Әдебиет • 08 Желтоқсан, 2017

«Егемендіктер» Ақселеу Сейдімбекті еске алды

1180 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде көрнекті этнограф, публицист Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған кездесу өтті. Дөңгелек үстел басындағы басқосуға қазақтың біртуар ұлымен бірге жүріп, бірі аға, бірі дос, іні болған мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жазушы Қойшығара Салғараұлы мен Алдан Смайыл және Сауытбек Әбдірахман қатысты. Тағылымды кездесуге келген қонақтардың қатарында Ақселеу Сейдімбектің қызы Перизат та болды. Сондай-ақ зиялы қауымның Алаштың Ақселеуі жайлы айтылған естеліктерін тыңдауға газет ұжымы да жиналды. 

«Егемендіктер» Ақселеу Сейдімбекті еске алды

Бұл жиынның күні кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен конференцияның жалғасы іспетті екенін жеткізген «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі публицист Ақселеу Сейдімбектің 75 жылдығы өзі қызмет еткен Ел газетінде тойлануы  тиіс екенін айтты.

«Біз бүгін Алаштың ардақтысы, қазақтың Ақселеуі атанған Ақселеу ағамызды еске алу үшін жиналып отырмыз. Ақселеу ағамызды жер-жерде еске алып жатыр. «Егемен Қазақстан» ағамыздың сүйікті ұжымы болған, қолтаңбасы қалған. Ақселеу Сейдімбек сан-саланы жетік білген, сегіз қырлы бір сырлы, өте терең білім мен биік парасат иесі еді. Бала кезде «Аққыз», «Қыр хикаялары» сияқты повестерін оқыдық. Публицистикаға қалай жүйрік болса, тарихқа қалай үлкен жол ашқан болса әдебиетте де сондай қолтаңбасы қалған үлкен жазушы. Бүгінде сол Ақаң Жошы хан, Домбауыл, Алаша хандар жатқан Ұлы даланың төсінде ұлы мұралардың күзетшісі болып жатқандай», деді газет басшысы.

Ақселеу Сейдімбекті алғаш Астанадағы білім ғана емес, рухани ордасы – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне шақырып, бойындағы таусылмайтын білімді жастарға бергізуді жөн көрген ғалым Мырзатай Жолдасбеков салиқалы басқосуды ұйымдастырған газет редакциясына рахметін айтып, Алаштың кемеңгер ұлына деген бағасын берді.  

«Мен Ақселеумен ең алғаш 1986 жылы Испанияға сапарлас болып барғанда таныстым. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін басқарып тұрғанда журналистика кафедрасына шақырдым. Сөйтіп жұбымыз жазылған жоқ. Бұл қайта тумайтын азамат. Ылғи да қазақ үшін күйіп, пысып жүретін. Артына үлкен мұра қалдырды. Қазақтың күй өнері туралы Ақселеуден асырып жазған ешкім жоқ. Бұл өте үлкен зерттеуді талап ететін мұра. Ол терең зерттейтін, байыбына баратын. Ақселеудің тағы бір таусылмайтын асыл қазынасы «Қазақтың ауызша тарихы» болатын», деген М.Жолдасбеков інісі жайлы естеліктерді әңгімеледі.

«Қазақтың ауызша тарихы» – елтанудың әліппесі» деген А.Сейдімбектің досы, жазушы Қойшығара Салғара оның ұлтжандылығына тоқталып, аманаты мен арманын орындауға күш салып жатқанын жеткізді.

«Ақаң «Егеменге» 1976 жылы келді. Мен де осы газетте істедім ғой. Бірақ мен журналист – партияның қолғанаты деген ұстанымда едім. Ақселеу келгеннен кейін басқаша бола бастады. Ақселеу басқа журналистерден өзгеше еді. Өзгеше болатыны ол ұлттық биік мұраттарға бастайтын азаматтық сатының біразына көтерілген азамат еді. Ұлттық мәселеге келгенде Ақселеу жалтақсыз кірісетін. «Елтұтқаны» шығару идеясын да сол тастаған. Атауы да соныкі. Қай кітабы болса да қазақтың болмысын, жаратылысын көрсететін шығармалар болды. Меніңше «Қазақтың ауызша тарихы» – елтанудың әліппесі. Қазіргі кезде Ақаңның аманатын орындап, оның айтқандарын жазып қалдыруға тырысып жатырмын. Ақселеу аманаттаған «Мөңке ханның» сценариін жаздым.  Енді «Өмірбаян туған күннен басталады» деген еңбекті дайындаудамын. Сондықтан мынау қым-қуыт тірлікте Ақаң сияқты бір-біріңізге ықпалдарыңыз тиіп, жетпей жатқанын толықтауға көмектесетін болыңыздар», деді Қ.Салғара.

