Үкімет • 12 Желтоқсан, 2017

Елімізде санитарлық талаптар жеңілдеді

387 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәсіпкерлерді тексеруді азайту, бизнеске қолайлы жағдай жасау мақсатында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау нормалары мен ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл туралы кеше Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Берік Шәріп айтты.

Елімізде санитарлық талаптар жеңілдеді

Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінде құрылған жұмыс тобы биылғы мамыр айынан бастап 66 санитарлық талапқа арнайы ревизия жүргізіп, 29 ережені қолданыстан алып тастаған. Тағы 29 санитарлық қадағалау нормасына өзгерістер енгізген. Бұл өзгерістердің көбі бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау, кедергілерді азайту мақсатында туындап отыр. «Денсаулық сақтау нысандарына арналған 34 тармақ ескірді деп танылып, қолданыстан алынды. Бұған қоса 12 тармақ ырықтандыру мақ­сатында қайта қаралды. Осы­лайша, санитарлық талаптарды оңтай­ландыру медициналық нысандар құрылысын тұрғызуға кетет­ін шығындарды 30 пайызға қыс­қартты. Сондай-ақ жер телімі ауқы­мын 30-50 пайызға азайтуға мүм­кіндік берді. Оның сыртында зертха­на­ларды қадағалау талаптарына да өзгерістер енгізілді», деді Б.Шәріп.

Санитарлық талаптарға енгізілген өзгерістерге сәйкес, биылдан бастап супермаркеттер, ірі сауда нүктелері ерекше тексерілуге жататын нысандар тізімінен алынды. Осы нысан аумағында орналасқан кондитерлік цехтар, наубайхана да жеке тексерілу нысаны болып есептелмейді. Бұрын бұл өндіріс ошақтары санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мамандары тарапынан жылына бір рет міндетті түрде тексеріліп келген. «Аталған объектілер бұрын ерекше тексерістен өтетін. Ал қазір жаңа талаптарға сәйкес олар «қаупі жоғары» нысандар қатарынан «қаупі төмен» объектілерге өтті. Демек, супермаркеттер бұрынғыдай жиі тексерілмейді. Ал егер онда пайдалану мерзімі өткен өнімдер сатылған жағдай тіркелсе немесе тұтынушылар тарапынан арыз-шағымдар түссе, сонда ғана тексеріледі әрі сауда орындары кемшіліктерді жойғанға дейін айрықша тексерілетін аумаққа кіреді», деді Б.Шәріп.

Ол, сондай-ақ Қазақстанда меди­циналық ұйымдардың қыз­мет көрсету сапасына да арыз-шағым­дар аз еместігін айтты. Қалалар мен өңірлерде құрылған call-ор­та­лықтарға келіп түсетін қоңы­рау­лардың 90 пайыздан астамы анық­тамалық сипатта болса, кебіреуі шағым ретінде де тіркеледі. Олардың 40 пайызы дәлелденіп, тиісті шаралар қолданылады екен.

Санитарлық-эпидемио­ло­гия­­лық қадағалау мамандары жұрт­шы­лықтың арыз-шағымы бойынша медициналық ұйымдарды да тексереді. Емделушінің құқы ерекше бұзылған жағдай анықталса, онда материал жергілікті ішкі істер органына жіберіледі немесе сол мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»