Бағдарламалар • 07 Желтоқсан, 2017

Заттар интернеті экономикалық шығындарды азайтады

1368 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласында өткен «IoT Forum Astana-2017» форумында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстанды цифрландыру, соның ішінде елімізге «Internet of Things»-ті (заттар интернеті) енгізу еліміз экономикасына мол пайда әкелетінін айтты, деп хабарлайды egemen.kz тілшісі.

Заттар интернеті экономикалық шығындарды азайтады

«Осыдан 8 жыл бұрын интернет желісіне қосылған құрылғылардың саны ғаламторды пайдалана алатын адамдардың санымен тең еді. Футурологтардың болжауынша, 2030 жылға қарай заттар интернетінің инфрақұрылымы 1 трлн-ды құраса, мобильді қосымшаның саны 100 млн-ға жетуі мүмкін. Mackenzie   сарапшылары заттар интернетінің жалпыласуы 2025 жылға қарай жаһандық экономикаға 11 трлн. доллар үлес қосады деп отыр. Заттар интернетіне әлемнің барлық елі ұмтылуда. Әсіресе Сингапур, Қытай, Дания, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттер бұл бағытта өзгелерге қарағанда өте жылдам ілгерілеп келеді. Біз де олардан қалып қоймауымыз керек», деген Дәурен Абаев елімізде инфрақұрылымды, адами капиталды, мемлекеттік қызметтерді дамыту мен инновациялық экожүйені және экономика саласын цифрландыруды көздеген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарласы сол үшін жүзеге асып жатқанын жеткізді.

Кеше ғана Индустрияландыру күнінде Мемлекет басшысы цифрландырудың мәнін, тиімділігін және оған жетудің жолдарын ең алдымен қоғам түсінуі керек екенін атап өтті. Ақпарат және коммуникациялар министрі осы мақсатқа жету үшін ең жоғары саяси деңгейде Қазақстанды цирфрландыруға ниетті  болғанда ғана экономикаға орасан пайда әкелуге мүмкіндік бар екенін айтты.

 «Біз «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы арқылы айтарлықтай экономикалық өсімге қол жеткіземіз деп үміттенемін.  Мемлекет басшысы осы бағдарлама арқылы біздің алдымызға келешегі зор мақсат  қойды. Мұның барлығынан бөлек экономикалық тиімділік те міндетті түрде қажет. Біз соған ұмтыламыз», деді Д.Абаев.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы өткізген «IoT Forum Astana 2017» форумында заттар интернетін (Internet of Things) енгізудің өзекті мәселелері, оны қазақстандық және жаһандық ауқымда қолдану перспективалары талқыланады.

Айта кетейік, заттар интернеті дегеніміз ақпарат жинауға және алмасуға мүмкіндік беретін электроникамен, арнайы бағдарламамен, сенсорлармен және интернетке шығу мүмкіндігімен жабдықталған физикалық объектілердің желісі. Оған ұялы телефон, кофеқайнатқыш, кір жуғыш машина, көлік, мұздатқыш сияқты көптеген заттарды жатқызуға болады.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»