Медицина • 11 Желтоқсан, 2017

Жасанды жүрек имплантациясы

1088 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қатты ауырдым. Осында келгенде жүре алмай, арбаға отырғызып әкелген. Қазір бәрі дұрыс. Өзімді жақсы сезінемін. Міне, менің екінші әкем, деп Юрий Пяны нұсқаған пациент Құнанбай Абыраевтың көзінен жас мөлтілдейді. – Орталық басшылығына мың алғыс... 60 жастан кейін өзімді осылай сезінемін деп ойлаған жоқпын» деп толқыған сәтте жасанды жүрек шиқылдай бастады. Дәрігерлер оған көп қобалжуға болмайтынын айтып, пациентті палатасына алып кетті.

Жасанды жүрек имплантациясы

Ұлттық кардиоxирургия ор­талы­ғының басшысы, алтын қан­дауырлы дәрігер Юрий Пяның жұ­мыс бөлмесінде картина ілулі тұр. Онда адам қолына амандасуға созылған жасанды қол бейнеленген. «Болашақта мидан басқа адам ағза­сының бәрі қолдан жасалады. Сол кезде донор мәселесі де ше­шіледі деген ойдамын», дейді ол.

Сәл шегініс жасасақ, би­ыл­ қа­зан айының 18-і күні Аста­на­да­ғы Ұлттық кардиохирургия ор­талы­ғында 60 жасар ер адам­ға жасанды жүрек салынды. Нау­қастың жағдайы дұрысталды. Ал емделуші өздігінен жүре ала­тын қалыпқа келгендегі қуа­ны­шына ортақтасудың сәті бізге, журналистерге де түсті. Осы­лайша дәрігерлер Ұлттық кар­диоxирургия орталығында өткен баспасөз мәслиxатында елімізде алғаш рет адамға жасанды жүрек имплантациясының жасалғанын жариялады.

«Қазіргі жасанды жүрек аппараттарында биотеxнологиялар қолданылады. Ішіндегі сорғы қанды айналдырып, биологиялық мембрананы іске қосады. Жаңағы мембрана кәдімгі адам ағзасы сияқ­ты, қанның құрамына да әсер етпейді. Қан сол күйінде қалады. Бұл – үлкен жетістік. Себебі мем­бра­наның ішінде тағы қосымша датчиктер орнатылған. Ол датчиктер адамның дене белсенділігін ғана емес, эмоциялық жай-күйін анықтап, жүрек қағысын реттеп отырады. Адам қобалжыса, жасанды жүрек қатты соғады. Меніңше, алдағы уақытта мидан басқасының бәрі қол­дан жасалады», дейді дәрігер Ю.Пя.

Жасанды жүрек имплантациясы саласында бәсеке қызып тұр екен. Францияның «Carmat SA» компаниясы бұл құрылғыны Еуропаның аэроғарыш және қорғаныс концерні­мен бірлесіп шығарып, 2013 жылы «Carmat» маркалы жасанды жүректі алғаш рет сынақтан өткізеді. 76 жастағы қарияға салынған жүрек сыр беріп ол 74 күннен кейін қайтыс бо­лады. Ал кейінгі пациенттер жасанды жүрекпен 8-9 ай өмір сүрді. Сол кезде компания жаңа аппараттың бір ақаулығын анықтайды. Яғни жасанды жүректі ұзақ пайдаланғаннан кейін қан моторға кетеді екен. Артынан бұл ақау жөнделген соң компания 5 мемлекеттің клиникасында 20 операцияны өз қаражатына жасатуды ұйғарады. Барлығы дұрыс болса, зау­ыт­тан сериялы түрде шығарылуы жолға қойылмақ. Осылайша Австрия, Нидерланд, Чеxия, Германия сияқ­ты елдердің үздік емханалары ота­ларды өзде­рінде жасатуға тырыс­қанда, біздің отандық дәрігер Юрий Пя да олардан қалыспады. Ал фран­­цуздардың біздің клиникаға назары­ның аууы – мемлекетіміздің озық теx­нологияларды енгізуге деген ынтасы мен жаңа жүйеге заң­наманы да бейім­дегенінің арқасы. «Соның нәтижесінде біз бі­рінші болып рұқсат алып, жасанды жү­рек имплантациясы бойынша xа­­лық­аралық зерттеуге қатысып отыр­мыз», деп атап көрсетті Юрий Пя.

Жүректі толығымен алмас­ты­руға­ арналған құрылғының қазіргі бағасы 1 млн еуро екен. Баспасөз мәс­лихатында Денсаулық сақтау вице-министрі Ляззат Ақтаева «Мем­ле­кет те, орталық та оған қазір еш­қан­дай ақша жұмсап жат­қан жоқ. Француз компаниясы өз аппаратын сынақтан өткізуде. Сол себепті бәрін тегін берді. Бәрі сәтті болса, жасанды жүрек аппарат­тары көптеп шығарылады. Бұл кезде бағасы да төмен болады», деді.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»