Әдебиет • 08 Желтоқсан, 2017

Көл қорыған қызғыштай

1952 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қажығали Мұхамбетқалиевтің әдебиетке деген көзқарасы, көркемдік-эсте­ти­калық ұстанымы, жазушылық болмысы, шығармашылық жолдарының қа­лыптасуы жөнінде қаламгердің аты дабыралы болып ел аузына іліккен осы­нау кемел шағында бірге оқыған жолдасы және жасы үлкен ағасы жолымен пікір білдірсем деп ойлағаныма біраз болғанымен, сол көңіл толғанысы мен бұлқыныстарын неден бастаудың ығытын таппай жүргем. Жақында қалам­гердің ғаламторда жарық көрген сыни мақаласы ойымды жинақтауға себептесті. 

Көл қорыған қызғыштай

Қажығали қазақ әдебиетінің бойына сіңісті болған қатерлі дерттің атын атап, түсін түстеді. Ол не дерт еді? Біреудің бұрын-соңғы атақ-даңқына, екіншінің лауазымды қызметіне қарай, тіпті кей жағдайда айта-айта ауыз үйреніп кеткен, жібек орнына бөз жүрген, жауырды жаба тоқуға бой үйретіп, ақыр соңы жаман мен жақсыны айырудан қалып, биік талғам өлшемін төмендету дерті. Ол әдебиеттің жол­бикелеріне сұрағанға тіленген. «Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді» дегендей, өлшем төмендеген жерде олардың құдайы беріп, қағаналары қарқ, сағаналары сарқ болары белгілі. Айдын шалқар көлін қорыған қызғыштай қиғылықтаған шынайы суреткер әдебиет­ті биік белестерге қарай сүйресе, шығар­ма­шы­лық төңірегінде жолбикелер әдебиетті батпаққа сүйреп әлек. Осы дерттің қыр­сы­ғынан қазақ әдебиеті жалған классиктерге қаптап кетті. Шынайы классика мен­ «жалған классиктердің» аражігін айы­рып, арасына қазық қаққан Қажығали Мұ­хам­бетқалиұлы. Осы үрдіс жалғасын тапса, армандары биік, арлары таза жас әдебиетшілер қаламгер ағаларының пікірін қол­дап әкетіп, тұс-тұстан үн қосса, шынайы әдебиет төңірегіндегі қоқсық пен қо­быр азаяр ма еді, азаймағанның өзінде жал­ған әдебиет өкілдері аяғын жияр ма еді, қайтер еді?

«Өзің дуанасың, кімге пір боласың» дегендей, бұл сөзді өзіне кәміл сенген қаламгер болмаса, кез келген айта алмайды, Қажығали өзінің шығармашылық қуатына сенгендіктен айтып отыр. Бетінде жылты жоқ, тұнған қара судай болған әдебиет айдынын лайын аспанға шығарып бір бұрқаған Қажығалидің батылдығына тәнті болмасқа лаж жоқ.

Оқырмандармен кездесулерде 60- жыл­дары әдебиетке келген тегеурін­ді ұрпақтың бұрынғы буын ақын-жазушы­лар­дан қандай айырмашылығы бар еді дегенді жиі сұрайды. Бұрынғы буын қа­лам­герлер үлкен лауазымды қызмет атқа­рып жүргендерімен, шала оқыған адамдар еді. Институт бітіргендері кем де кем. Демек, тиіп-қашты әр нәрсенің басын шал­ғандарымен, базалық білімдері жоқ кі­сілер еді. Ал 60-жылдары әдебиетке келгендер – институт, университет қабыр­ғаларында тиянақты білім алғандар, олар­дың көпшілігі әлемдік әдеби процестермен жыға таныс қаламгерлер еді. Адамзаттың рухани қазынасын терең ақта­рып, білімділік көкжиектерінің кеңдігі жө­ні­нен алдарына жан салмағандар – Қадыр Мырза-Әлі, Әбіш Кекілбай, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғали, Төлен Әбдік, Марал Сықақбай, Бексұлтан Нұржекеев, Зей­нолла Серікқалиев, Әшірбек Сығаев деп бір түйіндесек болғандай. Міне, осы тізімнің қатарында Қажығали Мұхам­бет­қалиев те бар. Бұлар әлемдік деңгейдегі ұшан-теңіз білімдерімен өз замандастарынан оқшауланып тұрды. Қазақ әдебиетін биік белестерге көтерген де осылар.

