Әдебиет • 12 Желтоқсан, 2017

Батырлар туралы баяндайды

4439 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жас ұрпақты рухани тәр­бие мен қай­сар­лыққа баулуда батыр ба­баларымыз­дың ерлігі мен өрлігін үлгі етуден асқан құрал жоқ. Олардың өмір жолдары тарих беттерінде кейінгіге өлмес өнеге болып өрі­ліп жатыр. Жуырда белгілі қаламгер Кеңес Оразбекұлының құрастыруымен «Қазақ­тың алпыс батыры» атты су жаңа кітап жа­рық көрді. 

Батырлар туралы баяндайды

Суретті түсірген автор

Оқырман қауымға жол тартқан «Қазақтың алпыс батыры» жинағында елімізді жоңғар, қалмақ шапқыншылығынан, орыс, қытай отаршылдығынан, Қоқан, Бұқар әмірліктерінің билеп-төстеуінен құтқарып, азат еткен арда бабалардың өнегелі өмірі мен олар жайлы бізге жеткен аңыз-әңгімелер қамтылған. Әсіресе XVII-XIX ғасырларда өмір кешкен батырлардың жанқиярлық ерліктері жайында ел аузында қалған есті әңгімелер кітапта кеңінен көрініс табады. Сондай-ақ батырларға қатысты тарихи мәні бар деректер де назардан тыс қалмаған. Аты Алаштың айбарына айналған хан Абылайдан бастап Ағыбай, Ер Жәнібек, Барақ, Жалаңтөс, Қабанбай, Қангелді, Қарасай, Райымбек, Сұран­шы, Сыпатай сынды өз дәуірін дүркіреткен баһа­дүрлермен қатар есімі елге беймәлім батыр­ларға қатысты тың деректер мен олардың ерлік жо­рықтары туралы көптеген мәліметтер айтылады.

– Халық батырлары жайындағы аңыз-әңгі­мелерді өз басым жиырмашақты жыл көле­мінде жүйелеп жинастырып келемін. Кітапта қазақ батырлары туралы аңыз-әңгімелерді топтастырып, әрқайсысының өмірбаян деректерін беріп қана қоймай, әрбір батырға арналған эпиграммаларды да мейлінше ұсынуға тырыстық. Кітаптың жарық көруіне қолдау танытқан Алматы облысының әкімдігіне айтар алғысым шексіз. Келешекте бұл кітапты толықтырып, «Қазақтың жүз батыры» деген атпен қайта шығарсақ деген ниетіміз бар, – дейді Кеңес Оразбекұлы.

Екі мың данамен шығып отырған танымдық туындының 1200 данасы Алматы облысының барлық кітапханаларына тегін таратылған. Бұл тарих пен тағылымды биік қоятын оқырмандар үшін орны бөлек олжа болып отыр. Көбіне-көп балалар тақырыбына қалам тербеп жүрген қаламгердің «Жыл басы қалай анықталады» атты ертегі кітабы жуырда ғана Корея мемлекетінде 25 мың тиражбен жарық көрген болатын. «Ал­дағы уақытта бұл кітап қазақ, орыс, корей, ағыл­шын тілдерінде қайта басылмақ» дейді автор. Шетелдіктер автордың жас оқырмандарға арнал­ған өзге де бірқатар шығармаларының кітап болып басылуына қолдау білдіріп отырған көрінеді.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