Спорт • 07 Желтоқсан, 2017

Спорт комментаторларының таусылмайтын "тамашасы" хақында

809 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл «тамаша» жүйкеңе тиеді. Ана бір жылы тіпті болмаған соң біздің футбол комментаторларының «тамашалатқан» әләуләйінің ізімен «Тамаша» атты сықақ өлең жазып, ол «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген еді. Содан бері де біздің футбол біріншіліктері мен ел құрамасы ойындарындағы бұл пафос тоқтамай келеді. Яғни біздің комментаторлар тоқтатпай келеді.  

Спорт комментаторларының таусылмайтын "тамашасы" хақында

«Qazsport» арнасында Қазақстан құрамасы сырт алаңда Румыния құрама­сынан 2:0 есебімен ұтылып жатыр. Сонда да «тамаша» сөзі толастар емес. Айнал­дырған 12 минутта оны біздің ком­мента­тор­дың аузынан 17 рет естіп, дымы­мыз құрығаннан телевизорды өшіріп тас­тауға тура келген. Таңертең тұра сала Интер­неттен ойын нәтижесін білсек, 3:1. Одан әрі омақаса оңбай ұтылыппыз. Сонда осынша жеңіліп жатқанда, қайдағы «тамаша»! 

Жуырда «Жас Алаш» газетінде алма­тылық жанкүйер Жәнібек Сауданбек­ұлының «Тікелей трансляциядағы «батыр­лар жыры» атты мақаласын оқыға­ны­мыз бар. Онда да автор біздің бокс ком­мента­торларының қазақша репортаждарында біржақты пікірге салынып, өзіміздікін жер-көкке сыйғызбай, әсіре сілтеулерін жазады. 

Осы кемшілік біз айтқандай, көптен бері футболда да бар. Премьер-лига ойындарында оған көп мән бере қоймайсың. Ал енді қазіргідей әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде құрамамыз ойнағанда бетіңнен отың шығады. Бас жаттықтырушы болып ресейлік Александр Бородюк келгелі жеңілістен көз ашқан күніміз бар ма? Он ойында небары үш ұпаймен «Е» тобындағы командалардың ең соңында күлше теріп қалдық. Ырымға бір жеңіс жоқ. Ірі есеппен жеті бірдей ұтылыс, әйтеуір, әупірімдеп қана қол жеткізген екі тең ойын. Тек осы күздегі ойындарға ғана зер салсақ, Қазақстан-Черногория 0:3, Польша-Қазақстан 3:0, жоғарыда айтқандай, Румыния-Қазақстан 3:1.

Енді 8 қазандағы өз алаңымызда Армения құрамасымен өткен соңғы іріктеу ойынына келейік. Қонақтар екі жеңіс, яғни, 6 ұпаймен алдымызды орап тұр. Бұл жолы қайтсек те ұтып, жанкүйерлердің әбден суыған көңілін аздап болсын бері қаратуымыз керек. Осы кезде ә дегеннен Жандос-комментатордың да үйреншікті «тамашасы» кетті дерсің. Тырнақ астынан кір іздегеніміз емес. Бірақ, қолымызға қағаз бен қалам алып, алдын ала ішіміз сезіп, біліп отырған осы «тамашаларын» матч бойы санап көрсек деген бір тосын ойдың да басымызға келе қалғаны. 

Сонымен, қос комментатор қазақ және орыс тілдерінде кезектесіп, шамамен бір-бір таймнан сөйлегеннің өзінде бақандай 47 рет «тамашасын» аузынан тастамаған біздің жігітіміз айды аспанға бір-ақ шығарды. Қайта ойынның бірінші кезеңінде біздің құрама әдеттегідей 1:0 есебімен ұтылып жатқасын ба, 20 рет ауызға алынған «тамаша» екінші кезеңде Тұрысбеков қарсыластар қақпасына гол салған соң тіпті үдеп кетті ( 27). «Тамаша соққы», «жігіттеріміз тамаша ойнап жатыр», «тамаша, сөз жоқ, тамаша...».

Әу, тамаша ойнаса, тым болмаса соңғы ойында жанкүйерлерін қуантып, жеңіс сый­ламай ма?! Астананың төрінде әзер де­ген­де тең түскені, әйтеуір, құдай сақтап ке­зекті жеңілістен аман қалғаны да тамаша болып па?! Баяғыда әскерде екі сөзінің бірін­де «то есть», «то есть» деп қайталай бере­­тін, оны және өзі де сезбейтін рота стар­шина­сы болып еді. Сол сияқты, жаңағы 47 м­әрте тамашаны қырық бес минуттық бір тай­м­ға бөлсек, минутына бір тамашадан келе­ді екен. Әрі екі тамашасы артылып қалады. 

Бұл әрине, комментаторлықтың жақсы үрдісі емес. Оның өзінде бұра тартып, сол «тамашалардың» екі-үшеуін ғана қар­сыластарға қисақ... Қазақстанда әлі бодан­дық бұғауында болған сонау жетпісінші, сексе­нінші жылдардың өзінде Өмірзақ Жо­­лым­бетов, Рабат Жәні­беков, Қынабай Ара­л­баев сияқты жақсы комментаторлар бол­ған. Олардың футбол репортаждары­нан кейін бұлай қиналмайтынбыз, кейімейтінбіз. 

Қазіргі көрермен бұрынғыдан да сауат­ты. Өйткені, Интернет ғасыры. Көзі эк­ранда, құлағы сөзіңде. Әрбір ә деге­­ніңді зердесімен елеп-екшеп отырады. Сондықтан тікелей эфирден осыны асыға тосқан мыңдаған көрерменге бұл ойын­ды сен сөйлетіп береді екенсің, мұны басыңа қонған үлкен бақ деп біліп, қайт­­кенде де осы сенімнен шығуды ой­лауың, шаршамай-шалдықпай ізденуің керек. Ол үшін өзің жүргізген репортаж­ды қай­талап көр, кемшілігін түзе, он шақты «кереметі» тағы бар, жөн-жосықсыз «тама­шаларыңды» санап шық... 

Неге осы біздің комментаторлардың сөйлеген сөзі мен футболшылардың алаң­дағы іс-қимылы кейде өзара қабыспай, бөлек жатады. Өйткені бірді айтып бірге кетеді, бір көлденең әңгімені бастай­ды да, созып тұрып алады, сөйтіп, ойынға ілеспей жатады. Осындайда жоғарыда айтқан өз ағаларымызбен бірге, ойымызға кешегі футбол көрсек, біздің бала қиялымызды тербеген орыстың Николай Озеров, Владимир Маслаченко сияқты атақты комментаторлары неге түсе кетеді? Себебі, олар алаңдағы ойынның бар суретін өздеріне жарасымды темпера­мент, шы­найы­лықпен әдемі үйлестіріп, же­тік бере білетін. Әрине, біз осыны мең­зе­­генде біз­дің жігіттерден аты аңызға ай­нал­ған Ни­колай Озеровтің шеберлігін талап етіп отырған жоқпыз. Ол әзір мүмкін де емес. 

Бірақ, УЕФА-ға мүшелікке өткен 2002 жылдан бері футболымыз қанша түзелмей қойса да, тым болмаса, коммента­торлары­мыздың сөз саптасы түзелуі керек. Неге десеңіз, футбол репортаждарындағы тау­сылмайтын осы бір «тамашалар» біздің қазіргі ойынымызға сай еместігін үлкен түгілі бала да біледі ғой. 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
журналист