Футбол • 11 Желтоқсан, 2017

«Астананың» Тәуелсіздікке тартуы

242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елорданың командасы Еуропа лигасаның плей-офф кезеңіне шықты.

«Астананың» Тәуелсіздікке тартуы

Ойын басталмас бұрын «Сла­­вия­ның» құрамына қарап ұзақ отырдым. Былай қара­саңыз, фут­болшыларының құрамы кәдім­гідей тісқақ­қан­дардан құрал­ған. Ян Лаштув­ка «Шахтер» (Донецк) коман­да­сы­ның негізгі қақпашысы бол­ған. Мигель Данни да «Зенит» сапында жарқылдап, Супер­кубоктың финалында «Ман­честер Юнайтед» қақпасына гол соққан. Сондықтан пор­ту­га­лиялықты таныстырып жату­дың өзі бекер. 2012 жылы «ең әдемі голды» кім соққанын біле­тін шығарсыздар? Сол шақта «Фенербахченің» ойыншысы болған Мирослав Стох қазір «Славияның» сапында.   

Осыдан екі жыл бұрын Қазақ­стан ұлттық құрамасымен бірге Пль­зендегі Чехия-Қазақстан ойынына барған едім. Ол матч та қазір көз алдымда. 75-минутқа дейін жеңіп тұрдық. Алаңға алмасып кіріп, 2 гол салып, салымызды суға кетірген Милан Шкода «Славияның» бір атары. 2004 жылы Қазақстан құрамасы УЕФА жалауының астында алғашқы ойынын Украинаға қарсы өткізді емес пе? Иә, дәл сол тарихи матчта біз соңғы секундта гол жіберіп, тең нәтижеден айы­рылып қалдық. Голды Руслан Ротань соқты. Томаш Нецидтің шеберлігіне де шек келтірмейміз. Ал Халил Алтынтоп 2010 жылы Сидельниковтің қа­қпасына ғаламат гол соққан Хамит Алтын­топтың сыңары ғой. 

Жалпы, қарап отырсақ, барлығы тәжірибиелі, өздерінің спорттық ғұмырларында жоғары нәтижелерге қол жеткізген аяқ­допшылар. 

1-тайм. Кездесу басталысымен қос команда бірден шабуыл жасауға асықпады. Екеуі де емін-еркін пас алмасып, өздерінің кішігірім дайындаған қитұрқы комбинацияларын іске асырып көргісі келді. Алайда сондай бір ғаламат шабуылдарды көре алмадық. Ойынның 25-минутына қарай біздің қақпамыздың алдында бұрыштамалар көбейіп, қауіпті сәттер пайда бола бастады. «Славия» қақпашысы Ян Лаштувка тоңғаннан болар, дене қыздырып, әрлі-берлі жүгіріп жүрді.

Ал 38-минуттан бас­тап ша­буылға шыға бастаған елор­далықтар стандартты жағдай орын­дауға мүмкіндік алды. Айып алаңына көтерілген пас бай­қаусызда Марин Аничичтің алдына келе қалды. Қорғаушымыз бос қақпаға гол соқты. Алайда қапталдағы төреші офсайд жағ­дайы болғандығын көрсетті. Дегенмен, бас төреші Аничичке доптың Томаш Нецидке тиіп келгенін анық көріпті. Ақылдаса келе, салынған голдың әділ болғанын білдіртті. Таблодағы көрсеткіш – 0:1. 

2-тайм. Екінші тайм бас­талысымен «Славия» шабуылға шықты. Ал қазақстандықтар қорғанысқа баса көңіл бөліп, арагідік қарымта шабуылдарға иек артып отырды. 78-минутқа дейін қақпашымыз Ненад Эрич уақыт созғандықтан, сары қа­ғаз алды. Одан әрі қаптаған бұ­рыштамалар дегбірімізді қа­шыр­ды. Қорғаушыларымыз шабуылдарды бірінің артынан бірін қайтарып жатты. 

Ортада жүрген Серікжан Мұ­жықовтың орнына Станимир Стойлов қорғаушы Сергей Малыйды шығарды. Бойы ұзын орталық қорғаушы командаға ауадай қажет еді. Алаң жиегінде Стойловтың көмекшісі Григорий Бабаян 80-минуттан бастап байыз тауып отыра алмады. Аяқтан тік тұрып, шәкірттеріне ақыл-кеңес айтумен болды. Жүйкені тоздырған соңғы 10 минут ғасырдан да ұзаққа созылғандай көрінді. 

Төрешінің соңғы ысқырығы қазақстандық клубты плей-офф сатысына алып шықты. Қазақстан футболының тарихына енетін бұл ойынды трибунада толқып отырып көрген менде де арман жоқ, қазақ футболының жанкүйерлерінде де арман жоқ. Алға, «Астана», алға Қазақстан! 

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан» 

Соңғы жаңалықтар