Медицина • 07 Желтоқсан, 2017

Агроөнеркәсіпті жаңғыртудың инновациялық жолы

770 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елбасы биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешені экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиістігін айтқаны мәлім. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында Қазақ ұлттық аграрлық университеті базасында агротехнологиялық хаб формасында зерттеу университетін құру туралы атап өтілген еді. Аталған оқу орны кезекті Орталық Азия агротехнологиялық саммитін өткізуді жоспарлап отыр. Жиын қарсаңында университет ректоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Тілектес ЕСПОЛОВПЕН осы және басқа да мәселелер бойынша әңгімелескен едік.

Агроөнеркәсіпті жаңғыртудың инновациялық жолы

– Тілектес Исабайұлы, жуырда Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында еңбек нарығында да­йын маманға сұраныстың төмендегенін айтқан болатын. Бұл мәселенің себебі мен шешімі қандай?

– Елімізде 3 бейіндік және аграрлық саланың 14 мамандығы бойынша 20 жоғары оқу орны, оның ішінде жекеменшік 7 университет және 59 колледж ауыл шаруашылығына маман дайындайды. Бұл мамандықтар бойынша 7,5 мыңға жуық білімгер жетекші үш жоғары оқу орнында білім алуда. Соның 70 пайызға жуығы біздің университетте оқиды. Ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселенің бірі – агроқұрылымдардың ұсақтығы. Ауылшаруашылық өнімін өндірумен 185 мыңнан астам агроқұрылыммен қатар 1,6 миллионға жуық үй шаруашылығы айналысады. Жалпы, агроқұрылымдардың 96 пайызы (177,6 мың) шаруа қожалықтары. Олардың жер көлемі мен шаруашылық деңгейі интенсивті негізде кең көлемде тауар өндіруге мүмкіндік бермейді. Жалпы өнімнің 27 пайызы осы іспетті шаруа қожалықтарына тиесілі болса, ал 40 пайызы егістік жері 10 гектардан аспайтын фермерлерге тиесілі. Шаруа қожалықтарының 81,2 пайызының егістік алқаптары 50 гектардан аспайды. Яғни бұл саладағы өнімділік деңгейі төмен екендігін көреміз. Сонымен қатар үй шаруашылығына елдегі мал шаруашылығы жалпы өнімінің 74 па­йызы тиесілі. Ұсақ құрылымдар өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инновацияны енгізу, қауіпсіз азық-түлік жеткізу мәселелерін өздігінен шешуге қабілетсіз. Сондай-ақ білікті мамандарды жұмысқа тартуға мүмкіндігі шектеулі. Көпшілігі жас мамандарды лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдаймен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан аграрлық мамандықты меңгерген түлектер ауылға баруға құлшынбайды. Бұған дейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына бұл саладан «Ветеринарлық медицина» мамандығы ғана қосылған екен. Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі мен университеттің ұсынысымен бағдарламаға үш мамандықты қосуға қол жетті. Енді алдағы жылдан бастап жас агрономдар, балық шаруашылығы және мал шаруашылығы мамандары қосымша қар­жылық қолдау мен әлеуметтік көмекке ие болады. Яғни жас мамандарды тарту үшін ұсақ шаруашылықтардың кооперацияға бірігуін және ғылым, білім, өндіріс интеграциясын қарқынды жүргізу қажет.

Ауылға жас маманның келмеуінің тағы бір себебі – кейінгі жылдары аг­рар­лық ма­ман­дықтарда оқитын қыз бала­лар көп. Мы­салы, бізде бакалавриат­та білім алу­шылардың 60 пайызы – қыз­дар. Сон­дық­тан әскер қатарынан оралып, аграрлық сала бо­йынша оқуға түсетін талапкерлерге бірқатар жеңілдік қарастырылуы қажет. Осы санаттағы талапкерлер қа­жетті өту балын алған жағ­дайда оқуға конкурссыз қабылдануы тиіс. Ал колледж бітірушілер ақылы оқуды таңдаған жағдайда, оларды әңгімелесу арқылы қабылдаған дұрыс. Мемлекеттік тапсырысты бөлу ережесін де қайта қарау қажет. Сұранысқа ие ауыл шаруашылығы және ветеринария мамандықтары бо­йынша мақсатты гранттарды облыс әкімдігінің тапсырысы негізінде беру және оны өндірісте 5 жыл еңбекпен өтеуді қарастыру қолайлы шешім болар еді. Тағы бір мәселе, көптеген мемлекеттік гранттар маманданбаған жоғары оқу орындарына кетеді. Бұл маман дайындау сапасына кері әсер етеді. Сол себепті мемлекеттік гранттардың 70 па­йызын аграрлық саладағы жетекші жоғары оқу орындарына бөлген абзал. 

