Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2017

Шынболат шындығының шырағдандары

518 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда Сәтбаев қаласы айтыс ақтаңкері, танымал жыршы-термеші Шынболат Ділдебаевтың 80 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Алдымен, «Шындық» жинағының тұсаукесерін өткізіп, одан кейін «Текті сөздің төресі – терме» атты республикалық жыршы-термешілер байқауын ұйымдастырған. Еске алу кешін ерекшелеген әрине, Шынболат Ділдебаев атындағы «Ұлы Дала үні» республикалық жас ақындар айтысы болатын. 

Шынболат шындығының шырағдандары

Мемлекет басшысы ұсын­ған «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы талаптарымен мей­­лінше үндес болмыстағы айтыс аламанында елдің әр ай­мағынан және Қытай Халық Республикасынан сайдың тасындай іріктеліп келген, «сен тұр, мен атайын» дейтіндей сүбелі сөздің майын тамызған 14 жас ақын бәсеке көрігін қыздырды.

Жыр додасының ашылу рәсімінде айтыс ақындары мен көрермен қауымды қала әкімі, «Нұр Отан» партиясы қа­лалық филиалының төрағасы Асқар Ыдырысов, қоғам қай­раткері Әлихан Бәйменов, ай­тыс­қа төрелік етуші қазылар алқасының төрағасы, белгілі жыр жүйрігі Аманжол Әлтаев құттықтап, сөз сөйледі. Осы орайда, қазылар алқасының құрамында елге етене таныс айтыс ақындары Төлеген Жаманов пен Өміржан Көпбосынов, кенші-ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұса Тілеуов, ақын-журналистер Абдолла Дастанов пен Ізтөлеу Түсіпов болғанын айта кеткен жөн.

Екі күнге ұласқан жыр додасында жас ақындар Шын­болаттың ізімен шындықты шы­райын енгізе отырып шыр­­қады. Айтыс барысында Шын­­кеңнің ұлттық өнер түр­лерін өркендетуге қатысты өлшеусіз еңбегі мен дара тұлға ретіндегі қадірі мен қа­сиеті де әдемі әспеттелді. Бір сөзбен түйіндесек, әр ақын­ның өзіне тән таным-түй­сігінен туындаған оралымды ойлар мен маржан сөздер тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Жандарын жадыратып, бір­шама қауымның санасына сәуле құйды. Нәтижесінде Шын­болат Ділдебаевтың әулеті тағайындаған арнайы жүл­делерді тараздық Рай Дөң­бай, ұлытаулық Мұқағали Сейт­қазы,  жаңаарқалық Медет Нұр­ланұлы және Сәтбаев қала­сының намысын қорғаған Жеңіс Тілекенов иеленді. ІІІ орынға тиесілі әрқайсысы 100 мың теңге көлеміндегі екі жүлдені жезқазғандық Жо­ламан Мағ­зұмов пен пав­лодарлық Нұр­қанат Қай­рат өзара бөлісті. Тараз қала­сынан келіп, тыңдар­манды тәмсіл тұнған тамаша жырымен тамсандырған ару ақын Аруна Керімбек ІІ орынды еншілеп, 300 мың теңге сый­а­қыны алды. І орынға лайықты түрде қол жеткізген қытай­лық қандас қарындасымыз Сұлужан Таубалдының сұлу өлеңдері мен қазақ қызына тән ибалы мінезіне, тауып айтар және төңірегін түгендеп айтар тапқырлығына тәнті болған көрермен оған сомасы 400 мың теңге құрайтын жүлде тапсырылар сәтте ыстық ықыласын танытудан аянып қалмады. Ал, Бас жүлдені (600 мың теңге) жеңіп алған ақтөбелік дүлдүл ақын Данияр Алдабергеновтің саңлақ сөздеріне айтысқұмар қауым екі күн бойы мейірлене қол соққаны анық еді. Бұдан бөлек, ұйымдастырушылар тарапынан жүлдеге ілікпеген ақындарға 40 мың теңгеден сыйақылар берілді.

Қаладағы ұлттық өнер орта­лығының жетекшісі Гүл­сім Дәуіт сахнада жасындай жарқылдаған Сұлужан Таубалдыға көрермен ықы­ласының айғағы ретінде қолдан құйылған күміс жүзік тарту етті.

Айтыстан кейінгі ауызекі талқылаулар кезінде жұртшылық қазылар алқасының әділдік жалауын жықпай, ақындарға қапысыз баға бергенін айтып жатты. Шынтуайтында, соңғы шешім киелі өнер сайысына төрелік жасаудың төресіндей болды.

Айтысты қорытындылау сәтін­дегі өз лебізінде қала әкімі Асқар Ыдырысов жыр жүй­рік­тері додасының жыл сайын дәстүрлі негізде өткізіліп тұра­тынын мәлімдеді.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,

Сәтбаев қаласы