Әдебиет • 08 Желтоқсан, 2017

Жанна мен Гойя

487 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Республикалық «Егемен Қазақстан» газеті осы жылғы қазан айының 20-сы күнгі санында ақын Жанна Елеусіздің бір топ өлеңдерін «Поэзия антологиясы» айдарымен жариялаған. 

Жанна мен Гойя

Жанна – шығармашылығына қай тақырыпқа барса да не тікелей, не жанама түрде уақытты сөйлету тән болып келетін ақын. Ал уақыт болса тіке сөйлемейді, ол қалтарысы, бұралаңы, мәлімі, мәлімсізі көп қырлы әлем – өзіне сәйкесті сөзге ғана иліксе керек. Ақынның біз білген жалпы шығармашылығы, әсіресе, әлгі аталған өлеңдер топтамасы оны нақ осы қырынан танытады деп ойлаймын. Жалпы­ға бірдей түсінікті бола бермей­тін уақыт дейтін күрделі категориямен сөйлесу үшін де, сөйлету үшін де қашанда әр суреткер өз тәсілін іздеген. Оның үстіне Абай айтқандай, «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер» – ұдайы өзгерістердің де сыңайын танып, сырын ашу керек болады. Сондықтан адамзаттың көркемөнер тарихынан жақсы мәлім, әйгілі шеберлер өзі ұғынып, қабылдаған өзгерістерді өзі түсіну үшін де, өзгені түсіндіру үшін де әртүрлі ағымдарға барғаны белгілі.

Солардың бірі – көркемдік әлемінде: әдебиетте, поэзияда, суретте, сәулетте, жалпы өнерде жиырмасыншы ғасырдың бас жағында пайда болған авангардизм ағымы. Осы ағым, шамамен, елуінші жылдарға дейін үстемдік етіп, көркемдік әлеміне кубизм, футуризм, экспрессионизм, дадаизм, сюрреа­лизм, т.б. секілді түрлерімен қаулап шықты. Олардың басында адамзаттың көркемдік әлемін өрістетуге өлшеусіз зор үлес қос­қан атақты шеберлер тұрғаны белгілі.

Әлгі айтылғандай, «Алла өз­гермес, адамзат күнде өзгерер» – авангардизмнің де бастап­қы негізгі түрлері мен мағына­лары өзгерді, алайда оның ойды тұспалдап, астарлап жеткізу тәсілі қалып, өзгерген жаңа жағ­дайға сәйкестене жалғасты. Бұл Жанна ақынның өлеңдерінен де анық байқалады. Сөздік қорымызда «таным», «түйсік» деген терминдер бар, екеуі де, әсіресе. поэтикалық ұғымдарға тән. Осы екеудің «танымы» – философиялық категорияға жатса, екіншісі – «түйсігі» – метафизиканың әдісінде. Танымға жетудің әдіс-тәсілдері көп, мысалы, таңата гүл бұтаға қонып алып сайраған бұлбұлды баршаға түсінікті өлеңге айналдыру үшін көп ізденістің қажеті шамалы – ақындық бейім болса жетіп жатыр; мұндағы шекаралар шектеулі. Ал енді түйсікті баяндау үшін үйреншікті шекарадан шығу керек, себебі түйсікте нақтылық деген жоқ, айтқан сайын алып қаша беретін мазасыз ой ғана бар. Әлгі өлеңдердің авангардизм ағымымен туыстасуы, бір ойдың ұзақ тарқатылуы осыдан. Үш өлеңнің «Келді адалы: кетті – ұзақ тұрмады» деп аталған біріншісінің әр жолы «келді» сөзінен басталып, солай «келді, келдімен» жалғаса береді. Келіп жатқандар: адуындар, пысықтар, сызылғандар мен сырғақтар… қаптап, шулап келіп жатыр. Олар келіп тұрақтады, тек соңғы жолдарда ғана «келген ақкөңіл құрбан болып кетті, адалы – ұзақ тұрмады». Бұл екеу ғана тұрақ таппады. Келгендер келіп жатыр, кеткендер әлгіндей екеу ғана. 

Қазақтың поэзия кеңісті­гінде әсем өлеңдер аз емес: интеллектуалдық дейтін де, көр­кемдігі, нәзіктігімен баурайтын жанға соншалықты жылы жолдар, техникалық орындалуы жағынан мүлтіксіз өлеңдер көп, солармен бірге ара-тұра идеясы терең поэтика да кездесіп қалады. Алайда осы соңғының алдыңғылардан өзгешелігі – жасырын мағынаға құрылуынан түсінуді ауырлатады. Жанна Елеусіз шығармашылығы­ның табиғатына тән ерекше­лігі осында. Ақын өлеңдері атақ­ты кес­кіндемеші испаниялық Фран­сиско Гойяны еске салады. Әйгілі шебердің елдегі моральдық, саяси және рухани келеңсіздіктерді кескіндеу мақсатында жазған «Капричос» атаулы офорттар сериясындағы «Ақыл-ес ұйқыға кеткенде, құбы­жықтар өріп шығады» туын­дысы екі ғасырдан кейін Жан­на шығармашылығымен үндес­кендей: мұнда да әлгі ай­тыл­ғандай, келгеннің бәрі келең­сіздіктер. Өлең сөздері құры­лымының архитектоникасы, идиостилі – өзіндік ерек­шелік сөз тілінің мағыналық жағын күр­делі ете түседі: кей­бірін түсі­нетін де секілдісің, кей­бірін тұс­палдайсың. Себебі өлең­дері­нің өн бойы көркем тілді қиыс­тырудағы батыл жаңа­лық­тар арқылы гротескі, алле­го­рия, астарлылық орамдар­мен өрнектелген. Мысалы, «Өмір сүр» деп аталған екінші өлеңіндегі:

…іздеме ойды
Іледі ол жыртық жеріңнен!..
Кетеді сосын өзінше
 тоқып жаныңды.
Былай да Тағдыр қаламын
 ұстап желінген
Тауысар болат малумен
 күнде – 
Қаныңды…
деген жолдар таныммен емес, түйсікпен сезіндіретін сөздер.
Ақын мамандық емес, кәсіп те емес, ол – бұйырым. Ақын, драматург Нобель сыйлығының лауреа­ты Томас Элиоттың «Пьесаны кө­рер­мен үшін жазады, өлеңді ақын өзі үшін жазады» деуі осыдан. 

Идош АСҚАР 

Ақтөбе