Футбол • 08 Желтоқсан, 2017

Криштиану Роналду бесінші рет «Алтын доп» иегері атанды

822 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Реал» футбол клубы мен Португалия ұлттық құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду бесінші мәрте «Алтын доп» иегері атанды. 

Криштиану Роналду бесінші рет «Алтын доп» иегері атанды

32 жастағы ойыншы бұл атаққа осыған дейін 2008, 2013, 2014 және 2016 жылдары қол жеткізген болатын. «Алтын доп» саны бойынша ол енді «Барселона» шабуылшысы Лионель Мессимен теңесті.

Криштиану Роналду биыл «Реал» командасымен бірге Испания чемпионы атанып, Чемпиондар лигасында екінші жыл қатарынан топ жарды. Сондай-ақ, УЕФА Суперкубогі мен Испания Суперкубогіне қол жеткізді. Мадридтіктер сапында 44 ойынға қатысып, 38 голдың және 9 нәтижелі пастың авторы атанды. Ал Чемпиондар лигасының өткен маусымында 12 гол салып, үздік сұрмергендер тізімінде көш бастаған болатын.

Португалия ұлттық құрамасымен бірге іріктеу кезеңінде өз тобын 1-орынмен аяқтап, 2018 жылғы әлем чемпионатына жолдама алды. Құрама сапында биыл 11 ойында 11 гол соғып, 4 нәтижелі пас шығарды.

«Реал» шабуылшысы биыл УЕФА нұсқасы бойынша Еуропаның үздік ойыншысы атанған болатын. Айта кетерлік тағы бір жайт, осы маусымда Роналду Чемпиондар лигасында кезекті рет рекорд жаңартты. Ол топтық кезеңдегі алты кездесудің бәрінде гол соққан алғашқы ойыншы атанды.

Еске сала кетейік, «Алтын доп» жүлдесін 2016 жылдан бастап France Football басылымы қайта табыстайтын болды. Ал 2009-2015 жылдары бұл ФИФА-ның құзіретінде болған. France Football үздік ойыншы журналистердің дауыс беруі арқылы анықтайды.