Қалаларда емханалық көмек саласында жеке секторды дамыту­дың үлкен мүмкіндіктерін көріп­ тұрмыз. Жеке сектордың да­муы­на шағындап қайта ұйым­дастыру тұрғысынан қолдау көр­сетіледі. Емханалар мен емха­налық ұйымдар, диагностика ор­талықтары сенімгер­лік басқаруға беріліп, жекешелен­дірілуі мүмкін. Қазір елімізде нарық­ бар, елеулі тарифтік саясат­ та бар. Біз бұл жер­де ме­ди­ци­на­лық қызметтер та­рифі күрт өседі деген қауіпті кө­ріп отыр­ғанымыз жоқ. Бірақ мұн­да аса мұқияттылық танытып отырмыз. Бір-бірімен бәсекеге түсетін аймақтық ауруханалар немесе жаңғырту мен қайта жөндеуде өзекті мәселелер болса, онда же­ке сектормен келісімшарттық баз­а бойынша жұмыс атқарудың ма­ңызы зор. Бірінші кезекте мем­лекет-жекеменшік әріптестігі негі­зінде сенімгерлік басқаруға бет алуды ұйғарып отырмыз», деді.

Министрдің бағамдауынша, соңғы жылдары мемлекет тарапынан жасалған елеулі инвес­тицияларға қарамастан, ден­саулық сақтау саласының көп­теген нысандары сапалық және физикалық тұрғыдан ескіріп біткен. Әйтсе де даму деңгейі бізбен шамалас елдермен салыс­тырғанда, елімізде аурухана төсегі жеткілікті. Демек, біз қым­бат стационарлық мүлікті тиім­ді қолдана алмай келеміз. Медициналық техникаға айтар­лықтай инвестиция салынды, бар­лық халықаралық технология­лар бізге қолжетімді. Бірақ техника сапалық тұрғыда тез ескіріп қа­латындықтан оны ауыстыруға қомақты қаражат қажет. Демек, ден­саулық сақтау жүйесіндегі жеке сектор үлесін өзге де жолдармен көтеру керек.


Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»