Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2017

Оффшордағы ақша қайтарылуы керек

494 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда болған «Жаңа индус­трия­лан­­дыру: қазақстандық барыс­тың қадамы» атты ұлттық телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ­стан­­дық ресурстардың арқасында тап­қан қаражаттарын шетелдерде жинақ­тайтын бизнесмендердің ісін қатты сынады. Бүгінгі таңда отандық 18 компания шетелдерде 12,5 млрд дол­ларға жуық қаражаттарын ұстап отыр екен. Президент Үкімет басшысына оларды елге қайтаруды тапсырды. Соны­мен қатар Елбасының сөзіне қара­­ғанда, мемлекеттің қарамағына қа­рай­тын компаниялардың өзі үсті­міз­дегі жылдың алғашқы жартысында сырт­та сақтайтын қаражаттарын 2 млрд-тан 6 млрд долларға дейін өсірген.

Оффшордағы ақша қайтарылуы керек

Осы мәселелерді айтып отырған себебім, біз де оны көптен бері айтып келе жатқан едік. Елбасы АҚШ-та, Англияда оффшорлық есепшот­тар­ды ашып жатқанын айтты. Егер бұл ақшалардың шығу тегі күмәнді болса, оларды қолдануға болмай­ты­нын бизнесмендер біле тұра қара­жат­тарын шетелдерде қалдырып отыр. Президент осы жолғы өзінің сөзінде: «Біз легализация жүргізгенде бар­лық активтеріңді елге әкеліңіздер дедік. Оларды ешкімнің де тартып алмайтынына кепілдік бердік. Үш рет легализация болды, ешкімнің де байлығын тартып алған жоқпыз. Ал енді қаражаттарыңызды шетелде сақтай беретін болсаңыздар, олардан айырылып қалуларыңыз мүмкін», деп ашық айтты.

Бұл мәселенің бізді де толған­дырғанына көп болған. Сондықтан осы­дан бір ай шамасы бұрын Мәжі­лістегі «Ақ жол» демократия­лық партиясы фракциясының атынан Премьер-Министр Бақытжан Сағын­­таев пен Бас прокурор Жақып Асанов­тың атына депутаттық сауал жолдаған едік. Онда біздің партия­мыз сыбайлас жемқорлыққа және капиталды оффшорлық зоналарға шығаруға қарсы күресті өзіміздің басымдығымыз етіп алғанымызды айт­қанбыз. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік органдардың алдында бірнеше рет көтердік. Атап айтқанда 2013 жылдың 25 қыркүйегінде, 2014 жылдың 16 сәуірінде, 2015 жылдың 13 мамырында, 2016 жылдың 11 мамырында осы мәселелерді айтып, депутаттық сауалдар жолдадық.

Біздің партиямыз тіпті, еуропалық саяси партиялар мен депутаттардан және Оңтүстік-Шығыс Азия ел­дерін­дегі әріптестерімізден Қазақ­стан­нан ұрланып, оффшорларда жасырынып отырған қаражаттарды елімізге қайтаруға көмек берулерін де сұрадық. Еуропарламенттің парламентаралық ынтымақтастық тобының отырысында да осы мәселені көтердік.

Әрине, елден заңсыз шығарыл­ған ақшаның бәрі қылмыстық жолмен табылғандар екені айдан анық. Мәселен, біздегі бір мемлекеттік ком­­­па­ния медициналық жарақтарды қазақ­­­стандық бағадан 4 есе артық құ­ны­на Маршалл аралдары арқылы ақ­ша­ларын аударып алғанын біздің Есеп комитеті анықтады. Мұн­дай «ашық ауыздық» өз қалталарына түсетін қомақты үлесті ескеру арқылы жасалатыны сөзсіз. Сондықтан да осындай операциялар арқылы түсіріл­ген қаражаттар Қазақстанда көр­сетілмей, шетелге ағылады. Олар еш­қашан да Қазақстан экономикасына қызмет етпейді, инвестиция ретінде құйылмайды.

Біз халықаралық «Tax justice network» халықаралық ұйымының деректерінен Қазақстаннан оффшор­ларға ағылған капиталдың көлемі 20 жылда 140 млрд АҚШ доллары көлеміне жеткенін білдік, ал бұл біздің жылдық ІЖӨ-ге парапар сан. Тіпті мұны біздің мемлекеттік органдар да біліп отыр. Бас прокуратураның 2016 жылғы мәліметінде оның соңғы 10 жылдағы көлемі 100 млрд АҚШ долларына жеткені айтылды, ал бұл аталмыш халықаралық ұйымдікімен салыстырғанда көп емес, тіпті артық, өйткені алдыңғылар 20 жылдың деректерін айтып тұр.

Қазақстан Республикасының Ұлт­тық банкі елімізден соңғы 10 жылда сыртқа тура инвестиция түрінде ағылған қаражаттың көлемі 113 млрд доллар­ға жеткенін айтты. «Forbes Kazakhstan» дере­к­теріне қараған­да, соның 58,5 млрд доллары оффшор­ларға құйылған. Мұ­ның өзі заңды түр­де, шығарылған сома, ал жасырын, қыл­мыстық жолмен ағылып жатқан қара­жат көлемі қанша екенін ешкім де білмейді.

«Ақ жол» фракциясының депу­тат­тары заңсыз шығарылып жатқан қара­жаттарға тоқтау салуды, капи­талдың сыбайластық жолымен сыртқа ағылуын тоқтатуды, экономиканы де-оффшоризациялауды талап еткен депутаттық сауалдарына істеліп жатқан жұмыстар туралы үнемі опти­мистік нотадағы жарқын жауаптар алып келді. Бірақ іс жүзінде істел­ген жұмыстар еш нәтиже бермеген сияқ­­ты. Ақыры бұл мәселе Мем­ле­кет бас­­­шысына да жетіп, оны да толған­ды­рып отыр. Егер осыған дейін тиісті орган­дар біздің сауалдарымызға сәй­кес тиім­ді күрес жүргізген болса, сыртқа ағы­латын қаражатқа бір тыйым болар еді. Әрине, олар мүлде жұ­мыс істемеген деп айтпаймыз, бірақ жұ­мыс нәтижесін арттыра алатын маман­дарды бұл іске жаппай тарту керек сияқ­ты. Енді, Ел­басының талабынан кейін бұл істің нәтижелі боларынан үміт­тіміз. Сайып келгенде сыртқа ағыл­ған байлықтың бәрі Қазақстан халқынікі ғой.

Азат ПЕРУАШЕВ,
Мәжіліс депутаты, 
«Ақ жол» ДП фракциясының жетекшісі