Мәжіліс депутаты, журналист Сауытбек Әбдірахман публицистің ұқыптылығын айтып асыл қасиеттерін Әбіш Кекілбаевтың Ақселеу Сейдімбекті соңғы сапарға аттандырарда айтқан сөздерімен өрнектеді. «Социалистік Қазақстанға» Ақаң  келгенде терезе ашылып Сарыарқадан леп соққандай болды. 2-3 айдың ішінде редакциядағы менталитет өзгеріп кетті. Мен поштамен кітап алдырудың жолын Ақаңнан көрдім. Еуразия университетінің алдында Әбекең (ред.-Әбіш Кекілбаев): «Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады. Сері қандай болады? Ақселеудей болады. Би қандай болады? Ақселеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пір қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың жақсысы мен жайсаңы бәрі қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың қәтепті қызыл нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бәрінің орнына бір ғана Ақселеу жүре алады. Ақселеудің орнына кім жүре алады. Ешкім жүрмейді. Тек Ақселеудің өзі жүре алады», деп тебіренген болатын», деп еске алды С.Әбдірахман.

А.Сейдімбекті еске алуға жиналған жазушылар оның жазушылығы мен публицистік шеберлігі жайлы да әңгіме өрбітіп, зерттеуші ретіндегі еңбектерін жоғары бағалады. Дархан Қыдырәлі Ақселеу Сейдімбектің алашшыл болғанын айтып, жазушылықтан зерттеушілікке барғанын сол алашшылдардың ағартушылық жолын таңдағанынан болар деп түсіндірді. Ал Ақселеу Сейдімбектің қайраткерлік қыры әлі ашылмай келе жатқанын айтқан жазушы Алдан Смайыл: «Осындай еске алуларда ол кісінің көп қырының бір қыры ашылады да отырады. Жалпы Ақаң жазушылықпен тұтас айналысып кеткенде Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкей сияқты қазақтың көрнекті жазушыларының бірі болар еді. Ақаң этнографиялық, дәстүрлі әңгімелерге ең алғаш қалам тартқан жазушылардың біреуі.  Бірақ ол саналы түрде жазушылық жолды доғарып зерттеушілікке кеткен. Менің ойымша оның себебі жалпы ұлттың, оның тарихын,  тілін дәстүрін, әдет-ғұрпын өмір салтын танымай тұрып мықты жазушы болу да мүмкін емес екенін білгендіктен. Екінші жағынан бұған Әлкей Марғұлан да себепші болды. Ақселеу ағамыз Әлекеңмен көп бірге жүрді. Сондағы көрген, білгендерінің барлығы қағазға түскен. Алғаш рет қазақтың қара өлеңін жинап, соған ғылыми негіздеме жасаған да «Күңгір-күңгір күмбездерде» қазақтың тағамдарын жинақтап, сипаттама берген де Ақселеу болатын. Ақаң табиғатынан күйші еді. «Қазақтың күй аңыздары» – ғаламат кітап, үлкен қазына. Соның бәрін жинап оған ғылыми сипаттама беру оңай емес. Оның саяси қайраткерлігі ашылмай жатыр», деді.

Жиын соңында Перизат Ақселеуқызы «Егемен Қазақстанның» басшылығы мен қызметкерлеріне алғысын айтып, редакцияның қорына А.Сейдімбектің еңбектерін сыйға тартты.

«Осындай естеліктерді сағынып жүреміз. Әкемнің мұрағатта жазылмай қалған еңбектері бар. Оған жастардың қызығушылықпен зерттеу жасағысы келетіні қуантады. Әкем өзі атақты кісілердің атыны жойылмауы оның жоқтаушысына байланысты деп айтатын еді. Ол кісі қайтыс болған 8 жылда сіздердің арқаларыңызда көп жұмыстар істелінді. Әкемнің екінші өмірі басталып жатыр», деді П.Ақселеуқызы.

Ал ұжым атынан газет басшысы Дархан Қыдырәлі Перизат Ақселеуқызына «Егемен Қазақстан» газеті шығарған «Бақорда», «25 жылдың жетістіктері» кітаптарын және Шархан Мұртазаның «Намыс найзағайы»  мен Әбіш Кекілбаевтың «Дәуір дауысын» тарту етті. Сондай-ақ Д.Қыдырәлі Ел газетінің 100 жылдығына орай редакция Ақселеу Сейдімбектің те кітабын дайындауды қолға алатынын жеткізді.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген

Ерлан ОМАР,

«Егемен Қазақстан»