Жуырда үкіметаралық делегация құрамында Беларусь пен Қазақстан жоғары оқу орындары және ғылыми-зерт­теу инс­титуттары арасындағы ғылым-білім консорциумының қызме­тін үйлестіру бо­йынша жұмыс комиссия­сының VI отырысына қатыстым. Беларусь­тік әріптестермен маман дайындау жә­не жұмысқа орналас­тыру мәселелері бойынша пікір алмастық. Мысалы, Бе­ларусь мемлекеттік ауыл шаруашы­лығы академиясының мақсатты дайындық бо­йынша білім алған түлектері өндірісте 5 жыл, ал мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алғандары 2 жыл жұмыс істейді. Бұл қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектеріне де қатысты болғаны жөн деп есептейміз. 

– Агроөнеркәсіп кешенін дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арналған бағ­дар­ла­ма­сында ауыл шаруашылығы ма­ман­дығына гранттардың көптеп бөліне­тіндігіне қарамастан, жоғары білімді кадрларға тапшылық байқа­латыны айтылды. Бұл жағдайды сіз қалай түсіндірер едіңіз?

– Иә, 2014-2016 жылдары мамандарға және ғылыми кадрларға деген жалпы қаж­еттілік 6 456 адамды құрағаны көрсетіл­ді. Кадр тапшылығы негізінен ғалым-аг­роном, ветеринар дәрігер, зоо­инженер, инженер-механик, инженер-технолог, экономист, бухгалтер сияқты мамандықтар бойынша сезіледі. Жергілікті атқарушы орган­дар­дың деректері бо­йынша, АӨК субъек­тілерінің 80 пайызы мамандарға зәру. 13 мыңнан астам заңды тұлғалардың – ауылшаруашылық тауар өндірушілер мен басшылық құрамында қызмет атқаратын мамандардың 12 пайызының ғана аграрлық жоғары жә­не аяқталмаған жоғары білімі бар. Ма­ман­ды сапалы дайындау үшін заман­ауи үлгіге кө­шу қажет. Яғни білім беру ин­но­вация­ға бағдарланған кәсібилік дағды мен кә­сіпкерлікті дамытуға бағыт­талуы тиіс. Болашақ мамандар агробиз­несте инновациялық технология­лар мен жаңа білімді ұтымды пайдалана білуі қажет. Бұл мақсатта универ­си­тетте барлық мамандыққа агробиз­несті ұйымдастыру, кәсіпкерлік қызмет­ті басқару, жобаларды басқару іспетті пәндер енгізілді. Агробизнесті страте­гиялық зерттеу орталығында студенттер агроқұрылымдарда бизнес-жоспар әзірлеуді үйренеді. Бұл диплом жұмыс­тарына жеке бөлім болып енгізіледі. Яғни білім алушы нақты экономика мәселелерін шешуге ықпал етеді және нәтижесі тиімді болса, кейін жұмысқа орналасуында қиындық болмайды. Жоғары оқу орнының міндеті – жақсы білім берумен бірге, білім алушының қабілеті мен талантын ашуға бағытталған. Университет студенттердің болашақта бизнесмен болуына ықпал ететін орта жасауда. Дайындықтың үш деңгейі – дип­лом жұ­мысы магистрлік жұмысқа, әрі қарай док­торлық жұмысқа жалғасады. Сонда нақ­ты ғылыми нәтижеге қол жеткізуге болады.

Дипломдық жұмыс нәтижесінде өндіріске енгізілетін нұсқаулық дайындалады және стартап жобалар құру жұмысы осыған бағытталған. Кафедраларда ғылымның барлық бағыты бойынша 70 стартап іске асырылуда. Атап айтқанда, дронды қолдану арқылы ауылшаруашылық жерлерін қашықтықтан барлауға арналған «Flyworx», талдау және маркетингтік зерттеуге бағытталған  «GreenPoint Marketing», қалалық типтегі инновациялық жылыжайларды іске қосу үшін «UrbanGreen», жедел ветеринарлық көмек көрсетуде «Айболит» жобалары. Студенттеріміз нидерландтықтармен бірге ЭКСПО-2017 көрмесіне инно­ва­циялық жобалар ұсынды. Көрме бары­сында шетелдік компаниялармен келісім­шарттарға қол қойылды. 