Қажығалидің әскерден қайтып оралып, облыстық газетке қызметке тұрып, үйлі-күйлі болғанын естіп жаттым. Бұл кезде «Лениншіл жас» газетінің батыс облыс­тары бойынша тілшісі едім. 1967 жылы оны Ақтөбеге іздеп бардым. Достарын, ре­дакция қызметкерлерін шақырып қона­ғасы берді. Кешегі сырықтай тігінен тік өскен, қабырғасынан күн көрінген балаң Қажығали емес, кәдімгідей есейіп шаңы­рақ иесі болыпты. Езуде папирос, қолда рюмка, қияқ мұртты сипап қойып, келіншегін көзімен жұмсап отыр. 

1969 жылы батыс облыстардағы мен­шікті тілші қызметімді Фариза Оңғар­сы­нова­ның қолына тапсырып, Алматыға «Лениншіл жас» газеті редакциясына қай­тып оралдым. Сол жылы күзде Қажығали мен Сұлухан да Алматыға көшіп келіп, Дүйсенбек Қанатбаев екеуміз тұратын «Горный Гиганттың» көшесінен пәтер жал­дады. «Ақтөбе әдемі қала болғанменен, әдеби орта жоқ. Шер тарқатып сөйлесетін адам да кемде-кем. Не әңгіме бастасаң да, ақыры күнделікті күйбең тірлікке кеп тіре­леді. Тұншығып қала жаздадым. Қой, ортама қайта оралып, өздеріңе жетейін деп, тік көтеріле көшіп келдім»,  деді Қажығали бір әңгімесінде.

Қажығали Мұхамбетқалиевтің әдебиет­ке дендеп енуі осы кездерден басталды­ деп білемін. Мерзімдік баспасөздер мен жас жазушылар жинақтарында әңгі­мелері жылт етіп көрініп қалып жүр­ді. Жас қаламгердің менің көңілімді аудар­ған әңгімесі «Бас жұтқан бас» болды. Ма­хамбет тағдырына қатысты дүние ғой. Ма­хамбеттің басын шауып, Руссияға қауіп­ті дұшпанның көзін жойғаны үшін Бай­мағамбет сұлтан Петорборға патша қабыл­дауына шақырылып, омырауына «Қасиетті Анна» орденін, иығына генерал шенін жапсырып, осынау дәреже-мара­патты еліне көрсетуге асығып келе жатқанда, Електің суына ағып өлді. Қарсы беттегі қалың тал арасынан атылған мыл­тық оғы қақ жүректен қадалғанда ол қайық­тан мұзды суға аударыла құлады. Бай­ғұстың мүрдесі де табылмай, ақырған азулы сұлтанның қазақ топырағында моласы да қалмады. Шығармаға сұранып тұрған сюжет қой. Қаламгердің аталмыш дү­ниесін әңгіме демей, повесть десе де та­қияға таршылық етпейді. Бір кездескенде «Бас жұтқан бас» туралы жақсы пікір біл­діріп едім, Әбіштің де жоғары баға бергенін айтты. Шынында да, «Бас жұтқан бас» Махамбет туралы жазылған көркем шы­ғар­малар арасында оқшау тұрған, терең ма­ғыналы, классикалық сюжетке құрылған өте шоқтықты шығарма.

Осы жылдары Қажығалидің «Ақырғы күн»», «Мінез», «Сынық терезе», «Ескі достар», «Оралу» әңгімелері жарық көр­ді. Қаламгер шығармаларын ішектей шұбалтпай қысқа қайыруға бейім бол­ғанымен, повеске барабар ұзақ әңгімелері де кездеседі. Мәселен, «Оралу», «Бас жұтқан бас». Ал негізінен Қажығали әңгімелері но­велла тектес қысқа, бас-аяғы жинақы, жұ­тынған дүниелер. Ол адам мінезіндегі өз­геріс, бұлтарыс-қалтарыстарды суреттеуге­ шебер. Әңгімелерінің басым көпшілігі осы бағытта болып келеді де, солардың бар­­шасы жиналып келіп қаламгердің бұл жанр­дағы өзіндік бағытын, тақырып аясын ай­қындады. Нақтырақ айтқанда, Қажығали әң­гімелері негізінен психологиялық дү­ниелер.

