Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2017

Қостанайда ғаламтор алаяғы ұсталды

481 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облысы ІІД Крими­нал­дық полиция басқармасының қызметкерлері интернетті пайдаланып, Коlesa.kz сайтының 36 қолданушысын алдаған 27 жастағы күдіктіні ұстады. Бұл интернет арқылы алаяқтық жасау қылмысы Қазақстанда алғаш рет ашылып отыр.

Қостанайда ғаламтор алаяғы ұсталды

Күдікті Коlesa.kz сайтына автокөлік бөлшектерін анағұрлым төмен бағамен сату туралы хабарландыру беріп, Қазақстанның тоғыз өңірінен, (Қостанай, Қарағанды, Ақ­мола, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақ­стан, Маңғыстау, Шығыс Қазақ­стан облыстары, Алматы қаласы) қан­шама адамдарды алдап соққан. 
Қостанайлық полицейлер кү­дікті­нің жеке басын анықтау үшін айтар­лықтай үлкен жұмыс атқарды. 

– Үстіміздегі жылғы сәуір айында бізге Қостанай облысында ин­тернет желісіндегі Коlesa.kz арқылы алаяқтық жасап жүрген топ бар екендігі туралы ақпарат түсті. Алаяқ­тық сызбасын жасағандар сайтқа кез келген шетелдік маркалы автокөліктің бөлшектерін сататыны туралы хабарландырулар орна­ластырады. Олар автокөліктің бөл­шектерін өте жақсы білген, тәжі­рибесі бар, сондықтан тұтыну­шы­ларды да сөзіне иландыра біліпті. Олар сатып алушыларға заттың бағасын алдын ала толық төлетіп отырған. Ақша түсісімен хабарландыру алынып тасталады да, сатып алушы олармен байланысқа шыға алмай қалады, – деді Қостанай облысы ІІД КПБ аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Жанар Мұғалова.

Алаяқтар «сұранысты» өзде­рі тұрған Қостанай облысы тұр­ғын­дарынан алмауға тырысқан, ал бұл қылмысты ашуды, күдіктілерді анықтауды күрделендіре түскен. Олар есебіне ақшаны түрлі банктер карточкасымен алып, оны Қостанайда қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Қостанайдағы банкоматтардан ақша алғанда ерекше сақтықты да ойластырған.

 Полицейлер күдіктілерді іздестіру барысында түрлі шараларды жан-жақты қарастырды. Мониторингтер өткізген, Коlesa.kz сайты­ның қызметкерлерімен тіке­лей жұмыс істеген, осы сайтта алаяқ­тар жа­риялаған 100-ден аса хабарландыру шыққа­ны белгілі болған. Автокөлік бөл­шек­терін сатып алу үшін адамдар Қазақ­станның әр шалғайынан олардың есебіне түрлі банктер арқылы 50 мың­нан 250 мыңға дейін ақша аудар­ған. Полицейлердің тиянақты жұмыс­тарының арқасында күдікті­нің Қостанай қаласында тұратын­дығы анықталды, оған тінту жасал­ғанда бұлтартпайтын айғақтар та­былды.

Қостанай облысы Ішкі істер де­партаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы, поли­ция полковнигі Амангелді Мұха­метқалиевтің айтуынша, ғаламтор алаяғын ұстау, оның тобындағы адам­дарды анықтау, қылмысын мойын­дату оңай болмаған. Алаяқтардан зардап шеккендер саны тек 36 ғана емес, одан да көбеюі ықтимал. Тергеу барысында онымен бірге алаяқтық жасаған тағы бір адам анықталды, ол әзірге кепілмен жүр. Қазір күдікті қамауда отыр, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан» 

ҚОСТАНАЙ