Барлық өңірде мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамытып келеміз. Мысалы, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жам­был, Қызылорда, Қарағанды, Оңтүстік Қа­зақстан облыстарында қанатқақты жобалар анықталды. Әр аудандағы ірі аг­роқұрылымдарда, қайта өңдеу кәсіп­орындарында, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында агромамандар дайындаудың барлық бағыты бойынша оқу-ғылыми-өндірістік орталықтар ашылды. Осы 500 қанатқақты шаруашылықта 7 айға дейінгі мерзімде тәжірибеден өтеді. Университет білім, ғылым және өндірістің өзара әрекеттестігінің инновациялық моделін қалыптастыра алды. Мәселен, «Байсерке Агро» оқу-ғылыми-өндірістік орталығында ауылшаруашылық да­қыл­дарын өсіру-өндіру барысында отандық ғалымдар ұсынған инновациялық технологиялар қарқынды енгізілуде. Білім алу­шылар осы орталықта тәжірибенің барлық түрінен өтеді. Осындай ғылыми негіздегі жұмыстар басқа да ұйымдармен жүргізілуде.

Тәжірибелік дайындықты күшейту үшін университетте студенттік вете­ри­нар­лық, жерге орналастыру, механи­ка-
­ландыру, өсімдіктерді қорғау, гидроме­­лио­ративтік жұмыстар бойынша жасақтар еңбек етеді. Еңбек нарығында бәсе­кеге қабілетті, сұранысқа ие, креа­тивті ойлай білетін, инновациялық бағ­дар­лан­ған мамандар дайындау үшін бар­лық жағ­­дай жасалған. Біз бұл үшін дамы­ған ғы­лы­ми-білім инфрақұрылымын құру жә­не жоғары білікті, құзыретті кадр­лық әлеует­ке ие болу керектігін жақсы түсі­неміз. Өйт­кені маман жұмыс беру­шінің тала­бы­на сай болып, еңбекке бірден кірі­сіп ке­туі, яғни шаруашылық оны оқы­тып үйретуге уақыт пен қаржы жоғалт­пауы қажет.  

– ҚазҰАУ – индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы аясында маман дайындаудың базалық жоғары оқу орындарының бірі. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылуда? 

– Иә, ҚазҰАУ индустриялық-инно­­ва­циялық даму бағдарламасында өнеркә­сіптің екі, яғни тамақ және химия салалары бойынша кадр да­йындауды қамтамасыз ететін 10 оқу орнының бірі. Осы ретте «Нұрлы жол» орталығы ашылып, «Технологиялар мен азық-түлік өнімдері сапасының инновациялық ғылыми-білім беру орталығы» құрылғанын айта кеткен жөн. Ал 2015-2016 жылдары жаңа 4 зертхананы заманауи қондырғылармен жабдықтау үшін Үкіметтен 642,5 млн теңге бөлінді. Құрылған зертханалар маман дайындаудың барлық деңгейі бойынша азық-түлік шикізаты, өнім сапасы мен қауіпсіздігі технологиясы, өсімдік және мал өнімдері шикізатын өңдеудің жаңа технологияларын әзірлеу, азық-түлік өнімдері технологияларының дамуына ықпал ету және тамақ, қайта өңдеу өнеркәсібінің жаңа технологияларын әзірлеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ топырақ, су және шикізаттың экологиялық сапасын анықтау бойынша талдау жүргізу бағыттарын қамтиды. Зертханалар эксперименттік және ғылыми зерттеулерді жоғары нақтылықпен және өндіріс жағдайына жақын орындауға мүмкіндік береді. Мысалы, «Жасыл биотехнология және жасушалық инженерия» зертханасында зерттеулер тамақ өнімдеріндегі ксенобиотиктерді анықтау әдісімен жүргізіледі. Бұл жерде микроағзаны идентификациялау және жануарларды генотиптеу бо­йынша міндеттер шешіледі. Жануарлар мен өсімдік ауруларына диагностика жасағаннан кейінгі қорытындылар әр құрлықтағы 34 агротехнологиялық орталыққа, шетелдік серіктестерге диаг­нозды нақтылау үшін жіберіледі. Асыл тұқымды малдардың, ауылшаруашылық дақылдары сұрыптарының банкін құру және алынған нәтижелерді тиімді пайдалану үшін цифрлы биоинформатика зертханасын ашу жоспарлануда. Бұл ауруды анықтау және емдеу бойынша жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. 