 Кімге қалай екенін білмеймін, өз басыма қаламгердің «Қайдағы-жайдағы» әңгімесі ерекше ұнайды. Несімен ұнайды десеңіз, алдымен «Қайдағы-жайдағы» деген аты ұнайды. Мұндай ат қойған және «қайдағы-жайдағыны» шығарма өзегіне айналдырған қазақ әдебиетінде басқа ­туынды жоқ. Оның үстіне Қажығалидің осы шығармасы астармен, иек қақты ыммен, ерін ұшы емеурінмен жазылғандай. Басқа соққандай анық-қанық ештеңе жоқ, бәрі тұнып тұрған меңзеулер. Орыс­тар мұндай шығармаларды «полу тонмен» жазылған дүниелер деп жоғары баға­лайды. «Полу тон» тәсілі, әдетте, музыка­ мен живописьте кезігеді, әдебиетте жыл құ­сындай сирек құбылыс. Осы си­рек құ­­былыс «Қайдағы-жайдағыда» кез­­де­седі. Әрине моралистер ондай­ шы­­ғар­­­ма­ларды ұнатпайды, «көңіл қи­тұр­қысының» қатарына қосады. Автор да әлгі моралистердің алдын орағандай: «Неге қайдағы-жайдағы? Осының өзі оңа­­шада болмаса, басқа уақытта өзге тү­гіл, өзіңе-өзің мойындамайтын, әйтсе де пенде болған соң мынау ақиқат өмірде кез­­­деспей қоймайтын бір сәт болса ше?..Өйткені қайдағы-жайдағы ұсақ-түйек те адам өмірінің белгілі бір бөлшегін құрамай ма?» дейді әңгімесінің тоқетер түйінінде. Кейіп­керді протипіндегідей қаз-қалпында көр­сетпей, әсіре идеяландырып көрсету – кешегі күннің дерті. Адамның боямасыз ішкі қалтарысын арқау ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өз басым қа­ламгердің осы әңгімесін классикалық шығарма қатарына жатқызамын.
Қаламгерді қатарынан мойнын оздырып, айтулы әңгіме шеберлерінің санатына қосып тұрған – сөз саптау ерекшелігі. Қа­жығалиде баттасқан теңеулер, басы ар­тық бояулар жоқ, өзі баян етіп отырған күнделікті қоңырқай тірлікке лайық сурет­керлік тілі өте жатық әрі барынша оралымды. Шығармаларында тілдік шашаулық жоқ десек те болғандай. Ол бір жағынан суреткер болса, екінші жағынан өте нәзік психолог те. Дәп басқан мінез қалтарыстары мен бейнелі суреткерлік қарапайым тіршілік көріністерін әңгіме дәрежесіне сүйреп шығарып тұр. Қажығали әңгімелерінде өзіміздегі Бейімбет Майлин, орыс жазушыларынан Тургенев, Чехов, Бунин, Толстой шығармаларындағы интонациялық лептің ұшығы байқалады. Еліктеу, қайталау емес, солардың шығармаларының тынысымен тыныстау ерекшелігі басым. Ол – құптарлық жақсы нышан. Біздің прозашыларымызда ұқсастық басым, шығарманың төбесінде фамилиясы тұрмаса, оның авто­рын ажырату мүмкін емес. Ерекше қол­таңба дегеннің қадір-қасиеті осыдай­дан танылады. Қазақ әдебиетінде Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов қол­таңбалары танымал, олардың әрқай­сы­сы­ның сөз саптау, сөйлем түзілістері да­ра-дара. Олардан кейінгі қаламгерлер шы­ғармаларында лиризм, психологизм, типтік мінез-құлық аужайларына кө­бірек көңіл бөліп, қаламгерлік дара­лық­ты құнттауға салақтық танытқан. Осы орай­да Қажығали шығармашылығы өнік­­ті бастауларға бай. Қажығали өзінен бұ­­рынғыларға да, өз қатарластары мен кейін­гі қаламгерлердің бірде-біріне ұқса­май, өзінің шығармашылық әлемімен, та­қы­рыбымен, баяндау тәсілі, бейнелеу құралдарымен ерекшеленіп тұрғанын мойындамасқа лаж жоқ.

Қай ұлттық әдебиетте де ұлт азаттығы жолындағы қозғалыстар бірінші орында тұрады. Оның ең әлсізімен ел билеген патша, император, біздің жағдайымызда хан тарихтары теңесе алмайды. Өйткені ұлт-азаттық қозғалыстары – халықтың қаны, жаны, ең көкейлі мақсаты. Онымен ештеңе деңгейлесе алмайды. Мен де ұлт-азаттық қозғалыстарының тарихымен тереңірек танысып, тақырыптың әргі-бергі аужайын біршама жақсы ажырататын деңгейге жетіп қалғанмын. Бірде Сырым қозғалысын ауызға алғанымда, Қажығали ұшып кете жаздады. Өзінің де шамасы әргі ойы сол болса керек. Сырым көтерілісі туралы жинақтаған біраз материалым бар-ды. Қуана-қуана ортаға салдым. 1966 жылы шыққан «Орыс-қазақ қатынастары» деген құжаттар жинағы мен Вяткиннің «Сырым батыр» деген зерттеуін қолына ұстаттым.

Бұл 1977 жыл еді. Кейін Сырым мә­се­­ле­сін мен сұрамадым, ол да тіс жарып ештеңе айтпады. Араға алты-жеті жыл түс­кенде, Қажығалидің әңгіме жазу­ды­ сиреткені, Сырым туралы тарихи ро­ман­нан да ұшты-күйлі хабар болмауы­ – көңіліме күдік ор­нықтырды. Бірер рет сұрауға оқталып тұрып, онсыз да қиналып жүргенде, күдігін молайтам ба деп сұрамадым. Оным дұрыс болыпты. Ақыры 90-жылдары Сырым туралы романның бірінші бөлімі «Жалын», «Таң Шолпан» журналдарында жарық көріп құлақты елең еткізді.

 Роман толстойлық ауқыммен басталған екен. Кең тынысты, алуан детальды, өмір­ді шашау шығармай қаз-қалпында кө­шіру сынды классикалық үлгідегі шы­ғар­маның аужайы байқалады. Болашақ Орын­бор өлкесінің генерал-губернаторы Игельстромды патша сарайында қа­былдау, сол кездегі Ресей империясының ішкі-сыртқы тізгінін қолда ұстап отырған белгілі тұлғалардың алдынан өтіп, ақыл-кеңестерін тыңдау, өлкенің өткен-кеткен та­рихы мен онда жүргізіліп келген орыс сая­сатының қыр-сырымен танысу, ақыры губернаторлыққа бекітілуі сырт көзбен қа­рағанда ұзақ баяндалған. Қаламгер бұл мәселеге алабөтен неге шұқшиды десек, мән бар екен – патша кеңсесінің осы биік есікті кабинеттерінде қазақ жерін отарлау саясаты жасалып, жүзеге асыруға дайындалып жатыр екен. Игельстром Россияның Қазақстанды отарлау саясатының да­йын концепциясымен келді. Алайда оның аяғы аспаннан келіп тас-талқан болғанын, оны тас-талқан еткен Сырымның саясаты екенін романның жалғасынан көреміз.

Журналдарда басылған романның алғашқы тараулары мен бірінші бөлімі оқырманды әрі-сәрі халге душар еткені жасырын емес. Оқырман Сырым батырдың бейнесін, оның отаршыларға қарсы күресі мен ұстанған өрелі саясатын көруге асықты. Ал алғашқы тарауларда Сырым жоқ-ты. Оның орнын Игельстром бейнесі тұтастай басып тұрған-ды. Романның бастапқы бөлімінің екіұдай қабылдануы – осы жағдайға байланысты деп ойлаймын.
 Қажығали Сырым туралы біраз зерттеу материалдарын газет бетінде жария­лап, Ұлттық академияда да баяндама жасады. Қысқасы, Мұхамбетқалиев тұра-келе Сырым көтерілісі тарихының бірден-бір білгіріне және тақырыптың талассыз қожасына айналды. Сырым туралы іс-шара­лардың басы-қасында болып, жиын-жина­лыстарда баяндама жасап, Сырымның абы­рой-даңқын арттырумен бірге өзі де ел ілтипатына бөленді.
Міне, алдымда зілдей болып «Тар кезең» романы жатыр. Оның «Сырым ба­тыр» не таптық қарым-қатынас, қазақ қауы­мының өзара ішкі таластары, не Сы­рымға қатысты басқа бір атпен аталмай, не­ліктен «Тар кезең» аталғанын романды бастан-аяқ оқып шыққан соң түсіндім.

