Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2017

Атырауда «Ұлы Дала мұрагерлері» атты оқушылардың шығармашылық есебі өтті

375 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Тәуелсіздік күніне арналған «Ұлы Дала мұрагерлері» атты оқушылардың шығармашылық есебі өтті. 

Атырауда «Ұлы Дала мұрагерлері» атты оқушылардың шығармашылық есебі өтті

Шара Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында оқушылардың жетістіктеріне арналған көрмеден басталды. Химия, биология, физика, математика сынды ғылымдарды игеруде арнайы жобаларды жасақтап отырған балалардың жұмысы қойылған көрме көп­шіліктің қызығушылығын ту­дырды. Топырақты мұнай қал­дықтарынан тазарту, жалынды микротолқын әдісімен өшіру, арзан электр көзін алу және будан су тамшыларын жинайтын қондырғылар жасау секілді ғы­лыми жобаларды мектеп оқу­­шылары дайындаған. Саз жә­не қыштан бұйымдар жасау, то­қыма және тігін шеберханасы, ағаш-металл және плас­тик материалдар­мен жұмыс үйір­месі, бейнелеу, киіз және жүн өнімдерімен айна­лысатын оқушылардың туын­дылары да көрмеден орын тапты.

«Ұлы Дала мұрагерлері» атты оқушылардың шығармашылық есебіне арналған гала-концертте мектептің хор ұжымы, хореография, домбыра, актерлік шеберлік үйірмелеріне қатысушылар өнер көрсетті. Құрамында жүзден астам оқушы бар домбыра ор­кестрі бір мезгілде Құрманғазы күйлерін орындаса, мектептің көлеңке театры «Мәңгілік Ел тарихы» атты қойылымда еліміздің негізгі тарихи оқиғаларын көр­сетті.

Назарбаев зияткерлік мектеп­теріндегі әлеуметтік жобалар, атап айтсақ «Екі апта ауылда», «Ата-ана жұмысында 10 күн», «Баланы жұмысқа жетеле» сын­ды оқушылардың жазғы әлеу­меттік тәжірибелерінің орын­далуы да көпшілік назарына ұсы­нылды.

– Тәуелсіздік мемлекеттегі әр саланың өз алдына дамып, ға­ламдық өзгерістерге бейім­деле отырып қалыптасуына зор мүм­­кіндік берді. Соның бірі – ұлт­тық білім беру саласы. Мем­лекет басшысының қол­дауы­мен ашылған Назарбаев зият­керлік мектептері, сөз жоқ, тәуел­сіздіктің жемісі. Сапалы білім берудің отандық флагманы ретінде өзге білім беру ме­ке­мелерін алға жетелейтін, жаратылыстану және математика бағытындағы ғылымды игеруде көш бастап отырған зияткерлік мектептер желісінің құрылғанына 10 жыл толады. Ал Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жұмысы бесінші жылға аяқ бас­ты. Аталған мерзім ішінде өңірдегі Елбасы мектебінің жет­кен жетістіктері, табысы көп, – дейді мектеп директоры Айдар­бек Айтпукешов.

Қазір мектепте 700-ден астам оқушы халықаралық стандарттар негізінде білім алып жатыр. «Барлық оқушы табысты болатын мектеп!» деген ұранды басты ұстанымына айналдырған білім ордасы биыл Нидерландтағы Халықаралық мектептер кеңе­сінің аккредитациясынан сәтті өтті.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Соңғы жаңалықтар