Қазіргі уақытта аталған ИИДМБ зертханалары аккредиттеу рәсімінен өтуде. Осы шаралардың оң әсерін университет қызметкерлері қызмет ететін зертханаларды қосымша жабдықтау үшін жалпы сомасы 441 млн теңгені құрайтын инвестициялық жоба әзірленгенінен, майлы дақылдарды, жеміс-жидек пен көкөніс дақылдарын өндіру мен өңдеу бойынша зертханалар ашу жұмыстарынан көреміз. Республикалық бюджет комиссиясының 2018 жылға арналған жоспарында бұл мақсатқа 1,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінбек.

Жақында Парламентте индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген қаржыны тиімді қолдану нәтижесін тексеруге арналған отырыс болды. Жаңа инновациялық лабораториялар мен оның аккредиттеуден өтуі, түлектердің үшжақты келісімшартпен жұмысқа орналасуы бо­йынша университетіміз үздік ондыққа енді.

2010 жылдан бастап біз алғаш­қы­лар­дың бірі болып ұлттық зерттеу уни­вер­ситетін трансформациялау үдерісіне кірістік. Трансформациялану аясында аграр­лық ғылым, білім және өндіріс инте­грациясын күшейту, аграрлық кешен­ге инновациялық технологиялар­ды енгізу, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар дайындау үшін 2015 жылы АӨК инновациялық технологиялардың халық­аралық зерттеу институты құрылды. Агрохаб құрамында Қазақстан-Бела­русь агроинженерлік инновациялық орта­лығы қызмет етуде. Бү­гінде орталық құрылымында универ­ситет базасын­дағы көрсетілім алаңы мен «Агроуни­вер­ситет» оқу-өндіріс­тік шаруашылығы база­сындағы өндіріс­тік-сынау алқабы (полигон) бар. Көрсе­тілім алаңында 80-нен аса заманауи техника, тех­ни­калық құрал-жабдықтар жи­нақ­тал­ған. Бұл бі­лім­герлердің «егіс­тік­тен тұты­ну­шыға дейін» сипатындағы техно­логия­лық тіз­бекті толық зерттеуіне, ауыл­ша­руашы­лық техникасында жұмыс істеу­дің, техно­ло­гиялық үдерістерді бас­қару­дың тәжіри­белік дағдыларын игеруін, кіріс пен шығыс есебін жүргізуіне, нақты өнді­ріс жағдайларында ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын орындауына мүмкіндік береді. 

– Сіз жетекшілік ететін оқу орны Орталық Азия агротехнологиялық сам­митін ұйымдастырып келеді. 2017 жылдың 8 желтоқсанында Алматы қаласында өтетін кезекті басқосудың мақсаты мен жұмыс бағыттары туралы айтып өтсеңіз.

– Саммиттің негізі мақсаты – отандық агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына ықпал ету. Биылғы саммит ауыл кәсіпкерлерінің ғалымдармен кездесуіне және өзекті мәселелерді талқылауына негізгі алаң болмақ. Бүгінде агроөнеркәсіп кешенінде өнімді жинау, сақтау және қайта өңдеуге қатысты заманауи инновациялық технологиялар қолданылады. Аграрлық нарықты терең талдау үшін жер серіктері мен басқа да зерттеу құралдарын пайдалана отырып қол жеткізген зерттеу нәтижелері бас­ты назарға алынады. Өйткені деректер көлеміне, оны цифрлық өңдеуге және шешімдер қабылдауда сүйенуге болатын нақты қорытындыларға қажеттілік жыл сайын өсуде. Агрохаб қызметкерлері университеттегі жаңа технологиялар мен білімді жедел трансферттеуге арналған цифрлы талдау орталығы жұмысының нәтижесімен таныстырады. Мәселен, өндірісті роботтандыру – ірі фермерлік шаруашылықтар үшін өзекті мәселе. 

Осылайша университеттің барлық қызметі еңбек нарығында сапалы мамандар даярлауға және ауылшаруашылық өнімдерінің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған.

Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар