Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2017

Дін туралы заңдарды жетілдіру арқылы ұлттық құндылықтарды қорғаймыз

671 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жақында елімізде «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша бірнеше заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданады. Жаңадан әзірленген құжат төңірегіндегі сұрақтарға жауап алу үшін Исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлын әңгімеге тартқан болатынбыз. 

Дін туралы заңдарды жетілдіру арқылы ұлттық құндылықтарды қорғаймыз

– Қайрат Жолдыбайұлы, «дін мемлекеттен бөлек» деп, ұзақ жылдар бойы «қазанды қақпақсыз қалдырдық». Артынан азаматтық-құқықтық қоғамды нығайту үшін дін мәселесін заңмен реттеуге көштік. Енді «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша бірнеше заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдағалы жатырмыз. Неге дін саласына қайта-қайта қайырылып кеттік?

– Діни заңдарға оқтын-оқтын қайырылып тұру, заңды жетілдіріп, өзгертіп отыру бүгінгі жаһандану кезінде мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі деп айтуға болады. Неге десеңіз, кеңес одағы құрамынан шыққаннан кейін бізде бұл саланы реттеу тәжірибесі болған жоқ. Елімізге жан-жақтан саулап әртүрлі ағымдар кірді. Оларды бір жүйеге бағындырып ұстауға біздің заң тетіктеріміз де білікті кадрларымыз да дайын болмады. Сөйтіп жүріп қабылдаған заңдарымыз жаһандану кезіндегі кейбір құбылыстарды қамти алған жоқ. Ал ешқандай шектеу болмаған соң түрлі деструктивті ағымдар кеңінен тарап, қоғамды іштей ірітуге көшкені баршаға мәлім. Осы тұрғыдан алғанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың дін мәселесін толық реттеп, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, өзіміздің мемлекеттік, ұлттық мүддемізге қызмет ететін дәстүрлі дінімізді қайта жандандыру үшін арнайы министрлік құрды. Оның басына Нұрлан Ермекбаев деген азаматты тағайындады. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің алдында тұрған үлкен міндет «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша бірнеше заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдап, дін мәселесін қамтитын заңдарды жетілдіру болатын. Бұл жоба  тиісті мамандар мен қоғам белсенділері тарапынан талқыланып, қазір, менің білуімше, Үкіметте жатыр. Жақын күндері  Парламент Мәжілісінің қарауына жіберілуі керек.

– Өзіңіз сол заң жобасымен танысып көрген боларсыз. Қандай ұтымды тұстары бар?

– Менің қолыма түскен заң жобасында атап өтуге тұрарлық біраз жақсы жаңалықтар бар. Мәселен, бізде «деструктивті ағым» деген сөз бұрын көп айтылатын. Бірақ бұл сөздің нақты анықтамасы заңмен бекітілмеген болатын. Бұл ұғым нені білдіреді – беймәлім еді. Нақты анықтамасы болмағандықтан, деструктивті ағым дегенде көп азаматтардың ойына атып жіберетін, жарып жіберетін, террорлық әрекеттерге бейім бір топтар оралатын. Ал шын мәнінде қоғамға іріткі салу қару-жарақ пен қара күштің қатысынсыз, пікір түрінде де жүзеге аса береді. Яғни идея түріндегі терроризм де болатынын заң көп ескермеген болатын. Ескерсе де нақты тетіктері жоқ еді. Мәселен, ата-бабаларымыздың жолын, салт-санасын мансұқтап, тарихи тұлғаларға тіл тигізіп, мәдени құндылықтарға шүйлігіп, «Шәкәрім шатасқан», «Абай адасқан», «Яссауи - бұқараның еврейі» деген секілді пікірлерімен ұлттық құндылықтарды жойғысы келетіндер өз азаматтарымыздың арасынан бой көрсете бастады. Онымен қоймай, беташар, тұсаукесер секілді ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді теріске шығарып, Наурыз мейрамын отқа табынушылардың мейрамы деп, мемлекеттік деңгейдегі мерекеміздің мәнін жойғысы келгендер де болды. Мұның бәрі аз қазағымызды іштей екіге жарып, елге іштей іріткі салуға апаратын әрекеттер еді. Міне, осы тұрғыдан алғанда жаңа заңның бір ерекшелігі - деструктивті ағым деген сөзге толық анықтама беру арқылы, пікір түріндегі терроризмді тоқтатуға қадам жасалып отыр. Заң жобасында ол: «Деструктивті діни ағым – адамның және азаматтың қорғалатын құқықтары мен бостандықтарына қатер төндіретін, имандылық негіздерді, рухани және мәдени құндылықтарды әлсіретуге немесе бұзуға бағытталған діни көзқарастар, идеялар немесе ілімнің жиынтығы» деп көрсетілген. Осы жердегі «Имандылық негіздерді, рухани және мәдени құндылықтарды әлсірету» деген сөздер көп нәрсені қамтиды.

– Бұл заң жобасы сонда ұлтты сақтау үшін енгізіліп отыр, ұлттық құндылықтарымызды қорғауға бағытталған деп айтуға бола ма?

– Әрине. Ұлттық құндылықтарымызды бұзуға бағытталған кез келген идеяға, сөзге және әрекетке енді жол берілмейді. Осы аталып отырған анықтаманың өзі біздің талқылап отырған заң жобамыздың ең үлкен артықшылығы деуге болады. Жалпы жаһандану қазіргі күні дінге де өз ықпалын тигізіп отыр. Ғаламтор ашық, әр түрлі пікірлер жан-жақтан тасқындап келіп жатыр. Мұндайда біз заң арқылы да өз дінімізді, ұлтымызды, ұлттық құндылықтарымызды қорғауға тиістіміз деп ойлаймын.

Заң жобасындағы ерекше тоқталуды қажет ететін екінші мәселе, қазіргі кезде әсіресе батыс өңірлерде әр түрлі діни идеологиямен жас жеткіншек қыздарымызды алдап-арбап өздерінің қолжаулығына айналдырып отырған топтар бар. Біздің қолымызда қазір сондай діни ағымдардың шырмауына түсіп, бес рет, тіпті он рет некеде болған, деструктивті діни ағымдардың Құрбанына айналған қыздарымыз жайлы деректер бар. Онда көбіне қыз баланың басын айналдырып, санасын улап, жасырын жерде некесін қидырады екен. Сөйтіп, бес-алты ай тұрғаннан кейін талақ қылып, бос жібереді де, келесі адамға сыйлай салады. Ол тағы да жасырын жерде неке қиып, біраз уақыт ойыншық қылады. Одан келесіге сыйға тартылады. Осылай тіпті он жеті рет некеде болған қыздарымыз да бар.  Міне, осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін жаңа заңға мынадай талап қосылып отыр: «Некені қию немесе тоқтату бойынша (ерлі-зайыпты болуды) діни жоралар мен рәсімдерді ғибадат үйлерінен тыс жерлерде жүргізуге жол берілмейді». Яғни, бұдан кейін неке қию рәсімі тек қана мешіттерде жүргізіледі және ол арнайы куәлікпен расталып, тіркелетін болады. Басқа жерде қиылған жағдайда да, қиған да, қидырған да заң алдында жауап береді. Бұл неке алдындағы жауапкершілікті арттыру, қыздарымыздың әркімнің қол жаулығына айналуының алдын алу үшін жасалып отыр. Бұл да сәтті қойылған шектеу, орынды заң талабы деп есептеймін.

Үшінші мәселе, миссионерлерге қатысты. Мұндай бап қазіргі қолданыстағы заңда да бар. Бірақ біршама күшейтілген. Яғни, елімізде дін уағыздағысы келген адам міндетті түрде заңды діни бірлестікке тіркелген, қолында рұқсат құжаты бар адам болуы тиіс. Бұдан былай көлденең көк атты бес-алты діни кітап оқып алып,  ел алдында уағыз айтуына жол берілмейді. Бір кездердегідей бұрыш-бұрышта, жертөледе елді жинап алып, уағыз айтатын адам қолында миссионер ретінде тіркелгені туралы куәлігі болмаса, жауапқа тартылады. Бұл дегеніміз мұсылмандарға қатыстылығы тұрғысынан алғанда бұдан кейін мешіт имамдары мен діни басқармаға тіркелген уағызшылар ғана діни қызмет жасай алады деген сөз.

– Қарапайым азаматтардың, әсіресе жастардың көбі белгілі бір діни ағымның ықпалына аңдаусыз түседі емес пе? Көбі мына ағымға кірейінші деп қосылмайды ғой.

– Ол рас. Мысалы, бізде діни басқармаға тіркелмеген, ешкім танымайтын бір азаматтар қарапайым елді жинап, тіпті бір ұшақ жалдап тегін Мекке Мәдинаға алып барып, сондағы он күннің ішінде уағыз айтып, миларын улап, салафит қылып әкелген жағдайлар көп кездеседі. Ондай оқиға аз қайталанған жоқ. Заңда шектеу қойылмағандықтан, ешкім оларды қадағалай алмады. Сондықтан, мен заңның миссионерлікке қатысты тұсына: «Қазақстан азаматтарына мейлі Қазақстан аумағында, мейлі шетелде болсын, миссионерлік статус алмаған азаматтар уағыз жүргізе алмайды» деп қатайту қажет деп есептеймін. Өйткені, мына заң жобасында  ел аумағындағы уағызға шектеу бар да, шетелге шығарып, жаңағыдай үгіттеуге бөгет жоқ.

– Яғни, бұл сіздің заңға қосар ұсынысыңыз.

– Иә.

– Жөн. Алда Парламент Мәжілісінде заң жобасы қаралып, қабылданғанға дейін бұл  сөз қаперге алынады деп сенеміз. Осында тағы бір сұрақ туып отыр. Кейде қарапайым ел үйінде жәй ғана қонақасы беріп, құран оқыту үшін мешіттен адам шақыртып жатады. Сондайда мешітте техникалық қызметкер болып істейтін азамат та молда болып барып, құран оқып, шама-шарқынша уағыз айтып отырады. Бұл дұрыс па?

– Ондай кездер  болды. Бірақ қазір мешіт қызметкерлері діни басқарманың таңдауымен қойылған. Бұрынғыдай емес, діни мамандар да жеткілікті. Сондықтан, бұл мәселе бақылауда деп айтуға болады.

– Қайрат Жолдыбайұлы, қазіргі талқылаудағы діни заңда көпшіліктің назарын аударып отырған ең үлкен мәселе киім үлгісіне қатысты. Киімнің қандай да бір түріне шек қою адам құқын шектеу емес пе?

– Иә, қазір ел арасында «қазіргі діни заңда орамал тағуға үзілді-кесілді тыйым салынады екен» деген пікір айтылып жүр. Бірақ ол қате. Заң жобасында бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге ғана шектеу қойылған. Бұл талап бұзылған жағдайда алдымен ескерту беріледі немесе елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал әкімшілік шара қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде азамат осы заң талабын тағы да бұзса, жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Демек, бізде ниқап, паранжа киюге тыйым салынады. Өйткені, бұлар адамның бет-әлпетін тануға мүмкіндік бермейтін киім үлгілері. Ол айналаға үрей тудыруы мүмкін. Басқа да қауіп-қатерге апарып соқтыруы мүмкін. Сондықтан, бұл адам құқын шектеу емес. Қоғам – баршаға ортақ. Оның ортақ заңы, өз құндылықтары болуы керек.

Киімге қатысты тағы бір қолдайтын мәселе, деструктивті діни ағымдарға қатыстылығын көрсететін сыртқы атрибуттарды қоғамдық орындарда киюге және таратуға заңмен тыйым салынып отыр. Деструктивті ағымдарға қатыстылықты білдіретін киім, ол не? Балақты қысқарту, қалай болса солай сақал жіберу, қап-қара киіну, бет-аузын тұмшалап алу, тағы басқа. Белгілі бір сараптама қорытындысы бойынша, азаматтың киімі деструктивті ағымға қатысты деп анықталса, ол адам жауапқа тартылатын болады. Өйткені, мұндай белгілер де айналадағы адамдарға үрей тудыруы мүмкін.

– Әңгіме басында сіз заң жобасын «ұлтты сақтауға бағытталған заң» деп атап өттіңіз. Бүгінгі күні ұлтты іштей ірітуге жұмыс істейтін ағымдарға тағы қандай шек қойылған?

– Сөз ретімен өзім де тоқталғалы отырғанмын. Заң жобасының басқа баптары бір төбе де, 7-тармағы бір төбе. Мұнда: «Заңды діни қызметкерге кедергі келтіруге, дінге көзқарасы себептері бойынша жеке және заңды тұлғалардың азаматтық құқықтарын бұзуға немесе дінге сенушілердің және дінге сенбеушілердің сезімдері мен қадір-қасиеттерін немесе құдайға құлшылық етуді, діни жоралар мен рәсімдерді орындауды қорлауға, қандай да бір дінді ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді» делінген. Яғни, қанша сөз бостандығы болса да, әр түрлі ағым өкілдері мешітке барып, уағыз айтып отырған имамның сөзін бұзып, өз идеясын, өз пікірі мен ұстанымын тықпалап, бүлік шығаратын болса, заңмен жазаланады. Бұл исламды балақ пен сақалдың деңгейіне түсіріп, дінді сыртқы пішінмен ғана шектеп, діндарлықты жаттанды шаблондармен сөйлеу деп түсінетіндерге әжептеуір әсерін тигізетін еді. Тіпті, дін ұстанбайтын атеист адамға ешкімнің «сен кәпірсің» деуге хақысы жоқ. Өйткені, кім кімнің де діни ұстанымы мен көзқарасын қорлауға жол берілмейді. Бұған дейін бізде  діни сенімді қорлап, «сенің жолың дұрыс емес» деп, әлдеқалай тіл тигізіп жатса да, ешкім қой дей алмайтын. Ең қуанарлығы, өзінің діни көзқарасын біреуге таңып, біреудің діни қастерлі орнын бұзуға, күйретуге бара алмайды. Ал бізде қазірге дейін әулиеағашты өртеп жіберу, молаларды бұзып, зират басындағы қабірді қирату жағдайлары болды. Тіпті ғаламторда түркі әлеміне ортақ ең бір қастерлі тарихи-мәдени ескерткіш - Яссауи кесенесін қирату керек деген секілді пікірлер де айтылған кездер бар. Заң қабылданса, осындай бассыздықтарға жол берілмейтін болады.

Сөз соңында, заң жобасына қатысты тағы бір пікір білдіргім келеді. Жобада он алты жасқа дейінгі жас жеткіншектер мешітке барып, ілім үйренгісі келсе, ата-анасының немесе жақындарының біреуі міндетті түрде жанында жүруі керек деп көрсетілген екен. Менің ойымша, бұл іс жүзінде орындалуы қиын нәрсе.

Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Асхат Райқұл

«Егемен Қазақстан»