Футбол • 08 Желтоқсан, 2017

Станимир Стойлов: "Астана" футболшыларының барлығы қаһарман!

252 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

"Славия" - "Астана" ойынынан кейін Станимир Стойлов тілшілер сауалына жауап берді. 

Станимир Стойлов: "Астана" футболшыларының барлығы қаһарман!

- Біздің команда тағы да қазақ футболының тарихына түзету енгізді. Менің шәкірттерім бүгін қаһарман деген атаққа лайық. Екінші таймда кішігірім мәселелер болғанымен, сенімімді ақтап берді. Барлықтарыңызды құттықтаймын.

- Екінші таймда біздің команда көбінесе баяу шабуылдады. Сіз үзіліс кезінде жігіттерге осындай нұсқау беріп пе едіңіз?

- Иә әрине, екінші таймда футболшылар көп уақыт созып, қаптал арқылы шабуылдай түсті. Көбірек стандарттық жағдайлар жасадық. Барлығын баяу жасауға тырыстық. Бізге уақытты созу маңызды болды. Мұндай деңгейге жету үшін осылай ойнауға мәжбүр едік. Түбі нәтижеге жеткенімізге қуаныштымыз. Мен Қазақстанға келгелі бері команда әжептеуір көтерілді деп айта аламын. Бірнеше футболшының деңгейі анағұрлым өскенін байқадым. Енді Қазақстанның футбол клубын барлығы да білетін болады деп ойлаймын.

- «Славия» бапкері осы ойыннан кейін орнын босатады дейді. Орнына Сізді шақырса келесіз бе?

- «Славияның» бапкері әдейі ұтылған жоқ. Мәселе бапкерде емес. Шилгавыны алып тастаса бұл үлкен қателік болар еді. Бір жеңілістен трагедия жасаудың керегі шамалы. «Славия» керемет стадионы, жақсы жанкүйері бар, болашағы зор ұжым. Сондықтан да, сәттілік тілеймін.

- Апта бұрын Чехияға келіп жаттыққандарыңыз көмегін тигізді ме?

- Апта бұрын келгендегі жаттығуларымыз жақсы әсерін берді. Сағат белдеуіне үйрендік, бір апта бойы осы алаңда жаттықтық. Футболшыларға осы жағы көмектесті. Мен футболшылармен достық көңілде әңгімелестім. "Сендер одан ары қарай өткілерің келе ме?" деп сұрадым. Олар бірден "Иә" деген жауап берді. Содан бері біз қолдан келген жаттығулардың барлығын жасап көрдік. Міне, соның нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Бұл ұзақ жасалған еңбектің жемісі.

- Келесі жылғы ойынға дейін «Астананың» қай позициясын күшейту керек деп есептейсіз. Сонымен қатар, ұлттық құрамаға шақырса келесіз бе?

- Бұл команданы жасақтау оңай болған жоқ. УЕФА бізге трансфер жағынан шектеу қойды. Футболшыларды тек жалға ғана алуға мүмкіндігіміз болды. Бір-екі шептегі жігіттерді ауыстыру керек те шығар. Оны қаржылық жағдайға байланысты шешеміз. Ал ұлттық құраманың қандай ойы бар екенін мен білмеймін. Егер шақырса мен ойланып көремін. Себебі, менде одан өзге де ұсыныстар бар. Мен көңіліме қайсысы жағады соны таңдаймын.

- Плэй-офф сатысында қандай қарсыласты қалайсыз?

- Әзірге мен плэй-оффта қандай командалар бар екенін де білмеймін ғой. Жеребеде әрқашан өтуге болатын командалардың түскенін қалаймын. Дәл қазір мен демалысты және футболшылардың жағдайын ойлаймын. Қалғанын көре жатармыз. Қанша жерден мына қарсылас түссе екен дегенімен ол түсе қоймайды.

Ермұхамед Мәулен