Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2017

Елбасы Жамбылдағы екі кәсіпорынның жұмысын бастауға пәрмен берді

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана Астана қаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: Қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі өтіп, онда Елбасына еліміздің әр өңіріндегі Индустрияландыру картасының жобалары таныстырылған болатын. Сондай-ақ, еліміздегі жаңа озық технологиялы бірқатар өңдеуші өндірістік нысан іске қосылды.

Елбасы Жамбылдағы екі кәсіпорынның жұмысын бастауға пәрмен берді

Осы орайда Елбасы Жамбыл облысындағы екі кәсіпорынның жұмысын бастауға пәрмен берді. Аталған нысандар Мойынқұм ауданының өндірістік аймағында орналасқан. «Оргстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысқа қажетті гранит өндірумен айналысады. Сондықтан аталған серіктестіктің өніміне сұраныс жоғары. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысын бастаған серіктестік бұл күнде қайта өңдеу зауытын пайдалануға берді. Сол арқылы табиғи гранитті өңдеудің жаңа тәсілін енгізудің алғашқы кезеңін аяқтады.

Бүгінде кәсіпорын өндіріс көлемін 5 есеге арттыру мүмкіндігіне ие болып, қазір мұнда жыл сайын 800 мың текшеметр плита, гранитті төсемдер мен 200 мың тонна бордюр өндіріледі. Өнімнің 60 пайызы ТМД елдеріне экспортталуда.

Елбасы жұмысын бастауға пәрмен берген екінші нысан Мойынқұм ауданындағы «Алтын алмас» АҚ. Аталған кәсіпорын Ақбақай филиалы негізінен құрамында алтын-күмісі бар кен өндіріп, өңдеуді жүзеге асырады. Іргетасы қаланғанына биыл алтыншы жыл толып отырған өндіріс орнында бүгінде «Цифрлы кеніш» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба болжам бойынша 2018-2020 жылдары 472 249 мың доллардың 12 628 килограмм өнімін өндіру әлеуетіне ие. Ағымдағы жылдың он айы көлемінде мұнда 1413 килограмм алтын мен 324 килограмм күміс өндірілген. Бүгінде кәсіпорын барлығы 1031 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы