Бизнес • 11 Желтоқсан, 2017

Үйретеріміз де бар, үйренеріміз де аз емес

342 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Біз Қазақстанға келген кезімізде мұндағы шаруашылықтардың зор мүмкіндіктерін байқадық. Мұнда мемлекеттің кәсіпкерлерге жасайтын қолдауы күшті екен. Әсіресе соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына үлкен қолдаулар жасалып жатқанын көрдік. Осы бағытта әзірленген бағдар­ла­малармен қызыға таныстық. Сондықтан, менің ойымша, Украинаның ауыл шаруашылығын дамыту бағы­тында 10-15 жыл бойы үзбей жүргізіп келе жатқан жұмыстарын Қазақстан 5-7 жылдың ішінде еңсере алады», дейді Сүт өндірушілер ассо­циациясының вице-президенті Любомир Дикун.

Үйретеріміз де бар, үйренеріміз де аз емес

Любомир Дикун Қазақстанның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, оның Біліктілік орталығымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Мұндағы негізгі мақсат – өзара тәжірибе алмасу, екі елдің мал өнімдері рыногын зерттеп, кәсіпкерлердің өзара байланысқа түсіп, өз мүмкіндіктерін тиімдірек пайдалануына жол ашу.

Украинаның Сүт өндірушілер ассоциациясының құрамында 200 шаруашылық бар. Оларда өндірілген сүттің 40 пайызы жоғары класты болып табылады. Сондықтан бұл шаруашылықтарда өндірілген сүтке сұраныс көп. Елдің барлық алдыңғы қатарлы сүт зауыттары олардың өнімін пайдалануға тырысады.

Ол Қазақстан Үкіметінің жергілікті шаруаларды субсидиялау жүйесін өте жоғары бағалайтындығын жеткізді. «Бұл шаруалар үшін өте маңызды бағдарлама екен. Өкінішке қарай әзірге мұндай бағдарлама біздің елімізде болмай отыр. Сондай-ақ фермерлерді несиелендіруге арналған сіздердегі қаржы тетіктерін шаруалар тиімді пайдалана білсе, осының өзі оларға беріліп отырған үлкен мүмкіндік қой», деген Любомир Дикун «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жұмысын да жоғары бағалайтындығын жеткізе кетті. «Атамекен – бүкіл экономика мен бизнесті бір ортаға тоғыстырып отырған керемет құрылым. Ол осылайша бүкіл білім мен инновацияларды да бір жерге шоғырландырып, ел көлемінде тарата алады. Сіздердегі кәсіпкерлер палатасы шаруалар мен диқандарды толғандырған мәселелерді жинақтап, талдаулар жасап, оның қорытындысын Үкіметтің алдына мәселе етіп қоюға қабілетті екен. Қысқасын айтқанда, бұл құрылым қуатты күшке ие. Оның тәжірибесін біздің елде де қолданған дұрыс деп санаймын», дейді Украина сүт өндірушілер ассоциациясының вице-президенті.

Л. Дикунның айтуынша, Украина ауыл шаруашылығы саласының өз артықшылығы бар. Біріншіден, Украина жері қара топырақты, ылғал мол. Яғни мол өнім алуға негіз бар. Екіншіден, Украина Еуропаға таяу орналасқан. «Біз өз заңдарымызды Еуропалық одақ заңдарымен барынша үйлестірдік. Сондықтан біз үшін Еуропа нарығы ашық деп айтуға болады. Сонымен қатар басқа да рыноктарға шығу жүзеге асырылуда. Қазіргі күні Қытайға, Африкаға, Таяу Шығысқа өнімдер жөнелтеміз.Экспорт мәселесін барынша ыңғайлы ету үшін ел ішінде Экспорттық кеңес құрылған. Ол әрбір екі апта сайын шетелдермен сауда саласында белгілі бір шараны жүзеге асырады. Сөйтіп экспортқа жол ашып отырады», дейді ол.

Қонақтың айтуынша, Украина Қазақстанға да сүт өнімдерін жөнелтеді. Осы істі дұрыс жолға қою үшін Павлодар, Петропавл, Шымкент, Алматы қалаларының бірқатар кәсіпорындарымен ынтымақтастық орнатылуда. Украинаның «Молочный Альянс» ЖШС «Милкиленд – Украина» секілді компаниялары Қазақстан нарығына сәтті шығып отырған көрінеді. «Екіжақты ынтымақтастықты дамыта түсу үшін біз сіздердің кадрларыңыз үшін Украинада оқу курстарын ұйымдастырудамыз. Бізде Кеңес Одағы кезінен сақталып қалған 12 ветеринарлық университет бар. Біз негізінен Қазақстанды өз өнімдерімізді Шығысқа қарай жылжытуға көмек бере алатын ауылшаруашылық платформасы әрі сала бойынша әріптес ел ретінде қарастырамыз», дейді Л. Дикун.