Аталмыш тақырыпқа Мұхамбетқалиев өз ұстанымен келген. Ол Сырымның өмір­баянын, істеген істері, атқарған міндет­­терін түгендеп теруді көздемеген. Қалам­гердің діттеген түпкі мақсаты – қазақ хал­қының орыс отаршылығына қарсы кү­ресін көрсету болған. Роман бастан-аяқ осы мақсатқа бағындырылған. Сондықтан Сырымның хан ұрпақтарымен ұстасып, бірін қазақ арасынан Уфаға қашыруы, екіншісін өлтіруі, қазақ қауымындағы топтар мен таптардың ішкі тартысы жоқ, идея, сюжет тек қана отаршыларға қарсы күреске құрылған.

Үздік-создығымен 14 жылға созып, орыс мұрағатында 10 мыңға жуық құжат­тық деректер қалдырған Сырым қозғалысы – ұлт-азаттық көтерілісінің ауқымдысы және маңыздысы. Бірде-бір көтеріліс нәтижеге жеткен жоқ, бәрі де қанды қасап қырғынмен аяқталды. Сырым көтерілісі ғана нәтижеге жетті. Қазақстанның батыс бөлігінде хандық билік жойылып, бес жыл бойы «Билер кеңесі» мемлекеттік құрылым міндетін атқарды. Дәлірегі – Сырым демократия принциптеріне негіз­делген жаңа мемлекеттіліктің негізін қалады десек те артық емес.

 Кейбір қаламгерлер кітапты талқылау кезінде Сырымның хандықты жойғаны қалай, хандық халықты ішкі-тысқы жауға қарсы ұйымдастырушы басты күш еді ғой деген пікірлер де айтылды. Иә, хандық құрылым өзінің жасампаздық мүмкіндігін ақырына дейін көрсете алмады. Оған алдымен жоңғар шапқыншылығы, одан кейін орыс отаршылдығы қолбайлау болды. Сырым көтеріліс бастаған кезде хандық жүйе өзінің ыдырау сатысына енген-ді. Хан шын мәнінде Ресей билігіне кіріптар жағдайға тап болып, соның сөзін сөйлеп, соның саясатын жүргізетін қолшоқпарға айналды. Хандар ақыры халық мүддесінен алыстап, ашықтан ашық отаршылар мүддесін жақтаушыларға айналды. Міне, Сырымның хан тұқымдарын қазақ арасынан қуып, билікті халықтың өзіне, яки халық өкілдері – билердің қолына алып беруінде осындай сыр бар. Оның соңына әскер шұбыртып орыс әскерлеріне қарсы шыққан соғыстары, орыс әкімшілік жүйесін қазақ арасына енгізбеу жолындағы саяси күрестері, ең ақыры жаңа типті мемлекет құруы тарихи ойымызда әлі бағасын алған жоқ.

