Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2017

Киелі орындар құнды қағаздардан көрініс тапса

615 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Рухани жаңғырудың ұстыны саналатын, мәдени мұраға жататын тарихи ескерткіштер мен ұлттық құнды­лықтарды насихаттаудың түрлі жолдары бар. Соның біріне толығырақ тоқтала кеткім келеді. 

Киелі орындар құнды қағаздардан көрініс тапса

Таяуда әлеуметтік желілерде және ақпарат құралдарында Ұлттық банк таныстырылымын өткізген 500 теңгелік жаңа банкнотқа қатысты қызу пікірталастар жүрді. Оған қатысты қаржылық реттеуші орган ресми түсініктеме беруге де мәжбүр болды. Жаңа 500 теңгелікте кескінделген елордадағы «Москва» коммерциялық бизнес орталығының бүкіл Қазақстан үшін еш символдық мәнінің жоқтығы сөзсіз. Бүкіл әлемде ұлттық валютада таңбаланатын бейне символдық мәнге ие болып табылады. Сондықтан оған қоғам да, орталық банктер де бейжай қарамайды. Мұны дамыған елдер тәжірибесінен де байқауға болады. Тіпті көрші Ресейдің өзі биыл айналымға түсетін 200 және 2000 рубльдің жаңа банкноттарында не кескінделу керектігін бүкіл Ресей бойынша жүргізілген ашық конкурс пен дауыс беру арқылы таңдап алды.

Сондықтан мұндай маңызды істі Ұлттық банк дизайнерлерінің жеке таңдауына ғана тас­тамай, қоғамдық талқыға шығарған маңызды. Осыған орай Елбасы жариялаған «Рухани жаңғыру» стратегиясы ұлттық валютада да көрініс бергені жөн деп санаймын. Және бұл теңгеміздегі жазуларды кейін тек латын графикасына көшірумен ғана шектелмеуі қажет. Сонымен қатар ұлттық валютада барша қазақстандықтар, сондай-ақ күллі түркі дүниесі қасиет тұтар киелі жерлер көрініс тапқаны абзал.

Оларды алыстан іздеудің немесе интер­неттен қараудың қажеті жоқ. Олардың бәрі, соның ішінде фотодеректер рухани жаңғыру аясында қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында жинақталуда. Таңдау өрісі де кең. Ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қазірдің өзінде 100 жалпыұлттық және 500-дей өңірлік мәдени ескерткіштерді іріктеп алғаны мәлім.

 Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында олардың бастылары қатарында Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтай­дағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді жатқызды.

Бұл ретте президенттік жобадағы «халқы­мыз­дың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негі­зін құрайтын» таңдаулы киелі орындарды кезек-кезекпен ұлттық валютада бейнелеу – оларды барша Қазақстан халқына, жас ұр­пақ­қа және елімізге келер шетелдік турис­тер мен мәртебелі меймандарға, сондай-ақ жаһан­дық коллекционерлер арасында наси­хат­таудың бір мүмкіндігі болары сөзсіз. Сон­да бұл қазақстандықтарды, әсіресе жас өскін­дерді патриоттық тәрбиелеуге, киелі орын­дарға деген құрметке баулуға үлес қосады. Бұдан бөлек, бұл қадам киелі жерлерді әлем жұртшылығының назарына іліктіріп, отан­дық туризмге серпін беруге ықпал етер еді. Жауап­ты тұлғалар осыған көңіл бөлсе, бұл да рухани жаңғырудың бір бастауына айналары анық.

Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты