Медицина • 08 Желтоқсан, 2017

Алматыда осал топтардың заңгерлік көмекке қолжетімділігі талқыланды

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Апта соңында Алматыда Орталық Азияның Еуразия Қоры және Талдықорған құқық қорғау орталығы Еуропалық Одақтың қолдауымен жүзеге асырып отырған «Қазақстандағы осал топтарға заңгерлік көмек көрсету жүйесін жетілдіру» жобасы бойынша жүргізілген зерттеу нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихатын өткізді.

Алматыда осал топтардың заңгерлік көмекке қолжетімділігі талқыланды

Зерттеу әлеуметтік осал топтардың (өмірі ауыр әйелдер, кәмелетке толмағандар, балалар үйлерінің түлектері, жазаға кесілгендер) кепілдендірілген мемлекеттік заңгерлік көмекке қол жетімділігіне кедергілерді анықтау мен сараптау мақсатында Қазақстанның 7 облысында жүргізілді: Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары.

Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, әйелдердің 65 пайызы күйеуінің тарапынан әлімжеттіке ұшырап, таяқ жеп отырған. Сұралған балалар үйі түлектерінің жартысынан астамы (55%) баспана, зейнетақы, жәрдемақы алу және мұрагерлікке ену мәселелері бойынша тегін құқықтық көмекке мұқтаждықтарын атап өткен. Зерттеу жазаға кесілгендердің басым көпшілігі (62%) бас бостандығынан айыру орындарында түрлі құқықтық мәселелердің шешілуіне зәру екендігін анықтап отыр.

«Білікті заңгерлік көмек алу құқығы – негізгі әрі күрделі мәселе. Білікті заңгерлік көмектің барлық азаматтық топтарға, әсіресе, әлсіздерге қолжетімді болуы маңызды. Осал топтармен жұмыс жасап келе жатқан жылдар ішінде мен МКЗК қазіргі жүйесінің жетілмегендігіне жиі тап болудамын. Бізге осал топтағы адамдардың сот әділдігіне қол жетімділігіне келтірілетін кедергілерді зерттеу және олардың қаншалықты көмекке зәру екендіктерін түсіну маңызды болды», – дейді "Талдықорғандық құқық қорғау орталығы" ҚҚ директоры Виктор Тен.

Жобаның негізгі мақсаты осал топтардың құқықтарын қорғаудың тәжірибесі мен тетіктерін жетілдіру, соның ішінде олардың қылмыстық және азаматтық әділеттілікке тартылған жағдайларда мемлекетпен кепілдендірілген заңгерлік көмектің (МКЗК) сапасы мен қолжетімділігін жақсарту болып табылады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

 

АЛМАТЫ