Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2017

Түркияда Қазақстан тәуелсіздігіне арналған жиын өтті

357 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы мен Қазақстан тәуелсіздігінің 26 жылдығына арнап Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшілігі жиын өткізді. 

Түркияда Қазақстан тәуелсіздігіне арналған жиын өтті

Анкарада болған жиынға Түркия Республикасының бұрынғы президенті Абдуллах Гүл, Президенттің бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Ұлы Бірлік партиясының төрағасы Мұстафа Дестиджи, Түркия мәжілісіндегі Қазақстан-Түркия Достық тобының төрағасы,  депутат Халык Ипек, Түркия мәжілісінің бұрынғы төрағасы Хикмет Четин, бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Түрік кеңесінің бұрынғы бас хатшысы Халил Акынджы қатысты.

Жиында Түркия мен Қазақстанның дипломатиялық қатынастарының 25 жылдығына арналған фильм көрсетілді. 

Конференцияда баяндама жасаған Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы Қазақстанның экономикалық-сауда, халықаралық дипломатия салаларындағы жетістіктері жөнінде айтты. Түркия президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу да «Бір ата-бабаның балалары ретінде  қазірге бірлік пен тірлігіміздің жалғасуын тілейміз» деді. Түркия мәжілісінің Түркия-Қазақстан достық тобының төрағасы Халук Ипек те «Бізден бұрынғы ағаларымыз армандап кеткен күндерді біз көрдік.  Сол күндерді бастан кештік. Бауырластармен қайта қауыштық.  Біз бақытты жандармыз» деді.

Келесі сөз кезегін алған ТР бұрынғы президенті Абдуллах Гүл түрік республикаларының тәуелсіздік алған кездеріндегі мағыналы естеліктерімен бөлісті. «Әлі күнге бауырлас елдерге барсақ,  «Біздің тәуелсіздігімізді бірінші болып мойындаған Түркия» деп бастайды сөздерін. Бұл біз үшін үлкен абырой» деген Гүл «Түркия ретінде осы бауырлас елдердің тәуелсіздігіне толық дайын болмасақ та,  түріктік санасымен жетілген тұлғаларымыз бар еді. Олар туысқан халықтарға бірінші болып барып,  қызмет етті» деді ол.

Түркияның бұрынғы президенті Қазақстанды тәуелсіздігін алған республикалар арасында ерекше орынға ие екенін айтып, Қазақстанның кемеңгер көсбасшысы Назарбаевтың ерен еңбектерін атап өтті.  «Алдымен Ресей және Қытай секілді үлкен державалармен көршілес Қазақстанның шекарасын тұтастай қып сақтап қалуы – үлкен жауапкершілік.  Артынан өз еркімен ядролық қарудан бас тартуы да- мақтарлық қадам» деген Абдуллах Гүл үшіншіден елдегі этникалық бірліктің қаймағын бұзбай, қазақтың ұлттық санасын оятып,  ұлттық мәдениетін келешек ұрпаққа жеткізу мақсатының да орындалғанын атап көрсетті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беруге өте көп көңіл бөлгенін айтып, қазіргідей қиын дәуірде мықты дипломатия құрудың да маңызды екенін, мұның Қазақстанның жақсы орындап шыққанын білдірді. «Назарбаевтың ең маңызды қасиеті – қол жеткізілген табыстарды жалғастыра білу.  Тындырдым деп қоймай,  осы табыстардың жалғасын тауып,  ұрпақтарға қалдыра білу» деді ол.

Өзінің Нұрсұлтан Назарбаевпен тек ел басшылары деңгейінде қатынасы болмағанын, Қазақстан басшысымен зиялы тұлғалар ретінде ерекше қатынастары болғанын, жылы сұхбаттары өткенін, елдің болашағы, мәдениеті, жастардың тәрбиесі жөнінде сөйлесіп, табысты істерді болашақпен қалай сабақтастыратындарын талқылағандарын еске алды.