Роман Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Қаламгердің еңбегі жанды деген осы болады. Қажығали «Тар кезеңін» жазу үстінде қандай қиындықтарға тап болып, жолсыз тығырыққа тіреліп, жаны күйзелген кез­дері туралы жұмған аузын ашпайды. Мейлі, оны оқырманға ашып айта ма, айт­пай ма, өз еркі ғой, ал осы сияқ­ты күр­делі тақырыптардың азабын шегіп, талай шашым ағарған мен романның көл­табанның тұнбасы тәрізді астыңғы ағы­сы­нан, яки подтексінен, қаламгерлердің қиналыстарын анық аңғарамын. Қажығали Сырым туралы он мыңдаған қалың құ­жаттармен көп алысқан. Оның сол бат­тас­қан құжаттардың жетегінде кетіп, бат­паққа малтығуы да ғажап емес-ті. Онда біз қазіргі «Тар кезеңді» емес, мүлде басқа «Тар кезеңді» көрер едік. Қажығали Сырым туралы халықтық әпсана жолымен кетуі де мүмкін еді. Онда біз басқа Сырыммен ұшырасар едік. Қажығали бұл екі соқпақтың екеуіне де ат басын бұр­май, Сырым тарихын бейнелеуде өз жолын тапқан. Романның жаңалығы да осын­да. Сырым бейнесінің сонылығы да осын­да. Біз құжаттағы Сырымды да, ел аузын­дағы Сырымды да емес, басқа Сырымды, орыс отаршылығымен алыс­қан­ саяси күрескер, сұңғыла дипломат Сы­рымды көріп, шөліккен сусынымыз­ды қандырғандаймыз. Және «Тар кезең­нің» проза жанры тоқырап, жақсы шы­ғар­малардан үміт үзілген кезде шаң бер­генін – ояңсыған қабырғаны жауып, жо­ғымызды толтырғандай болды емес пе? Оқпанда оқ бар кәрі тарландарымыз әлі тоқырай қоймаған екен. «Тар кезең» – әдебиетіміздің шаң-тозаңнан сілкініп, қайта өрлеуінің басы болғай еді деп тілей­мін. 

Биылғы 2017 жылды қоғамдық-әлеу­мет­тік өмірде – «Экспо» жылы, ал әдеби өмірімізде Қажығали Мұхамбетқалиұлы жылы деуге болады. «Қазақ әдебиеті» га­зе­тінде жарияланған екі мақаласы, ға­ламтордағы үшінші мақаласы – әдеби сын­ның үлгілі туындылары. Осы үш мақаланы әдебиетші, әдебиетші емес,  миллиондаған оқырмандардың оқығанына сенімім кәміл. Әңгімешіл, романист Қ.Мұхамбетқалиұлы жаңа қырынан танылды десек те болады. Шындығына келгенде, прозашы Қажығали табиғи әдебиет сыншысы екені баяғыдан белгілі. Алдымен ол терең білімді, әдебиет теориясына жетік қаламгер. Әсіресе орыс әдебиетін бақайшағына дейін шаққанда шаңына жан ілестірмейді.

Қажығалидің өрелі сыншы екеніне 2015 жылы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан шыққан төрт томдық шығармалар жи­нағы кепіл. Төрт томдықтың екінші томы түгелдей жазушының әдеби сын ма­қа­лаларынан құралыпты. Тұтас бір том. Демек Қ.Мұхамбетқалиұлы бүгін сын­шы болып тұрған жоқ, тамыры әріде жат­қанының айғағы. Томдыққа енген қа­лам­гердің «Шағын жанрдың шалқар көкжиегі», «Егер мен сыншы болсам», «Қарапайымдық – қарадүрсіндік емес» – қазіргі қазақ әдебиетіндегі шағын жанр мен әдеби сынның қыр-сыры мен өзекті проб­лемаларына терең бойлаған толғамдар. Автор нені мақұлдап, нені мансұқтаған – бірауық соған назар аударалық. «Сын, егер ол шын мәніндегі әдеби-көркем сын болса, шығарма туралы ғана болмауы керек, бұның үстіне, сол шығарманың тууы­на себеп болған қоғамдық, әлеуметтік жағ­дайлар туралы болуы керек. Көркем шы­ғар­маны түсіндірудің қажеті жоқ, сол шы­ғармада айтылған ойлардың әлеуметтік астарына мән беру керек. Сонда ғана сын белгілі бір әдеби құбылыс туралы ой қоры­тады. Сонда ғана сын өзінің жанр ретінде неге дүниеге келгенін, не үшін қажеттігін дәлелдейді. Бұлай болмаған жағдайда әдебиетте сын да, сыншы да жоқ секілді көрінеді». Автор өз ойларын кемеңгер Тол­стойдың пікірлеріне сүйеп сөйлейді. Міне, Мұхамбетқалиұлының айтуынша, сын­ның көздеген нысанасы айдан анық, жұл­дыздан жарық. 

Қажығали берерін беріп, әдеби жетіс­тіктері мен табыстарының жылуына жылынып бейтарап жататын қаламгер емес, бір күні айналаға жел тұрғызып, сілкініп шыға келуі әбден мүмкін. Қаламгердің шабытты шақтарын бірге қызықтау қуанышы бұйырсын бәрімізге.

Әнес САРАЙ, 
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы