Әлем • 08 Желтоқсан, 2017

Трамптың сөзінен кейін Газа секторында қақтығыс болды

623 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалим қаласын Израиль астанасы ретінде мойындағаннан кейін Газа аймағында дүрбелең туындады. Бұл аймақтағы ХАМАС ұйымы Трамптың шешіміне қарап қалмайтынын, «қаһар күнін» ұйымдастыратынын жеткізді.

Трамптың сөзінен кейін Газа секторында қақтығыс болды

ХАМАС-тың бұл әрекетін Ливанның «Хезболла» тобы да қолдап отыр. Бұл ұйымның басшысы Хасан Насраллы америкалық тараптың мұндай шешіміне қарсы лайықты жауабымыз болуы керек деді. Ал Палестинаның ФАТХ тобы дипломатиялық әдіспен қарсылық таныту қажет дейді. Яғни, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне арыз жазуы керектігін алға тартты. Ал Араб мемлекеттері лигасын осы мәселеде ұстанымынан жаңылмауға шақырды.

Трамптың бұл сөзінен кейін Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Газа секторында қақтығыс орын алды. Нәтижесінде 30 адам түрлі жарақат алды. Оның біреуі хал үстінде жатыр.

Иордан өзенінің батыс жағалауында палестиналықтар автошендерге от қойып, израильдік әскерилерге тас лақтырды. Ал олар жауап ретінде шынайы патрон, резеңкелі оқ, көз жасаурататын газ пайдаланды.

Reuters агенттігінің хабарлауынша Газа секторында палестиналықтар наразылық ретінде Израиль әскерилеріне тас лақтырған. Ал израильдіктер соғыс патрондарын қолданыпты. Бұдан бөлек, Газа секторынан екі ракета ұшырылғанын, алайда көздеген Израиль жеріне емес Палестина аумағына түскені хабарланды. Сондай-ақ, Иордан өзені маңайында тәртіп орнату үшін жүздеген әскерилер жіберілді.

Трамптың мұндай пікірін бірқатар мемлекет сынға алды. Олардың қатарында АҚШ-тың бұрынғы одақтас елдері де бар. Сауд Арабиясының билігі бұл қадамды негізсіз және жауапсыз деп атаса, Франция мен Ұлыбритания мұндай шешімді қолдамайтынын хабарлады. Өз кезегінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Трамптың мұндай әрекеті «отқа май құюмен» тең деп есептеді.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Дональд Трамптың Израиль астанасы ретінде Иерусалимді мойындауы Таяу Шығыстағы келеңсіздіктерді реттемейтінін, қайта халықаралық қауымдастықтар арасының бөлінуіне алып келетінін жеткізді.

Өз кезегінде Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Трамптың бұл сөзін тарихи оқиғаға теңеді. Ол сондай-ақ, Израильдің мұндай шешімді қолдайтын елдермен байланыста екенін айтты. «Өзге мемлекеттердің елшіліктері Иерусалимге көшіп келетініне сенімдімін. Оған еш күмәнім жоқ», деді Биньямин Нетаньяху.

АҚШ-тағы еврей одағы New York Times басылымы арқылы Трампқа алғыс айтты.

Енді осы тұста Дональд Трамптың сөзіне тоқталып көрелік. Кеше ол: «Израиль астанасы ретінде Иерусалимді ресми мойындайтын уақыт келді. Мен бұл бағытты Америка Құрама Штаттарының мүддесі үшін және Израиль мен палестиналықтардың бейбітшілікке жетуі үшін үшін таңдадым», деді.

Бұдан бөлек Трамп АҚШ елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіру жұмыстарын бастауды тапсырды.

Енді осы тұста АҚШ президентінің мұндай пікірі не себепті маңызды деген ой келері анық. Трамптың бұйрығы Вашингтонның Иерусалим мәртебесіне қатысты халықаралық қоғамдастықтың келісіміне қарсы шыққанын білдіреді. Себебі, бұл қала Израиль үшін де, палестиналықтар үшін де маңызды болып есептеледі. Ал оның мәртебесі жайлы 1993 жылғы Израиль-Палестина келісімі бойынша келіссөздердің соңғы кезеңінде талқылануы тиіс болатын.

Ал Израильдің Иерусалимге қатысын ешқандай ел мойындамаған, сондықтан елшіліктердің барлығы Тель-Авив қаласында орналасқан.

Иерусалимнің көне бөлігі орналасқан батыс аймағын 1967 жылы Израиль алтыкүндік шайқастан кейін басып алған болатын.

Дайындаған 

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»