Футбол • 08 Желтоқсан, 2017

Ғасырдан да ұзақ матч

364 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

"Еден" аренада өткен бұл ойын ел футболының тарихына енгені анық. 

Ғасырдан да ұзақ матч

Ойын басталмас бұрын «Славияның» құрамына қарап ұзақ отырдым. Былай қарасаңыз футболшыларының құрамы кәдімгідей тісқаққандардан құралған. Ян Лаштувка «Шахтер» Донецк командасының негізгі қақпашысы болған. Мигель Данни туралы да көптеген естеліктер бар. «Зенит» сапында жарқылдап, Суперкубоктың финалында «Манчестер Юнайтед» қақпасына гол соққан португалиялықты таныстырып жатудың өзі бекер. Қазақстандық футбол жанкүйерлері тегіс таниды. 2012 жылы «ең әдемі голды» кім жеңгенін білетін шығарсыздар? Сол шақта «Фенербахченің» ойыншысы болған Мирослав Стох қазір «Славияның» сапында. Осыдан 2 жыл бұрын Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге Пльзендегі Чехия – Қазақстан ойынына барған едім. Ол матч та қазір көз алдымда сұлбаланып тұр. 75-минутқа дейін жеңіп тұрдық. Алаңға алмасып кіріп, 2 гол салып, салымызды суға жіберген Милан Шкода «Славияның» бір атары. 2004 жылы Қазақстан құрамасы УЕФА жалауының астында алғашқы ойынын Украинаға қарсы өткізді емес пе? Иә, дәл сол тарихи матчта біз соңғы секундта гол жіберіп, тең нәтижеден айырылып қалдық. Голды Руслан Ротань соқты. Ол «Славияда» 29 нөмермен өнер көрсетеді. Томаш Нецидті қойыңызшы, «ЦСКА» сапында сұрмерген болса, кезінде болған шығар. Біздің қазақ футболына қарсы ештеңе істемеді. Ал мына Халил Алтынтоп әлгі 2010 жылы Сидельниковтың қақпасына ғаламат гол соққан Хамит Алтынтоптың сыңары ғой. Жалпы, қарап отырсақ, естеліктер сондай бір жылы дей алмайсыз. Барлығы қазақстан футболына кесірін тигізіп кеткен. Тәжірибиелі, өздерінің спорттық ғұмырларында жоғарғы нәтижелерді тіркеген аяқдопшылар.

1-тайм

Кездесу басталысымен қос команда бірден шабуыл жасауға асықпады. Екеуі де емен-жарқын пас алмасып, өздерінің кішігірім дайындаған қитұрқы комбинацияларын іске асырып көргісі келді. Алайда, сондай бір ғаламат шабуылдардыкөре алмадық. Ал ойынның 25-минутына қарай біздің қақпамыздың алдында бұрыштамалар көбейіп, қауіпті сәттер пайда бола бастады. «Славия» қақпашысы Ян Лаштувка жаурағаннан дене қыздырып, арлы-берлі жүгіріп жүрді. Ал 38-минуттан бастап шабуылға шыға бастаған елордалықтар стандартты жағдай орындауға мүмкіндік алды. Айып алаңына көтерілген пас байқаусызда Марин Аничичтің алдына келе қады. Қорғаушымыз бос қақпаға гол соқты. Алайда, қапталдағы төреші офссайд жағдайы болғандығын көрсетті. Дегенмен, бас төреші Аничичке доптың Томаш Нецидке тиіп келгенін анық көріпті. Ақылдаса келе салынған голдың әділ болғанын білдіртті. Таблодағы көрсеткіш 0:1.

2-тайм

Екінші тайм басталысымен «Славия» шабуылға шықты. Ал қазақстандықтар қорғанысқа сақ болып, аракідік қарымта шабуылдарға иек артып жүрді. 78-минутқа дейін қақпашымыз Ненад Эрич уақыт созумен айналысып жүрген жерінен сары қағаз алды. Одан әрі қаптаған бұрыштамалар дегбірімізді қашырды. Қорғаушыларымыз шабуылдарды бірінің артынан бірін қайтарып жатты. Ортада жүрген Серікжан Мұжықовтың орнына Станимир Стойлов қорғаушы Сергей Малыйды шығарды. Бойы ұзын орталық қорғаушы командаға ауадай қажет болып тұрды. Алаң жиегінде Стойловтың көмекшісі Григорий Бабаян 80-минуттан бастап байыз тауып отыра алмады. Аяқтан тік тұрып, шәкірттеріне ақыл айтумен болды. Жүйкені тоздырып кеткен соңғы 10 минут ғасырдан ұзаққа созылды. Төрешінің соңғы ысқырығы қазақстандық клубты плэй-офф сатысына алып шықты. Қазақстан футболының алтын тарихына енетін бұл ойынды трибунада толқып отырып көрген менде де арман жоқ, қазақ футболының жанкүйерлерінде де арман жоқ.  Алға, «Астана, алға Қазақстан!

Ермұхамед Мәуен,

«Егемен Қазақстан», Прага, Чехия.