Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2017

Батыс Қазақстан облысында жаңа құс фабрикасы іске қосылды

1100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индустрияландыру күні Орал қаласында жылына 7000 тонна құс етін өндіретін жаңа құс фабрикасы ашылды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен «Елді жаңа индустриаландыру: Қазақстан барысының серпіні» атты телекөпірде өңір басшысы Алтай Көлгінов Батыс Қазақстан облысында индустриаландыру картасы бойынша жалпы құны 8 млрд теңгеге бағаланған 10 жоба іске қосылғанын айтты.

Батыс Қазақстан облысында жаңа құс фабрикасы іске қосылды

Батыс Қазақстан облысы жылына 10 мың тонна құс етін тұтынса, осы кезге дейін оны түгел дерлік сырттан таситын. «Жайық Агро LTD» ЖШС ашып отырған жаңа кәсіпорын енді бұл қажеттілікті өтемек.

Бройлер құс фабрикасы Зеленов ауданының Щапов ауылында орналасқан. Инкубатор, жем цехы, құс бордақылайтын 24 корпус, сою цехы, тағы басқа толып жатқан қосымша құрылыстардан тұратын алып кешеннің құны 4200 млн теңге екен. Кәсіпорында өндірілген өнімнің 90 пайызы жергілікті нарыққа шығарылса, 10%-ы экспортқа жөнелтілмек. Жұмыртқадан – балапан, балапаннан – тауық өсіретін, толық технологиялық тізбекке құрылған кәсіпорын сыртқы маусымдық факторларға тәуелсіз, жүйелі жұмыс істейді. 150 адам тұрақты жұмыс істейтін фабрикада құс еті тұтынушыға тұтастай да, бөлшектеліп те ұсынылады екен. Сондай-ақ «Жайық Агро LTD» ұжымы алдағы уақытта құс азығын дайындайтын арнайы зауыт ашуды да жоспарлап отыр.

- Қазақстан Республикасындағы индустрияландыру күні еліміздің барлық өңірінде жаңа агроөнеркәсіптік, индустриалды-инновациялық жобалар іске қосылып жатыр. Дәл осы индустрияландыру картасы бойынша біздің Батыс Қазақстан өңірінде 8 ай ішінде жалпы құны 8,2 млрд теңге болатын 10 жаңа жоба жүзеге асты. 550 жаңа жұмыс орны ашылды. Елбасының тапсырмасымен біз экспортқа бағытталған өндірісті арттыру үшін жұмыстанудамыз. Жаңағы он жобаның алтауы экспортқа тауар шығаруға бағытталған, - дейді өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Облыс әкімінің айтуынша, өткен жылы өңірдің сыртқы тауар айналымы 4 млрд. АҚШ долларын құраған. Оның 500 млн. АҚШ доллары Еуразиялық экономикалық одақтың үлесіне тиеді. Биылғы нәтижелер экспорт көлемінің былтырғымен салыстырғанда 10 пайызға өскенін көрсетіп отыр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Александр КУПРИЕНКО