Сонымен Қазақстанмен ауыл шаруа­шылығы саласы бойынша әріптестік қарым-қатынасқа түскендегі Украина мақсаты біршама белгілі болды. Әрине, бұл мақсаттың екі жаққа да тиімді екендігіне дау жоқ. Дегенмен біз үшін Украинаның басқа да қандай пайдалы жақтары болмақ?

Біздің бұл сұрағымызға украиналық делегация құрамындағы сарапшы Олександра Бондарська жауап берді.

«Біз сіздерде қандай жақсы тәжіри­­бе­лер бар, соны зерттеп жатырмыз. Мұ­ның алдында дәл осындай қазақ­стан­дық делегация біздің елде болып, кәсіпорындарымыздың жұмысымен, тәжірибесімен танысты. Сондай-ақ оқу курсында болды.

Ал енді сіздің сұрағыңызға келе­тін болсақ, жастардың ауыл шаруа­шы­лығына деген жағымды көзқарасын қалыптастыруда Украина Қазақстанға көп нәрсе үйрете алады дер едім. Біз сіз­дердің еліңізде «жастар ауыл шаруа­шы­лығына жұмысқа барғысы келмейді» деген сөздерді көп естідік. Бұл қазір үлкен проблема болып отырған секілді. Ал бізде олай емес, жастар ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге өте пейілді. Неге? Себебі біз Еуро­паға таяу тұрған соң қазіргі заманғы ауыл­шаруашылық технологиялары мен ауыл шаруашылығын жүргізудің батыс­тық әдіс-тәсілдерін молынан енгізу үстіндеміз. Оның үстіне біздің жас­тарымыз, студенттеріміз  Дания, Германия, Италия секілді елдердің ауыл­ша­руашылық кәсіпорындары мен фермаларына барып жұмыс істеп, олардан көп дүниені үйреніп қайтуда. Елге келген соң өздері іс бастап, ол елдерден үйренгендерін бізде қолданады, сол жақтан технологиялар әкелуге тырысады. Осылайша еліміздің ауыл шаруашылығы саласы жаңа тәжірибелер мен технологиялар нәтижесінде жедел жаңғыру үстінде. Бізде жер жалға беріледі. Жаңа іс бастағысы келгендер оны жалға ала алады.

Екіншіден, бізде ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің басын қосатын «Аграрлық рада» деген ұйым бар. Оның қасында аграрлық лицейлер жұмыс істейді. Мектептердің жоға­ры сыныптағы оқушылары осы лицей­лерде ерікті түрде оқытылады. Мұн­дағы сабақтар инновациялық түрде жүр­гізіледі. Оның үстінде лицейлер кәсіпкерлік ұйымдардың кеңселері­мен бір шаңырақ астында. Оқушы­лар кәсіпкерлермен кез келген сәтте кездесіп, әңгімелесе алады. Олар елімізде ауыл шаруашылығы саласында жиі ұйымдастырылатын көрмелерге қатыстырылады. Оқу барысында әрбір оқушы ертең өз өміріне әсері тиетіндей нақты бір жобаны таңдап, сол бойынша жұмыс істейді. Олар оқуды бітірмей-ақ заманның жедел өзгеріс үстінде екендігін, бүгінгі ауыл шаруашылығы дегеніміз бұрынғы ауыл шаруашылығы емес екендігін, ал оның ертеңі тіпті ғажап екендігін түсініп шығады. Міне, осылардың барлығы жастарымызға үлкен әсер етеді. Лицейдегі жастарға тиімді жаңа бір жоба туралы айтсаңыз, олардың көзі жанады.

Сондықтан бізде сіздердің елдеріңіз­дегідей «жастар ауыл шаруашылығына барғысы келмейді» деген проблема жоқ. Түптеп келгенде, біз жастардың көзін ашу арқылы олардың ауыл шаруашылығына деген ынтасын оята алдық. Әйтпесе бізде сіздердегідей ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттің беріп жатқан тегін көмегі мен жәрдемі жоқ», дейді Олександра Бондарська.

Иә, атам қазақ «бармасаң, келмесең – жат боларсың» деген. Ал қазіргі замандағы барыс-келістің жөні мүлдем бөлек. Жылдам өзгеріп келе жатқан заманға ілесу үшін басқа елдерде болып жатқан жаңалықтарға зер салып отырудың берер пайдасы мол болады деген ойдамыз.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»